«Еңбек атаулының бәрі де бағалы, өйткені ол адамды ізгілендіреді».
Қадірменді оқырман, жаңадан қосылған жас дос!
Бұл өмірде адам үшін өміріндегі маңызды қадамының бірі - оның болашақ мамандығы.
Әлемде 40 мыңға жуық түрлі мамандықтар бар.Әрбір жасқа қоғамның өз заманына сай ұсынатын қызметтер бар. Статисттердің зерттеуі бойынша жыл сайын 25 млн. адам өзінің жұмыс орнын ауыстырып, оның 12%-ы қайтадан өз орнына қайтып оралады екен.
Мамандық - дегеніміз не? Қоғамға, адамдарға пайдасын тигізетін мамандықтарды қалай таңдауға болады?
Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек, бұл сіздің ақылмен сүретін өміріңіз.
Мамандық таңдау – жасөспірім жастағы ең маңызды шешімдердің бірі. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жасөспірімнің алдында мыңдаған мамандықтың өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұр. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ, мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту емес, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Өзіңді мамандықтар әлемінен табу – өзіңнің қоғамға қажетті адам екеніңді сезіну, лайықты қаржы табу, өз қабілеттеріңді барынша көрсету мен сый-құрметке бөлену болып табылады.
Мамандықты дұрыс таңдай білген адам: «Мамандығым – мақтанышым» - дей отыра, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жете білетін жан. Әр адам өз мамандығынан рухани күш алып, еңбектің рахатын көреді, адам атақ-абыройға кенеледі. «Ұялмаған әнші болады; Ерінбеген етікші болады», - деген халқымыздың даналық сөзі бар. Яғни, қандай да мамандықтың иесі болсаң да, өз ісіңнің шебері бол!
Өмірлік мамандығымызды адаспай таңдайық!
Оқу залдары, кітапханашы Тусупбаева М.Ж.