Наурыз - жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке. Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығын жуырда ғана атап өткен мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпы халықтық сүйікті мерекеге айналды.
Ұлыстың ұлы күні – Наурызда адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келіп, татуласып, табыса білген. Халқымыз мол дастарқанын жайып, ақ жарқын көңілмен жүздесіп, дәм татысып, өткен-кеткеннен сыр тартып, барша адам баласына жақсылық, аманшылық тілеп, жастарға ақ баталарын берген.
Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Шығыс халықтарына ортақ үлкен мейрам Наурыз – бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі саналады. Олай болса барлықтарыңызға татулық, береке-бірлік тілеймін. Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт-береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын!
ҚЖӨжКҰБ кітапханашысы Г. Т. Кемельбаева