Аямайтын жерінде аямайтын!
Елім дейтін, әйтеуір, жерім дейтін.
Ер үстінде ешкімге берілмейтін.
Жазуға да, әрине, жалықпайтын,
Егеске де - шіркін - ай!- ерінбейтін!
Бұл мінез ғой...", - деп жырлады Қадыр Мырзалиев "Ілияс Есенберлин" өлеңінде.
Атақты «Көшпенділер» трилогиясының авторы, тарихи жазушы Ілияс Есенберлиннің биыл 105 жылдығы. Қара сөздің хас шебері, қазақ әдебиетіндегі тау тұлғаның мерей тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Ал, біз ел үшін туған ер туралы не білеміз?
10 қаңтар Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы - Ілияс Есенберлиннің туған күні. Ӏлияс Есенберлин - 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы, Атбасар қаласында дүниеге келген. Жазушының балалық шағы аштық жалмаған зұлмат заманға тап келіп, 5 жасында тұл жетім қалды. Бала Ілияс балалар үйіне тапсырылды. Шығармашылыққа бір табан жақын өскен ол қабырға газетіне өлең жазып тұрды. Мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласына барып, интернат мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Кейін Қарсақпайдағы аудандық атқару комитетінде жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп, Алматыдағы Қазақ тау - кен институтына түсті. Талантты да талапты жігіт тез көзге түсіп, 1937-жылы Қазақстан КСР-ның бірінші Конституциясын қабылдаған Қазақстан Кеңестерінің алғашқы Төтенше съездіне делегат болып сайланды.
- 1940 жылы Қазақ тау - кен институтын бітіріп, Жезқазған рудниктерінде инженер болады. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
- 1942 - 1947 жылдар аралығында Қазақстан КП ОК - нің нұсқаушысы,
- 1951 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры,
- 1953 - 1954 жылдары ҚР Геология министрлігінде аға инспектор,
- 1954 - 1955 жылдары Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы,
- 1955 - 1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы,
- 1958 - 1967 жылдары "Қазақфильм" киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі,
- 1967 - 1971 жылдары "Жазушы" баспасының директоры,
- 1971 - 1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2 - хатшысы болып қызмет атқарды.
Ілияс Есенберлиннің нағыз жазушылық орнын белгілеген шығармасы – Көшпенділер екені баршаға аян. «Көшпенділер» қазақ халқының, ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі — коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді. Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделерінің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын ұстанған.Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсыну жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді.