Асан Мирас

ҒАРЫШ

Кеңістікпен өлшенбейтін жолдары,
Дәптерімнің сарғайтқан ба шетін күз?..
Менің мынау қу тәнімнің сол жағы
Алаш дейтін әкесі жоқ жетім қыз.

Ғарыш.
Ғалам.
Жер Жүректің айнасы.
Лүпілдейді Құнанбайдың қабірі.
Ғаділетсіз.
Тән Арымның ойнасы.
Қан ұйыған қолқа, күре тамыры

Мендік жүрек Жер-Анадан аумайтын,
Алаш атты сол Аруды сүйіп қап.
Асау көңіл ала тайдай аунайтын,
Періштесін өңгеріп ап иыққа Ақ!

Ақ қағазды қара сия кірлетіп,
Қалқатайды іздеп жүрген кезім бұл.
«Алаш-Ару ғарышкермен бір кетіп,
Содан әлі кеңістікті кезіп жүр», -

Дегеніне дәруіштің сенген ем,
Дәрменсіздің бал аштырып құлқыны.
Әлсіз ғана дір-дір етті Жер-денем,
Жүрек құсап тоқтайды Ол да бір күні.

Нұрға өптіріп тұла бойын жүр ме Алаш,
Ғазиз тәнге ашкөз ойлар сұғынып.
Азаттыққа құл да мас һәм ұл да мас!
Алаш-Ару жат құшаққа тығылып

Сол үмітім, сол аруым дәл бүгін,
Батырынан бұлай жесір қалар ма?
Өмірімнің, өксігімнің қалдығын
Тостағаннан қотарып ап жанарға,

Мәді Жерге енген тұста... қабірге
Кіршіксіз сол кірпігімнен сия ақты...
Ғайса Көкке көтерілген, Тәңірге
Алаш кетіп бара жатқан сияқты!

Ару кетіп бара жатқан секілді,
Қара Жерді мәңгілікке талақ қып.
Тағдыр солай сорлатады жетімді,
Ғасырларға ғасырларды сабақ қып.

(Заман өткен
От пен Судың соғысы,
Тәннен Ардың аяғы ауыр боп қалып.
Шіркеу басқан бетіме жөйт, орысы,
Табанымды жанарыңдай шоқ қарып!)

Тұрып қалғам жүрегіме қан ұйып,
Әкесі жоқ Аруымды құшқым кеп.
Сол Арудың тәні жатыр далиып,
Жүрек дейтін қара Жердің үстінде!

Менің Рухым Көкте қалқып барады,
Алты қаздың қанатынан ән тыңдап.
Өмір маған өлең болып қарады,
Құралайдың жанарындай жарқылдап!

Ауыр табыт...
Жеңіл жүріс...жеңіл ой...
Әкесі жоқ қызды көрдім алыстан...
Алаш ұшып бара жатқан еді ғой
Ғайса ұшып бара жатқан ғарышқа!
 

***
Мен тілі жоқ сағат көрдім тәніңнен,
Жұмысы жоқ жарыңмен не арыңмен...
Лүпілдейді, лапылдайды армансыз
Биік тұрған уақытында қабірден!

Көңілдестің қойынында таң атқан
Сәттерің ғой уақыт деген абат таң.
Уақыт сұрап уақытыңды жоғалтпа
Тілі түсіп қалған қара сағаттан...

Тілі жоқ қыз әнге ғашық боп қалса,
Таң қалмаңыз, күй туады көп болса!
Адам жанын сата салад Сайтанға,
Жүзін жасы, жүрегін аз шоқ қарыса!

Тілін жұтып қойды қанша аспаптар,
Жырын жұтып қойды қанша жас хаттар...
Ғасырлар-ай жұтқан бірін-бірі кеп,
Тілсіз жүрген балалыққа бастап бар!

Бүлдіршіннің қоштасқаны, сәлемі,
Әлем жаңа жаралғандай әдемі.
Омырауды сұрауға тіл қажетсіз,
Орындықты сұрауға да керегі,

Шамалы ғой...
ұғынбаймыз тілді біз,
Кірпігіме қатқан тамшы сынды мұз...
Сағынышқа тіл керегі шамалы,
Әйтсе мұңды сарғайтпады кімді күз?!

Шалқасынан жатып алып Ай төсін
Адамзатқа емізеді, жай тосын...
Хан Кененің басыменен Алаштың
Тілі қоса кеткендігін қайтесің!

Көзі қоса кеткендігін білдің бе?
Сөзі қоса кеткендігін білдің бе?
Дегендей боп тұрады ылғи сол Айым,
Қу өзегі қарсы айрылып тіл, дінге!

Бір тілі жоқ күйсандықтың жоқ әні...
Тілсіз жүрек қалай, қалай соғады?!
Есениннің тілін кесіп ала алмай,
Тамырына балта шапқан қоғамы!

Жатыр керіп шығарында жалғанға,
Тәнге ие ғып байлап берген Арды Алла!
Атом ділді жұтып қойған ғасырдан
Ақын тілін жұтып қойса таң қалма!

