Қазақ жазушыларының бүркеніш есімдері

Қазақ халқы ежелден есім таңдауға жауапкершілікпен қараған. Бала есімі оның өмір жолын анықтайды деп сенген. Сондықтан жаңа туған сәбиге ұлы тұлғалардың есімін, не мәнді, мағыналы ат қоюға тырысқан. Кейде баланың аурушаңдығын оның есімінің тарихы ауырлығымен байланыстырған. Одан бөлек, қазақ дәстүрінде ат тергеу, лақап ат секілді ұғымдар кездеседі. Ендеше, «бүркеншік ат», «лақап ат» деген ұғымдар қандай мағынаны білдіреді екен, қысқаша тоқтала кетсек.

Бүркеншік ат, лақап ат, псевдоним - (грек тілінен аударғанда pscudos - жалған, опута - есім) - автордың өзінің шын есімін ауыстырып қолданатын, ойдан шығарылған есімі. Бүркеншік атқа қоғам қайраткері, жазушылар, суретшілер мен әртістер түрлі себептердің салдарынан иек артқан: цензураның ізіне түсуінен жасырыну үшін, авторлық және шығарма бағасын айқындау үшін қолданған әдеби маска. Сондай-ақ, алғашында өзінің суреткерлік қарымына сенімі нық болмаған жағдайда, аттас адамдар кездескенде де «бүркеншік ат» қолдануы мүмкін.

Бүркеншік есім түрлерінің елуден астам түрі бар, солардың бірнеше түрлеріне тоқтала кетсек:

Автоним (грекше autos- нағыз, opuma - есім) – бүркеншек   атпен  жазатын   автордың   шын аты-жөні. Мысалы: Әкім  Таразидың  автонимі – Әкім  Үртайұлы  Әшімов.

Анаграмма – (грекше ana - қайта, gramma – әріп)  - атау  сөз  ішіндегі  әріп  орнын  алмастыру  арқылы  бүркеншік  ат  жасау. Мысалы: Мұзафар Әлімбаев – «Мәлім»,  Нұрсұлтан Әлімқұлов –  «ӘН»,  Қадыр Мырзалиевтің -  «Мырза Әли»  деген  лақап   аттары  бар.

Аллоним – мұндайда  өз  есімін  түгел  тастап, өзге  бір  есімді  бүтіндей  иеленіп, лақап  атқа  айналдырады. Мәселен, қазақ  әдебиетінде аллонимді   қолданғандар: Матай, Қаптағай – Ілияс Жансүгіров. Мырқымбай, Малай, Жолаушы, Балықшы – Бейімбет Майлин, Қоңыр – Мұхтар Әуезов,  Әкім  Тарази – Әкім Әшімов, Сандуғаш Адаева – Фариза Оңғарсынова.   

Әлемге танымал ұлы тұлғалардың барлығының дерлік лақап аттары бар деуге болады. Ал, қазақ ақын-жазушылары арасында бүркеншік атпен белгілі болған ұлылардың шын есімдерімен таныссыздар ма?! Ендеше, қазақтың даналары мен дараларының еңбектерін білгеніміз сияқты, олардың шын есімдерін де біліп жүргеніміз жөн шығар.

Абай Құнанбайұлы – ақын. Қара сөздерін оқымаған адамдар аз шығар сірә. Оқу арқылы ақылын жетілдіргендер өте көп. Дана Абайдың шын есімі -  ИБРАҺИМ. Ибраһим пайғамбардың аты екені баршаға белгілі.           

Мәшһүр Жүсіп Көпеев – негізгі есімі АДАМ ЖҮСІП. Тоғыз жасында қисса дастандарды жатқа айтқандығынан атың Мәшһүр болсын деп Мұса Шорманұлы атаған.           

Ыбырай Алтынсарин – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнографы. Ыбырайдың азан шақырып қойған есімі - Ибраһим болған.

Сәкен Сейфуллин - қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, қоғам, мемлекет қайраткері. Сәкеннің азан шақырып қойған есімі – СӘДУАҚАС. Пайғамбардың «Саад бин Әбу Уаққас» атты сахабасы болған. Сәкеннің есімі содан шыққан. Сондай-ақ, жазушының шығармалары «Манап», «Дүйсенбі», «Жұмақан» деген лақап аттармен жарық көрген.

