Кітапханашы – төрт жарым мың жылдан астам тарихы бар өте ежелгі мамандықтардың бірі. Алғашқы кітапханашылар саз тақтайшаларына жазып, жинақтайтын жазушылар болған. Бұл ертеректе тек ерлерге берілетін мамандық еді.
Кітапханашылар әрқашан қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады, ал кезінде бүкіл елдің, тіпті әлемнің тағдырына елеулі әсер еткен. Өз уақытында кітапханашы болып көптеген танымал тұлғалар жұмыс істеген. Тарихта өз іздерін қалдырған танымал кітапханашылар: Каллимах, Эратосфен, Клавдий Птолемей, Ярослав Мудрый, Евфросиния Полоцкая, Ричард де Бери, Антонио Мальябекки, Готфрид Лейбниц, Иоганн-Даниил Шумахер, А.И. Богданов, Бенджамин Франклин, Голда Меир, Льюис Кэрролл, Марсель Пруст, Якоб Гримм, Джиакомо Казанова, Н.И. Лобачевский, А.Ф. Смирдин, А.Д. Чертков, М.А. Корф, К.М. Бэр, П.И. Бартенев, В.И. Межов, Мелвил Дьюи, Н.М. Лисовский, Б.С. Боднарский, Удо Георгиевич Иваск, Н.В. Здобнов, П.Н. Берков, Хорхе Луис Борхес, М.И. Рудомино және т.б.
Ең танымал кітапханашылардың бірі Бенджамин Франклин болды, ол өзінің пікірталас тобының қатысушыларымен бірге Америка тарихындағы алғашқы кітапхананың негізін қалады. Ғылым қайраткерлерінің арасындағы ең танымал кітапханашы - Эратосфен, ол Ұлы Александрия кітапханасының есігін көптеген оқырмандарға ашқан. Хорхе Луис Борхес кітапханалар туралы жазып қана қоймай, 1939-1946 жылдары мемлекеттік кітапханашы болып жұмыс істеді. «Алиса ғажайыптар елінде» шығармасының авторы Льюис Кэрролл математиканы оқытуды бастамас бұрын Оксфордтағы Христос шіркеуінің кітапханашысы болып жұмыс істеді. «Жоғалған уақытты іздеу» романдар циклының авторы Марсель Пруст мектеп кітапханашысы болып жұмыс істеген. Ағайынды Гриммдердің бірі – Якоб Казеледегі (Kasel) кітапханада жұмыс істеген және сол уақытта олар ағасымен бірге халық ертегілерін жинай бастады. Және, өмірінің соңғы жылдары Богемияда Граф Вальдштейннің кітапханашысы болып жұмыс істеген Джиакомо Казанованы айта кетпеуге болмайды.
Әйел адамдар 1917 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмады, сондықтан мемлекеттік кітапхана қызметкерлерінің қатарында олар 1917 жылға дейін болған жоқ. Дегенмен, тарихта кітапханада жұмыс істеген бірнеше белгілі әйелдердің есімдері қалған. Жас Гипатия (Ипатия) әкесімен атақты Александрия кітапханасында жұмыс істеді. Гипатия үлкен Рим империясына танымал кітапханашы болды. Адамдар Кіші Азияның алыс-жақын елдерінен және Жерорта теңізінен онымен кездесіп, философия, астрономия, математика туралы оның пайымдауларын тыңдау үшін Александрияға келетін болған. Ірі «кітап сақтаушылардың» бірі Полоцкий София соборының кітапханасы болды, оның қалыптасу жолында атақты ағартушы Евфросиния елеулі еңбек етті. Евфросиния Ресейдегі алғашқы әйел-кітапханашы. Голда Меир – Израильдің бесінші премьер-Министрі өзінің саяси мансабын бастағанға дейін кітапханашы болып жұмыс істеген. Өз естеліктерінде ол Милуоки қалашығының және Чикаго қаласының кітапханасында жұмыс істедім деп жазады. Лора Лэйн Уэлч Буш Джордж Бушпен (АҚШ 43-ші президенті) шаңырақ көтергенге дейін қарапайым кітапханашы болып жұмыс істеді. Лора Буш жалпы әдебиетті белсенді насихаттаушылардың бірі.
Әлемде Мысырдағы Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орынды Отырар кітапханасы иемденген. Отырарды жермен-жексен еткен Шыңғыс хан ол кітапхананы да түгелдей өртеп жіберген деген деректер бар. Тек қана Отырарда емес, орта Азиядағы Үргеніш, Мары, Хорезм, Бұқара, Самарқан шаһарларында да «Даналық үйлері» болған. Алайда деректердің жойылып кетуіне байланысты сол кітапханалардың кітапханашылары жайлы ақпарат жоқ.
Ал Кеңес үкіметі кезінде қазақ жеріндегі алғашқы кітапханалардың құрылуы орыс ағарту ісі мен мәдениетінің тарауымен тікелей байланысты. Орыс мәдениеті Қазақстанға әр түрлі жолдармен ене бастады. Соның бір негізгі жолы - алдыңғы қатарлы орыс интеллегенция өкілдері және оның әдебиеті.
Ресейде кітапхана ісінің дамуына ықпалын тигізген белгілі қайраткерлер − В.И.Собольщиков, В.В. Стасов болса, ал Қазақстанда мектеп пен училище кітапханаларын алғаш ұйымдастырушы, кітапхана ісінің негізін қалаушы педагог − Ыбырай Алтынсарин еді. Ол мектеп кітапханаларын ашуға тікелей араласып, балалардың сауатын ашқан және олардың кітап оқуына жетекшілік жасаған. Сонымен қатар, Ы.Алтынсарин оқытушылардың рухани дамуына күнделікті қамқорлық жасай отырып, олардың мәдени дәрежесінің өсуіне, әдістемелік даярлықтарының жақсаруына жағдай жасауға тырысты. Осы мақсатта Алтынсариннің бастауымен мектептерде «Оқытушылар кітапханалары» құрыла бастады. Ы.Алтынсарин мектептер мен кітапханаларды қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетінің ошағына айналдыруға тырысты.
Кітапхана саласында еңбек еткен ұлы тұлғаның бірі мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері – Мұрат Мұхтарұлы Әуезов. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың ұлы. 2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Бас директоры болып қызмет етті.
Бүгінде қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелерінің бірі. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, өзінің кәсіби шеберлігін шындаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін таңдап беріп отырған, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны қашан да бөлек.
Ерғали Г.Б.
Облыс кітапханаларын дамыту бөлімі