Бүгінгі Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орны бар мемлекетке айналды. Бұл Елбасының тәуелсіздік жылдары мемлекетті нығайту бағытында атқарған қыруар тынымсыз еңбегінің жемісі. Иә, тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы еліміз қиын-қиын асулардан өтті. Енді, міне, сол тәуелсіздігіміздің айшықты, айбынды символы теңгенің айналымға енгізілгеніне 25 жыл толып отыр.
Әрине, ұлттық валютаны енгізу туралы саяси шешім бір күнде қабылданған жоқ. Тәуелсіздік пен ұлттық валюта бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар екені күн өткен сайын айқындала бастады. Еліміздің ұлттық валютасы теңгенің шығу тарихын әрбір Қазақстан азаматы білуі тиіс. Себебі халықаралық экономикада, еліміздің қаржы саласында теңгенің маңызы ерекше. 1992 жылы 12 қарашада еліміздің президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасында валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге айналымға енді. Қазақстан валютасын қолдау туралы Халықаралық валюта қорымен, бүкіл дүние жүзілік, Еуропалық және Азия даму банкілерімен, сондай – ақ әлемнің бірқатар дамыған елдерінің үкіметтерімен келісімге қол жетті. Ұлттық валютаны енгізу елімізде жеке ақша - кредит саясатын жүргізуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі теңге тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының дербес тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр. Ұлттық ақша осы жылдар ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен түрлі қаржы дағдарыстарына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды. Қазіргі таңда ел экономикасы даму үстінде. Ұлттық валютаның бүгінгі тұғыры бір қалыпты. Жалпы, ұлттық валютаның құны ел экономикасының өсімімен белгіленіп отырады. Бұл – айқын нәрсе. Басқа валютаның қатынасына қарай құны белгіленеді. Жалпы көршілерде теңгені сатып алуға құқық бар, ендеше қазақ валютасына да сұраныс бар. Қорыта келе айтарым: 25 жылдық ғұмырында теңге тәуелсіз елдің маңызды рәмізі екенін дәлелдеп шықты. Теңгенің болашақтағы қызметіне де сеніміміз мол.
ҚЖӨжКҰБ кітапханашысы Г. Т. Кемельбаева