Қазақ қаламгерлерінің арасында бүркеншік есімді көп қолданғандардың бірі – Бейімбет Майлин. Бейімбеттанушы ғалым Тоқтар Бейісқұлов тұлғаның 74 есімін анықтаған. Сол тұстағы қалам қайраткерлерінің бүркеншік есімді көп қолдануының бірнеше обьективті себептері бар. Ең бастысы, әуелгі патшалық, кейінгі кеңестік аңдудан, ізге түсуден сақтану еді. Екінші бір себебі жазу-сызуға жетілгендердің қатары аз кезде газет-журнал бетін толтыру, материал жазу көбіне шығарушылардың өзіне жүктелген. Жазушының шығармалары: «Шаңқан» , «Малай», «Быж», «Б.М», «Қойшы», «Кедей», «Шаңқа», «Қара бал» деген лақап аттармен жарық көріп отырған. Бейімбет Майлиннің шын есімі – Бимұхаммед.

Мұхтар Әуезов өз шығармаларының астына «Қоңыр», «Арғын», «Жаяусал», «Айғақ» деп қол қойған екен.

Ілияс Жансүгіровтің - «Таңқыбай», «Матай», «Мерген», «Бөкейше», «Тілші», «Марқа», «Сақа», «Қордай», «Ақжол-Қаптағай» деген лақап аттары болған.

Міржақып Дулатұлының - көптеген әңгімелері лақап аттарымен шыққан. Ол жиі қолданған лақап аттар: «Азамат», «Мадияр», «Таймінер», «Түрік баласы» және «Арғын»  баласы.

 Шәкәрім Құдайбердіұлы - кейбір шығармаларының астына «Ұмытылған» деп қол қойған.

Шоқан Уәлиханов - ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ. Шоқанның азан шақырып қойған аты – Мұхаммедқанафия. Әжесі Айғаным Шоқаным деп еркелеткен. Сөйтіп аты Шоқан аталып кеткен.           

Көптеген жазушылар Тайшықов Қадыр - «Бұйрас», «Мәлтең», «Бөгде», «Қапсыңқа»; Алдоңғаров Ерғали – «Тамшы» , «Студент», «Сартай», «Е.А.»; Сәбит Дөнентаев – «Жетім»; Аманғали Сегізбаев – «Жөнеу»; «Оқушы», «Сыншы көз»; Сәбит Мұқанов - «Сым», Сұлтанбек Қожанов – «Тоқпақ», «Тарпаң», «Замандас»; Әбдіқадіров Қалмақан – «Жалшы»; Шанин Жұмат – «Ш», «Атығай»; Сыздықов Жақан - «Жаңқа», «Ұлпан», «С.Ж.» сияқты бүркеншік аттарды қолданған.

Көп ұшырасатын бүркеншік есімдердің тағы бір шоғыры ру, ата тек ұғымдарымен тікелей байланысты. Мысалы, Көлбай Тоғысұлының «Найманский»; Міржақып Дулатұлының «Арғын»; Мұстафа Шоқайұлының «Жанай»; Отыншы Әлжанұлының «Орта жүз»; Ғұмар Қарашұлының «Байұлы»; Ілияс Жансүгірұлының «Матай», «Қаптағай» есімдері руларын немесе ата тектерінен жасалған бүркеншік есімдері бар.

Қазіргі таңда бүркеніш ат қою үрдісі әлі жалғасын тауып келеді. Қандай да бір ақынның өлең шумақтарын оқып отырсақ, мінезіне сай табиғат құбылысынан таңдап алған, сүйкімді көрініс берген үздіксіз қолданыстағы сөзі болады. Бұл сөздер - жас ақын мен жазушының лақап аттарына айналады. Мысалы, кез келген өлең жолдарын алып қарасақ, көптеген ақындар өздерін жарқыраған жарық күнге, нөсер боп жауған жауынға, жолындағыны ұйпа-тұйпа етіп өте шығатын табиғаттың орасан күші дауылға немесе ақ ұлпа әппақ қарға теңеп жатады.

Осындай теңеулерімен: «Ақ жауын», «Қар қызы», «Мен дауылдың ұлымын», «Күн қызы», «Қараша қыз» деген сияқты табиғат құбылыстарымен байланысты әдемі лақап аттарын шығармаларының астына қолтаңба етіп қалдырады.

 

                                                                                                                                                                                                Кітапханаларды дамыту бөлімінің кітапханашысы Ұ.Жамауова