Наурыз – жыл басы

Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласы мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін – әз Наурызбен шын жүрегіммен құттықтаймын!

Күллі шығыс жұртына ортақ мереке - Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке біздің жан - дүниемізді шуаққа бөлейді, ой - ниетімізді таза арнаға бұрады. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз. Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген де наным бар. Көне парсы тілінен қазақшаға аударғанда «Жаңа күн» деген мағына беретін Наурыз – жыл басы. Қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңаратын, табиғат-әлем көгеріп, көктейтін шақ.

Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанда мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым - қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт - дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр.

Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Осынау көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған Ұлы мерекеміз құтты болғай!

Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Пәле – жала жерге еніп,
Қайда барса жол болсын!– деп бұрынғы ата-бабаларымыз бата жасап бет сипайды екен. Бұдан артық қандай ақ тілеу болуы мүмкін!

Әр отбасына тыныштық, татулық, береке-бірлік, бақыт тілеймін!

ҚЖӨжКҰБ кітапханашысы  Г. Т. Кемельбаева