2019 жылдың 10 ақпанында «Жыр-Жауһар» поэзия клубының кезекті отырысы өтті. Жыржауһарлықтар бұл кездесуді қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевқа арнады. Ақынның лирикаға толы әсерлі өлеңдері поэзия сүйер жастардың бірнеше буынын қамтып келе жатыр. Қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған Мұқағали өлеңдерін оқудан жыржауһарлықтар да тыс қалмады. Кездесу барысында өлең оқылып, өміршең жырларымен халық жүрегінде мәңгі қалған арынды ақынның өмірі мен шығармашылығы хақында әр жиналған жан білгенімен бөлісті.
"Поэзия! менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім". - дейді Мұқағали Мақатаев.
Поэзия – ақынның Жаратқан Иемен тілдесуі. Бұл жерде оқырман тек қана куә бола алады. Осы биік тұғырдан сәл төмен түсетін болсақ, поэзия – ақынның өзіне тең адамға жазған хаты. Шын поэзия өзіне өзі белгілеген заң-низамдармен ғана жүреді. Заман талғамайтын лириктің де өлеңдері уақыт ережесіне бағынбады. Салют пен фейерверк атылғанда аспанда шын жұлдыздар қалады. Мұзбалақ Мұқағали – соның дәлелі! «Жыр-Жауһар» поэзия клубы құрылғалы ақиық ақынның туған күні дәстүрлі түрде тойлануда. Ақынның туған күні – қазақ поэзиясының мейрамына айналғалы әлдеқашан.
Кеш соңында, поэзия әлемінің Хантәңірі, қазақ поэзиясының ақтаңгері Мұқаңның өлеңдеріне жазылған сырлы да, сұлу ән шырқалды.