Атыңнан айналайын «қазақ» деген,
Қазағым, қайсарлығың ғажап дер ем!
Сақтапсың елдігіңді сағың сынбай,
Көрсең де көресіні азаппенен.
А.Иманов
Қазақстан – бүкіл қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жері. Қазақ халқы – «тар жол, тайғақ кешудің» сан ғасырларын басынан өткізген алмастай өткір, қайтпас қайсар, батыл ел.
«Елдестірмек - елшіден» деген. Данышпан Қазыбек бабамыз жас кезінде қалмақ еліне барған сапарында: - Біз, қазақ деген – мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт - береке қашпасын деп, Жерімізді ешбір жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз, - деп қазақ елінің бірлігін, тыныштығын сақтауды көздеген. Өткен тарихқа көз жүгіртер болсақ, бұл даланың тауы күрсініп, тасы қақ айырылар еді. Не көрмеді бұл дала?! Даласын жауынан, ұлтын қан сасыған қақтығыстардан сақтап қалу үшін ата - бабамыз батыстан шығысқа, шығыстан батысқа үдере көшумен болды.
Тарих - өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі, қазақ жері қасиетті, өйткені ата - бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп, атының тұяғымен дүбірлетіп өткен атамакенін аманат етіп қалдырды.
«Найзағайы өзгешелеу шатырлар, Бұл далада көп сортаңдар, Татырлар. Бұл далада өседі екен қасқайып, Сексеуіл мен батырлар!» - деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, Қазақстан ешкімге, еш уақытта тәуелді болуға тиісті емес екенін уақыт дәлелдеді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы шын мәнінде, қазақтың ұлт тәуелсіздігі жолындағы ең соңғы күресі еді. Дүниені дүр сілкіндірген бұл оқиға – қазақ жастарының еркіндікке, демократиялық жүйеге ұмтылысының беташары болды. Тәуелсіздік жаршысы, желтоқсан оқиғасының батыры Қайрат Рысқұлбеков: «Еркек тоқты - құрбандық, атам десең, атыңдар!» - деп қасқая қарсы тұрып, ар - намысын сақтап қалды. Сондай батыр ерлердің арқасында Қазақстан бүгінгі таңда ата - бабамыз армандап кеткен «Тәуелсіздік» деген қасиетті ұғымға ие болып отыр. Тәуелсіз еліміздің туы күннен - күнге биіктеп, халықаралық аренадағы беделінің күн санап артып келе жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатып, қиялымызға қанат қақтырады. Тарихымыз бай, бүгініміз баянды, ертеңіміз жарқын боларына кәміл сенемін. Тек қолға қонған бақыт құсын үркітіп алмай, жұмыла кірісіп, кеңесіп шеше білсек, болашақтың таңы жарқын!
Ендеше, бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда аға ұрпақтың ерлік істерін жадымызда сақтап, «Отан» деген қасиетті мекенді, ата - бабамыздың көздің қарашығындай сақтап келіп, ұрпағына аманат етіп қалдырған кең байтақ жерімізді, ана тілімізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аялап, қастерлей білу – біздің перзенттік парызымыз.
ҚЖӨжКҰБ кітапханашысы Г. Т. Кемельбаева