2019 жылдың 29 қаңтар күні Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақын, жазушы, "Жазу", "Фәни-құс", "Қарға", "Құс қайтару" кітаптарының авторы, "Қасым" журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Серік Сағынтайдың "Құс жолына бір көшім тіреледі..." атты жастармен кездесу кеші өтті.
Шараның басы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Сұңқар Айдос пен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенті Бауыржан Ерманның орындауында ақынның өлеңі мен проза үзінділерінен тұратын қойылыммен басталды. Кеш тізгінін алған ақын Қуаныш Медеубаев:
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында 2019 жылдың "Жастар жылы" болып жариялануына орай және Елбасы мақаласына сәйкес кеш барысында жастарды бабалар салған жолға көз тастап, болашаққа деген сенім ұялату, жастар мен әдеби ортаның арасында байланыс орната отырып, ел болашағы жастардың әдебиет пен кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту, қазіргі қазақ әдебиетін насихаттау болып табылады, - деп шараның мақсатын жария етті.
Кеш қонақтары ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы, профессор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қойлыбай Асан, "Орталық Қазақстан" газетінің бас редакторы Қамбар Ахметов, Сүйіндік Жұмабайұлы, Мүсіркеп Сейдахмет, Қайрат Асқар, Алмаз Мырзахметов, Жәнібек Әлиман, Рауан Қабидолдин жүрек жарды тілектерін білдірді. Қаламгердің балалары Айбек, Хадис, Әлихан Сағынтай кездесу кешіне қатысып, өлең оқыды. Ақынның әпкелері Амангүл мен Айгүл Кептербаевалар Серік Сағынтайдың балалық шағындағы естеліктері мен жастар білмейтін қырларымен бөлісті.
Кешті әуенді сазға бөлеген күміс көмей, сұңғыла әнші Сейіл Аяған болса, сазды аспапта ақынның әні мен сөзіне жазылған әсем әнді Мақсат Күземханов орындады. Кітапхананың жанынан құрылған "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері Бауыржан Ерман, Меруерт Аңсат, Нұрбек Шукан ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Шара барысында Серік Сағынтайдың жеке басына қатысты емес, бойындағы білімін алып қалуға ұмтылған жастардың сауатты сұрақтарына ой сорабынан өткен сәулелі жауаптар қайтарылды. Кездесу барысында сұрақ-жауап еркін ойлау, ақынның шығармашылығы, жастар мен қазақ әдебиеті хақында, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының жұмысы мен басқа да өзекті тақырыптар төңірегінде өрбіді.
Сондай-ақ, көрермендер әдебиеттің екі баласы поэзия мен прозасымен танылған қаламгердің домбырада ойнау қабілетімен танысты.Кеш соңында "Жыр-Жауһар" поэзия клубы ұйымдастырған ақын өлеңдерін жатқа оқудан өткен онлайн-байқау жеңімпаздары марапатталды. Серік Сағынтайдан қолтаңба алған жастар ақынмен суретке түсіп, рухани азыққа байып, мәре-сәре болып тарқасты.