***
Сезiмге шiркiн дау бар ма,
Селт еткен кiрпiктерге кеп,
Соқыр тамшылар жауғанда,
Солығын баспай жерлеп ек...
Жерлеп ек аппақ параққа,
Қара бояуды тiлдегi.
Ернiңнен жұққан далапқа,
Ерiнiмнiң әмiрi жүрмедi...
Қиылдын,кыпша белiнде,
Қылмыскер көздiң табы бар.
Сезiмiм сенiң,менiң де,
Сол ғазиз тәнге таңылар...
Сезiмге шiркiн дау бар ма,
Көңiлден ақшам ауғанда,
Кеудеңе шөккен тауларға,
Икемге келмей қолдарым,
Жыр жазған саған сонда кiм?
Ернеуiн ыстық кесенiң,
Ернiннiң табы күйдiрiп.
Маңдайы соры бес елiм,
Езiлген тәндi сүйдiрiп,
Манғаздау мiнез сыр берiп,
Сырғақтау бiлмей, сал денең,
Құшақта жаттың гүлденiп,
Санаңнан жырақ қалды әлем.
Жауабын таппай әбiгер,
Жауатын бұлттай түнердiн,
Тәнiннiң ыстық табымен,
Төсегiндi өртеп жiбердiн!
Сағыздай ерiнiн шайналды,
Сабындай тәнiн қолда ерiп!
Шашына тағдыр байланды,

Шыжғырған жанды сол көрiк -
Сезімге шіркін дау бар ма?
Аспаннан жұлдыз сауғанда,
Құралай төлдеп,ауғанда,
Құрыққа түскен құндыз жал,
Тәндi ыстық шарпып түнгi ызғар,
Талықси бердің-ау қарға!
Шолпан туғанда таң алды,
Кiрпiгiң құшып жанарды,
Талдырмаш бойдан әл тайып,
Лықсыған көңiл ортайып,
Құшақтап жаттың қолымды,
Махаббатыңа марқайып...
(Көйлегi құрғыр ана әлгi,
сырғып кетпесе иығынан...)
Мандайға сыймас адамды,
Құшаққа қалай сыйдырам?..
Сезiмге шiркiн дау бар ма?
Тiс жармай тәттi түнiңдi,
Ернiннен тамған шырынды,
Көзiне тұнған сырыңды,
Осылай ғана оқырмын,
Өз жазған өзiм жырымды!
Тағдырдан көрiп отырдын,
бiр тарқап кеткен құмар мен,
Мың тарқатылған бұрымды...
М.АСАН

ШЕГЕ

Тағдырымды оқып көрші сыған қыз!
Уақыттың көлеңкесі шығармыз...
Жүрегіме ұйып қалған қанға шом,
Кірпігіме оратылған жыланды үз!

Қызыл...
Қызыл...
Оттың түсі...
Түр, өңің!
Отқа ұқсайтын ернің, қаның, жүрегің –
Сыған қызы,
Алақанға қарашы!
Алақанды қойшы, аппақ, білегің...

Мойыныма оратылсын жылан боп,
Жер де тұман, көл де тұман, тұман Көк!
Менің тағдыр дәптерімді парақта,
Осы күні өлеңімнен күнәм көп!

(О, сұлулық!
Ойнамадың сен кіммен!
Сенің ыстық сөздеріңе сендім мен...
Мына сенің көзіңдегі өмірге,
Сен жасаған махаббатпен келдім мен!)

Көкке кетіп бара жатқан Таборлар!
Қызыл бұлттың құшағында жаныңдар!
Шәмші менен Изольданың ғасыры –
«Сыған серенадасына» салыңдар!

Алақанға үңілмеші қара қыз,
Ақ парақты былғап кеткен қара күз –
Мендік тағдыр –
маңдайдағы сызықта,
Алақанның сызығының бәрі аңыз!

Исаны әкеп шегелеген кәрі емен,
Бұтағында керулі тұр бар Әлем!
Тәніңе әкеп телу үшін жаныңды,
Қызыл шеге соғып берген қара өлең –

Қызыл шеге –
Пәк сенімнің дұшпаны,
Мызғымайды надандықтың қыстағы!
Қанша ғасыр бақылауда адамзат
Періштенің қонғаны мен ұшқанын!

Сынығына сыған соққан жасынның,
Қанға бөккен шегесіне Ғасырдың,
Асылып тұр Пайғамбардың мүрдесі,
Тауарихтың ертегісі –
Расым бұл!

Сол шегені сыған соққан деседі ел,
Содан бастап көшті табор, көшеді ел...
Алақанға шеге қақпа қарындас,
Мойнымдағы қылбұрауды шеше бер!

Паранджаның астындағы тұманда,
Қалып қойдым, қалып қойдың, кінәң ба?!
(Таң қаламын.
Бұл не деген бостандық?
Шегесі жоқ үй салатын сығанға!)

Содан бері көшті табор, көшеді ел,
Өнер еркін бола алмаса несі өнер!
Тамырымды кесіп алма аңдаусыз,
Тағдырымды жанарыңмен тесе бер!
Қызыл шеге.
Жаным ояу, тәнім мас,
Тұрып қалдым. Сатқындыққа жаным қас.
Маңдайдағы қарғысымды шеше бер,
Алақанға шеге қақпа қарындас!