7 қараша (сәрсенбі)
Кітапхана қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу бойынша іс-шаралар жоспары аясында «Латын әліпбиі – болашаққа қадам» атты ақпараттық сағатын ұйымдастырады. Ақпараттық сағат ҚММУ жанындағы Медициналық колледж базасында өтеді.
Медициналық колледж
14 қараша (сәрсенбі)
«Дауыстап оқу» акциясына қатысуға шақырамыз. «Дауыстап оқу» акциясы - бір топ адамның белгілі бір шығарманы оқып және оқығанды талқылау .
Акция мақсаты – кітап оқуға бейімдеу, қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын тануда зерттеушілік қызығушылықтарын дамыту, өскелең ұрпақтың патриоттық және интеллектуалдық-рухани дамуын жетілдіру.
2018 жылы Сәкен Сейфулиннің шығармаларын оқуға ұсынамыз.
2 қабат, конференц зал
15 қараша (бейсенбі)
"Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ..." атты дәстүрлі VІІI Қасым Аманжолов оқуларына шақырамыз. 2018 жылы Қасым Аманжолов оқулары республикалық деңгейде өтеді.
Байқау келесі номинациялар бойынша өтетін болады:
- " Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы...» " - ақынның шығармаларын жатқа оқу.
- " Дүниеге келер әлі талай Қасым " – жас дарындардың дауылпаз ақынға арнаған өз шығармалары.
3 қабат, оқу залы
19 қараша (дүйсенбі)
1 желтоқсан – «Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні» болып ресми түрде жарияланды. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында Елбасымыз Қазақстанды халықаралық аренада жаңа деңгейге көтерді.
Еліміздің жоғары заң шығарушы органы мұндай шешімді ең алдымен Қазақтан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен байланыстырады. Дәл осы 1 желтоқсанда, алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда егемен Қазақстанның негізін салушы - Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Ол жылы Н.Назарбаев 88,2% дауыс берушілердің 98,7% дауысына ие болған еді. Міне, содан бергі 25 жылға жуық уақыттың ішінде Мемлекет басшысының еліміздегі кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырудағы ерен еңбегі, Қазақ елінің әлемге танымал мемлекет болып танылуына сіңірген үлесі шексіз. Сол үшін де біз, бұл мерекені Тұңғыш Президент күні ретінде тойлаймыз.
Осы мерекеге орай кітапханада «Егемен елдің кемеңгер басшысы атты көрмесі ұйымдастырылады.
2 қабат, оқу залы
22 қараша (бейсенбі)
Халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шығармашылық кешке қатысуға шақырамыз.
Қуанышбаев Қалыбек Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қазақтың әйгілі актері, ұлттық кәсіпқой театр өнерінің негізін салушылардың бірі, көркем сөз оқушы, киноактер, қоғам қайраткері, КСРО-ның халық әртісі. Қалыбек жасынан ән-күйге, сөз өнеріне ықыласпен ден қойып, ел ішіндегі той-думанның, ойын-сауықтың көркі болып өседі. Әсіресе, өз ортасындағы оғаш қылықты адамдарды сынап-мінеуге, өткір әжуаға айналдыруға мейлінше шебер болады. Мұндайда өз жанынан қызықты оқиға құрып, бір өзі бірнеше адамның кейпіне түсіп, тыңдаушы жұртшылықты айырықша баурай білген. Осындай өнерпаздығының арқасында жұрт аузына ілініп, 1922-1925 жылдары әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде Ғапбас Айтбаев, Иса Байзақов, Зәрубай Құлсейітов, Қажымұқан Мұңайтпасов, Майра Шамсутдинова сияқты өнерпаздармен бірлесіп ойын-сауық ұйымдастырады, өнер көрсетеді. Қызылорда қаласында 1926 жылы Қазақ драма театры ірге көтергенде, оның алғашқы ұйымдастырушыларының бірі Қалыбек болды. Қазақ драма театрының тарихынан елеулі орын алатын кезеңдік спектакльдердің бәрінде дерлік Қ. Қуаншбаевтың қайталанбас дарынының іздері бар. Қазақ кино өнерінің бастау, даму жолдары да Қалыбектің тікелей араласуымен көрініс тауып отырды.
«Қазақфильм» студиясы 1972 жылы «Қалыбек Қуанышбаев» атты телефильм шығарды. Қалибек Қуанышбаев екінші, төртінші сайланған КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болды, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Екі рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.
Қ.Қуанышбаев 1968 жылы 6 маусымда дүние салды. Қ.Қуанышбаев тұрған үйге (Алматы қ. Қарасай батыр к.,62 үй) мемориалды тақтайша орнатылды.
2 қабат, конференц залы
25 қараша (жексенбі)
Әдеби қонақжайдың Александр Солженицынның 100 жылдығына орай «Александр Солженицын. Жизнь – лучше не придумаешь» атты отырыс өтеді. Орыс жазушысы, драматург, публицист, ақын, қоғам және саясат қайраткері, КСРО-да, Швейцарияда, АҚШ-та және Ресейде өмір сүрген және қызмет еткен. Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (1970). Диссидент, ондаған жылдар бойы (1960-1980 жылдары) коммунистік идеяларға КСРО саяси тізгініне және билігінің саясатына белсенді түрде қарсы шықты.
2 қабат, конференц залы
25 қараша (жексенбі)
«Жыр-Жауһар» поэзия клубының отырысына шақырамыз. Клуб мүшелері М.Әлімбаевтың шығармашылығына арналған «Мұзарт таудай Мұзаға» атты кездесу кешін ұйымдастырады.
2 қабат, конференц залы
26 қараша (дүйсенбі)
Нашақорлық пен ЖИТС, салауатты өмір салтына тәрбиелеу мәселелері кітапхананың ақпараттық насихаттау жұмысында ерекше орын алады. Аталған жұмыстар қорды толықтыруда, анықтамалық аппаратты құруда, көрмелер мен көпшілік іс шараларды ұйымдастырғанда көрінісін табады. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күніне орай «Бәріміз бірге ЖИТС-қа тоқталайық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады.
3 қабат, оқу залы
30 қараша (жұма)
Оқу залының қызметкерлері еліміздің бас мерекесі Тәуелсіздік күніне арналған ақпараттық сағатқа шақырады. Атаулы датаға орай іс-шараға қатысушыларға кітап көрмесі ұсынылады.
3 қабат, оқу залы