Қазағымыздың қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова 1922 жылдың қазан айында Орал облысы, Орда ауданы Жасқұс ауылында дүниеге келді.Мәншүк Мәметованың ата-анасының азан шақырып қойған есімі - Мәнсия. Анасы бала күнінде еркелетіп «Моншағым» деп, кейін Мәнсияның атын айтуға тілі келмей өзін «Мәншүк» деп атады. Құжат алар кезінде батыр қыз өз есімін «Мәншүк» деп жаздырды.
Ата-анасынан ерте айырылған Мәншүк балалық жастық шағын Алматыда Ә. Мәметовтің тәрбиесінде өткізеді. Мәншүк бала кезінен өте өжет бірбеткей болып, әкесіне өте жақын өскен. Әкесінің жолын қуған Мәншүк бала кезінде дәрігер болуды армандапты. Мектепті бітіргеннен кейін өжет қыз Алматыдағы медицина институтына оқуға түседі. Оқумен қоса зерек қыз Халық комиссарлары кеңесінде жұмыс істейді. Жігерлі қыз әскери дайындық оқуларына қатысып, медбикелік курсты да тәмамдайды. Әскердің қиындығын Мәншүк ерлермен қатар көрді, ер - жауынгерлермен ну орманнан да, судан да бірге өтті. Бастапқы кезде штатта хатшы қызметін атқарған Мәншүк дала госпиталіне медбике болып бекітілді. Госпитальдағы жұмысынан босаған кезде өздігімен «Максим» пулеметінің құрылысын зерттеп танысты.
1942 жылы тамыз айында Мәншүк өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Қазақтың қайсар, қаһарман қызы өз өтініші бойынша пулемет батальонына барып, көп уақыт өтпей-ақ 21 – атқыштар дивизиясының «Максим» пулеметшілер тобының бірінші пулеметшісі болып бекітілді.
Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және батылдығымен көзге түсті. Мәншүк Мәметова жаумен шайқасып қана қоймай, санитарлық қызметті де шебер атқарды. Өлім аузында жатқан майдандастарына қолдан келгенше көмектесті.
1942 жылы Великие Луки қаласын жау қолынан азат ету үшін қаһарман қыз барын салып шайқасты. Осындай ұрыстарда Мәншүкке медициналық институттағы бір жылдық білімі көп көмектесті. Кейін құрамында Мәншүк бар Ушаков батальоны Бурцевоны қорғауға аттанды. Ауыл төрт мәрте қолдан-қолға өткендіктен, шайқас тартысты болды. Осы шайқаста қазақтың қайсар қызы жауға қарсы пулеметтен оқ жаудырып, көптеген сарбазынан айырылған неміс әскерін кейін шегінуіне мәжбүр еткен Мәншүк бөлім командиріне дейін көтерілді. Осы батальон 1943 жылдың күз айында Изоча станциясын жау қолынан босатуға қатысты. Алайда кеңес әскері көп сарбазынан айырылып кейін шегінді. Қазақтың қайсар жас қызы «Сендер бара беріңдер. Мен кетсем, сендерді кім қорғайды?» деп қалып қояды. Осылайша қайтпас қайсар ару «Максим» пулеметімен жүздеген немістің көзін жойды. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста қасындағы жолдастарынан айырылған қазақтың ержүрек қаһарман қызы үш пулеметті қатарынан қойып, жауды 3 сағат бойы жалғыз бөгеп ақтық демі қалғанша пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.
Невель қаласын қорғаудағы ерлігін мәңгі есте қалдыру үшін қаланың бір көшесі Мәншүк атымен аталса, Алматы, Орал қалаларында Мәметова Мәншүк атындағы көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педогогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы –А.Михалков-Кончаловский, режиссері М. Бегалин) көркем фильм түсірілді.
Қаһарман қызға 1944 жылы 1 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде Мәншүкке ескерткіш орнатылды.
Сұрапыл майданда ерлікпен қаза тапқан қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова адамзат тарихына өз есімін қанмен жазып кетті.
Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы А. Ж. Искакова