Ел ертеңі - жастардың қолында. Сондықтан Қазақстан жастарының бәсекеге қабілеттілігі, білімі мен біліктілігі жоғары болып қалыптасуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Тіпті, жоғары білім алуға ниетті жастардың дамыған шет елдердегі алдыңғы қатарлы университеттерде оқуына да мүмкіндік бар. Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам.
Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз. «Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты», - деген болатын Елбасы Н.Ә. Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Жастар еліміздің ертеңгі тірегі. Көз алдымызда цифрлы қоғамы мен білім экономикасы бар жаңа жаһандық өркениет туып келеді. Біздің жастар уақыттың осы талаптарына сай болуы тиіс. Сондықтан жастар барлық күш – жігерін, болашақ қуатты Қазақстанды құруға жұмсайды деп сенеміз.
«Ақыл-жастан» деген асыл сөз бекер айтылмаған. Қазіргі заманда ғылымға ұмтылған жастардың әрбір қадамына көңіл бөліп, жетістігіне мемлекетіміз қолдау көрсетіп отыр.
Жастар қай уақытта да еркіндігімен, тәуекелшілдігімен, қырағылығымен көзге түскен. Бұл жастықтың критерийі болса керек. Абайша айтсақ: жастықта көкірек зор, уайым жоқ. Тарихты жалғастыратын жас буынның болғаны, әрине, жақсы. Осы жерде жастардың қоғам үшін ғана емес, тарих үшін де маңызы бар екендігіне көзіміз жетеді. Қоғам үшін қандай маңызы болуы мүмкін? Мұның жауабы: жас адам жастық шағын қандай амалмен, не істеп өткізгеніне байланысты. Қазіргі қоғамда жастар әлемді таңғалдыруда. Жас тұрғындарының Сауаттылық индексінде Қазақстан 155 елдің ішінде 15 орын алады. Жастардың білім деңгейі бойынша еліміз Швейцария, АҚШ, Норвегия және Финляндияны басып озып, 9-орында тұр. Бұл - Қазақстан «жаңа интеллектуалды держава» бола алады деген сөз. Жастар күш жігерін жасампаздық пен өз мүмкіндігін жүзеге асыруға бағыттаса нұр үстіне нұр болары анық.
Бүгінде 12 мың «Болашақ» түлегі ел игілігі үшін еңбектеніп жатыр. Жаңа кезеңде бұл бағдарлама ғылым саласын нығайтуға бағытталады деп нық сеніммен айтуға болады. Еліміз технологиялық және цифрлы болашаққа дайындалуда екенін ескерсек, жастардың білім саласындағы бәсекелестіктен қалып қоймауы керек екендігі ерекше маңызды.
Бұл даму, өркендеу саласына кітапхана қызметінің де қосар үлесі зор, әрине. Бар білімнің қайнар көзі кітапхана десек, көзі ашық, көкірегі ояу, ізгі ниетті ұрпақ тәрбиелеуде кітапхана қызметіндегі жастардың атқарып жатқан жұмыстары көп. Олардың алдында тұрған басты міндет - өз оқырманының талап – тілегіне мінсіз, сапалы қызмет көрсету. Кітапхана кітап алып беру пункті емес, түрлі іс шараларды ұйымдастыру орны. Кітапханадағы әр шара, Акциялар білімді толықтыруға зор мүмкіндік береді. Жыл сайынғы Республика көлемінде өтетін «Бір ел - бір кітап» Акциясы қазақ әдебиеті жәдігерлерін оқып, тереңіне бойлау мақсатында өтілетін шара. Бұл істе де кітапхана жастары белсенділік танытып, насихат жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізеді. Кітаптың жоғалуынан емес, оқырмандардың кітап оқуға деген ықыласын жоғалтып алудан қорқатын жас кітапханашылар түрлі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, кітапхана мен оқырман арасындағы алтын көпір бола біледі.
Біздің кітапхананың жастары қоғамдық шараларда да өздерін көрсете біледі. Өңірді көгалдандыру ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың табиғатқа қамқорлығын арттыру мақсатында өткен Республикалық Акцияда, триатлон парк аумағында ағаш отырғызу науқанында кітапхана жастарының өзіндік қолтаңбалары қалды. Үш мыңға жуық адам қатысқан экологиялық сенбілікте 6500 ағаш отырғызылып, жастар жалынды жігерін көрсете білді.
Жастар мемлекеттің берік тірегі, айбынды қорғаны болады деп сенеміз. Дегенмен, жастарды толғандырып жүрген мәселе көп. Олар жұмыссыздық, баспана,білім алу, саламатты өмір сүру т.б.
Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, жастарды еңбек нарығына сай мамандық таңдап, сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына байланысты нақты тапсырмалар берді. Бұл қамқорлық, жастарға өз тағдырын өздерінің шешуіне, жас Қазақстан мемлекетінің ірге тасын қалап, оны өркендетуге өз үлестерін қосып, өздерін көрсетуге мүмкіндік берді.
Қоғам - жұмыла еңбек етіп, бірлік пен ынтымақтың арқасында ғана өзгеретіндігі белгілі.
Жастық шақтың күш - қайратын Егемен елімізді өркендетуге жұмсайтын жастарымыз көп болсын!
Оқу залдары бөлімі кітапханашы К. Айтбаева