Біз есімдері тарихтың бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, қаһармандығы мен ерлігін күллі әлемге танытқан соғыс болса, Ұлы Жеңіс мерекесі – аға ұрпақтың сол ұлы ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.
Мереке қарсаңында Рахымжан ағамыз жайлы айтсақ артық болмас деп ойлаймын.Ақмола өңірінің Тельман елді мекенінде Қырыққұдық деген жерде өмірге келген. Шешесінен 4 жасында жетім қалған. Әкесінің: «Туған жеріміз көзге көркем көрінбегенімен құт-берекелі жер.Ертең сен де ержетесің. Сонда осынау еліңнің басы болмасаң да, сайының тасы болуға тырыс, балам»,- деп айтқан сөзін жиі еске алған екен. 1937жылы әкесін «халық жауы» деп ұстап әкеткен соң Тайтөбедегі балалар үйінде,одан соң Балқаш қаласындағы ФЗУ – да оқыған. Мандолин аспабында шебер ойнап,кітап оқуды жақсы көрген. Қайта-қайта сұранып жүріп майданға шақырту алғанда, туысы Әлиман әжесінен бата алып аттанады. Алдымен Фрунзе қаласындағы әскери училищеде оқығанда партия қатарына қабылданады. Ол заманда «халық жауы» баласының партияға қабылдануы сирек оқиға-тын. Оған себеп Рахымжан ағамыз озық оқуымен, үлгілі тәртібімен, бұйрықты екі етпейтін елгезектігімен батальон парторгының көзіне түскендігі болатын. 1944 жылы ақталып қайтқан әкесімен қауышады. Әрі қарай жауынгерлік жолымен талай жерді табанымен басып, елін қорғай білді. 1945 жылдың 20 сәуірі есінде мәңгі қалды. Бұл күн соғыс тарихында Берлинді алғаш рет артиллериялық атқылауға алынған күн ретінде енді. 30 сәуірде «Гиммлер үйіне» бірінші кірген лейтенанттар қатарында болды. Рейхстагқа ту тігуді де полк командирі сеніп тапсырған екен. Оқ нөсері бораған алаңнан 300 метр жерге жеті сағатта ( сағат күндізгі 11-ден кешкі 6-ға дейін ) жер бауырлап зорға жеткенше Григорий Булатов екеуі сан өліп, сан тірілгені даусыз. Төс қалтасынан сия қарындашпен жалау шетіне «674- атқыштар полкі, лейтенант Қошқарбаев, қызыл әскер Булатов» деп жазғанда таңданған Гришаға: «Алда-жалда өліп қалсақ, кейінгі жауынгерлеріміз білсін» -, деген екен. Соғыстан соң «Алматы» қонақ үйіне басшылық жасады. Б. Момышұлының қозғауымен халыққа танылды. Батыр ағамыз жайлы кеңінен білгіңіз келсе, өзінің «Жеңіс жалауы» атты естелігі мен Кәкімжан Қазыбаев пен Жанболат Әлиханұлының (Аупбаев) «Рахымжан Қошқарбаев» жинағын және Жанболат Аупбаев «Рухы күштілер» атты кітабын оқыңыздар. Көптеген ақындарымыз батыр ағамызға жыр арнаған, солардың ішіндегі шоқтығы биігі деп М.Әлімбаевтың «Ту тіккен» поэмасын атар едім.Мұзафар Әлімбаев батырдың жан дүниесін, қаһармандық ерлігін шабыттана жырға қосқан. «Ерлік – елеусіз қалмасын»,- деп Баукең ағамыз айтқандай өткенімізді білу үшін жақсы дүниелерді оқуға шақырамын.
Абонемент бөлімінің сектор басшысы Ахмадиева А.С.