Кітапхана жастарды несімен қызықтырады?

Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек.

Расул Ғамзатов.

Қандай  халықты алып қарасақ та оның мәдени деңгейі, тарихы, әдебиеті,  әрине, кітаппен байланысты. Кітап – бір ғасырды біріне жалғаушы көпір іспеттес. Ал жастардың кітапханаға, яғни білім ордасына келуі бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Оның себебі – дамуға ұмтылатын әрбір мемлекеттің іргетасы білімді де сауатты жастардан қаланатындығы.

Кітапхана жастарды несімен қызықтырады? - сауалына жауап табу үшін, ең алдымен, қазіргі заман жастарының қызығушылығы қандай екенін анықтап алған жөн.  ХХІ ғасыр жастары өте батыл, ойын бүкпесіз ашық айтатын, өзін-өзі дамытуды алға қойған тәуелсіз заман азаматтары. Бүгінгі таңда «жастар кітап оқымайды» қағидасы ескірген. Себебі жастардың көпшілігі оқығанды, білгенді, ізденгенді жақсы көреді. Оның дәлелі әр түрлі тіл курстарындағы, өзін-өзі дамыту орталықтарындағы жастар санының көптігі. Осындай орталықтарда жастардың қызығушылығын тудыратын – өзі секілді жастармен араласу, пікір алмасу, еркін атмосферада оқу және жұмыс істеу. Сол себепті осы сипаттағы  іс-шараларды, түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы жастарды тарту бойынша көптеген кітапханалар да жұмыс жасауда.

Бұл  күндері Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да тек қана кітапты сақтаушы  емес, жаңа технологиялардың да ордасына айналып отыр. Заман талабына сәйкес кітапхананың атқаратын қызметтері мен дизайны да өзгеріске ұшырауда. Оның дәлелі  кітапханада жастарға арналған әр түрлі іс-шаралар өтетіндігі, электронды кітапханалық жүйесінің жұмысы, білім орталығының ашылуы, ең бастысы табалдырығын аттағаннан өзіне баурап, көздің жауын алатын кітапхананың  жаңа интерьері мен декорациясы.  Кітапханада әр түрлі клубтар мен курстар жұмыс жасайды: интеллектуалды ойын, тоқыма ісін үйрену, шет тілдерін үйрену, т.б. Жоғарыда аталған кітапхананың жаңа жұмыс түрлері жастарды өзіне тартуда. Себебі кітапханада жастарға арналған мүмкіндіктер көбейді. Өзін-өзі тану және дамыту жолында ізденісте жүрген жастар үшін кітапхана таптырмас орын.

Қазіргі заман кітапханалары тек кітап беру ордасы ғана емес, қарым-қатынас кеңістігіне де айналды.

Ерғали Г. Б., кітапханаларды дамыту бөлімінің кітапханашысы