Болашағымның ашық аспаны

Үкілі үміт таймасын халқым басыңнан

Мол бақыт күтем жас ұрпақ сенен жасырман.

Басқаны қайдам ұлылық күтем өз басым,

Басталған мынау бәйтерек жаңа ғасырдан.

Сәлем жас дос, құрметті оқырман! Тұңғыш Елбасы кезекті Жолдауында  биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осы атаулы 2019 жылды сіз бен біз болып ерекше өткізуді қолға алудамыз. Осы тақырыпты алған себебім, болашаққа деген үмітіміздің зор екендігін білдіргім келді.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екендігін дәлелдеуде.  Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Бүгінде жастар озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Осы ретте Н.Назарбаевтың «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңдер», - деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен байланысты екендігін айқындайды.

Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тарихын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолымызда, яғни, болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек. Санасы сергек, замандық технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ.

Ел болу - болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол жолды жастарымыз ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсе, ешкімнен кем болмайтынымыз анық.

Ел ертеңі – білімді жастар. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, қазақ жастарын әркез білімге бағыттасақ, жастар тынысының кеңінен ашылатыны анық.

Еліміздің болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тілегіне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерімізді жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жігерлене ел үшін еңбектенуге міндетті.

Менің ойымша әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны – Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі керек. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, алға қойған арман мақсаттарына ойланбай жетулеріне мүмкіндік мол болады. Сондай-ақ, кемел келешегіміз жастардың өлшеусіз дамуына ықпалын тигізбек.

Ал, құрметті оқырман, ел дамуына сыбана кірісейік, өз болашағымыздың жарқын болуына атсалысайық!

Оқу залдары, кітапханашы Мақпал Жанат