"Махаббатсыз өмірдің мәні бар ма..."

Махаббат мәңгі ертегі

Көңілдің күйін шертеді...

Адам жанын әсем күйге бөлейтін, барша сезімдердің патшасы – махаббат. Барша ақынның жыр күнделігі осы аяулы сезімнен басталатыны хақ. Қазақ даласында сәуір айының 15 жұлдызы "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" күні, яғни ғашықтар күні болып тойланғалы қашан.  

Н.В. Гоголь атындағы облыстық кітапханасының іргесінде қаланған "Жыр-Жауһар" поэзия клубы ғашықтар күнін мерекелеуді дәстүрге айналдырған.

Жастарды сүйіспеншілік, адалдық сияқты қасиеттермен ішкі рухани тазалыққа ден қойып, адами сезімдерді қалыптастыруды мақсат еткен аталмыш клуб қабырғасы қаланған күннен махаббат мейрамын өзгеше өткізіп жүр. Яғни, дәл осы күні Жыр-жауһарлық отау құрған жұптардың басы қосылып, келелі кеш өткізетін еді. Биылғы жылы дәстүрлі арнадан сәл өзгерек. "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" күні клуб мүшелері үшін танымдық бағытта өтті. Қатысушылар екі топқа бөлініп, қазақтың әдет-ғұрпынан, әдебиетінен әр түрлі сұрақтарға жауап іздеді.

Жиналған жастар жалынды махаббат жырларынан шашу шашты. Гитараның құлағында ойнаған Заңғар Бағдатұлы әуезді ән шырқап, көрермендердің көңілін марқайтты. Алыстан ат терлетіп, сағына келген қонағымыз Наурызбек Қазыбекұлы клубта өткен естеліктерімен бөлісті.

Шараның тағы бір қызығы – көрермендердің арасынан төрт жұп таңдап алынып, актерлық шеберліктері сыналатын сайысқа түсті. Жеңген жұп – Данияр Тәңірберген мен Ораза-ай Майролқызы сыйлық ретінде театрдағы махаббат жайлы қойылымға жолдама алды.

Кездесу соңында ерлер қауымы нәзік жандыларды махаббат биіне шақырды. "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері жиналған барша жанды 15 сәуір - Ғашықтар күнімен құттықтай отырып, "Сүйіңіз, сүйгеніңіздің сүйіктісі болыңыз" деген тілек айтып тарқасты! 

«Махаббат – мәңгі ертегі...»