Қазақ ұғымында отбасы – өмірдің тұтқасы, үй ішінде от жағылатын ошақтың төңірегі, оттың маңайына таратқан жан балқытар жылуы. Отбасының амандығы, ошақтағы оттың маздап тұруы – үмітінің өшпес алауы болып саналады. Халқымыздың салт – санасындағы қасиетті ұғымдардың бірі – үй және қара шаңырақты сақтап қалу болып табылады. Шаңырақты қастерлеу ата – бабамыздан қалған дәстүр жалғастығы десек еш қателеспеспіз. Шаңырақ ұғымы жанұя, отбасы деген мағынамен ұштасатыны сөзсіз. Отбасы - адам баласы шыр етіп, дүние есігін ашқаннан бастап, сол ортаның ыстық суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Үй болу, құтты ошақтың түтінін күзету әрқайсымыздың міндетіміз. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт – дәстүрлердің сақтаушысы. Адам баласының ой – санасы өсіп, ақыл – ойының кемелденуі үшін де тіршілік нәрі санаға отбасынан сіңеді. Тәрбиенің баспалдақтары отбасылық қарым – қатынастан, яғни бір – біріне деген ізеттілік пен сыйластықтан, құрмет пен кішіпейілділіктен, кешірім мен түсінісе білуден басталатынын халқымыз айтып кетсе керек. «Үлкенге құрмет, кішіге қамқор» бола білуді, бала кезден бойға сіңіру маңызды. Бұл қазақы тәрбиенің негізі. Қазақ отбасында отбасы мүшелерінің жауапкершілігі ер азаматқа жүктеледі, сол себептен де ер адамның орны жоғары екені баршамызға аян. «Еркек - түзде, әйел үйде» деп әрқайсының өз орны мен міндеттері, атқаратын қызметтері бар. Ер адам үйді жоқшылықтан қорғаса, әйел заты қазаношақ, бала тәрбиесімен айналысып, ері жоқта мал мүлкіне жауапты болған. Ер адамға деген құрмет, оған мойын ұсыну және үлкен адамдардың, қария мен ақ жаулықты аналардың жолын кеспеуге, олардың алдында өзін ұстауы сияқты тәрбиелік мәні бар құндылықтар, біздің қазақтың ұлттық болмысын суреттейді. Біздің қазақы тәрбиеде ер бала ата жолы болып саналады, сондықтанда қыз балаға деген қырық үйден тыйымдар мен талаптар көп десек те болады. Қыз балаға болашақ ана ретінде қарап, оны отбасылық өмірге даярлаған. Ежелден бабаларымыз «Алып анадан туады» деп қыз баланың тәрбиелі, ақылды, дана, кішіпейіл болып өсуін алдарына мақсат етіп қойған. Отбасы – адамның өте маңызды жанұясы, себебі, отбасы адамға толық мәнді тыныс – тіршілік әкеледі. Отбасындағы адамдардың мақсаты – ұрпақ жалғастыру болып саналады. Отбасылық құндылықтар дегеніміз – бір – бірін сүйіп қосылған, жанұялардың отбасын сақтау үшін, ежелден келе жатқан салт – дәстүрлердің жалғастығын өшірмей дәріптей білуі. Біздің қазақы тәрбиеге тоқталатын болсақ: ата мен әже ұлағатты сөздері, әке мен шешенің мейірімі мен қатаң талаптары, қазақ балаларының тоқсан ауыз сөзге тоқтай білуі, отбасының салт-дәстүрі мен қазақы ырым мен тыйымдарды ескере жүріп, жанұя құндылығын сақтауға, қадірлеуге тәрбиелейді. Қарт адамдардың жас отбасыларға айтқан ақыл – кеңестерін ескере жүріп, дәстүрімізді қайта жаңғыртумен қоса, заманға сай тәрбиелі отбасы іргетасын құра білу әрқайсымыздың Отан алдындағы парызымыз болмақ.
Отан – әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз. «Отанды сүю - отбасынан басталады» демекші отбасымыздың тұғыры биік болсын!
Құрметті оқырман, сізді отбасылық құндылықтар мен тәрбие мәселесі ойландырса, мерзімді басылымдар бөліміндегі «Отбасым», «Тәрбие құралы» журналы мен «Отбасы және балабақша», «Ана тілі» газеті беттерінен отбасы туралы ақпараттарды тауып оқи аласыздар.
Мерзімді басылымдар секторы: Жаркеева Г.А.