АҚЖОЛ деген ауыл бар қыр басында,
ЖЫРЫМ деген өзен бар жылғасында.
Сол Жырымда гүрілдеп сең жүруші ед,
Құс келіп қар еріген жыл басында.
Көлдерінің беті де иректелген,
Аққулары жүзетін үйрекпенен.
Аққуларды білмеймін қайда кетті,
Көлге барсам оларды сирек көрем.
Армандаймыз төбеде малдас құрып,
Көкжиекпен жылғасын жалғастырып.
Тіпті кейде ойнайтын едік біздер,
Бір ауылдың атауын алмастырып.
ҚОЙТАСЫН да сағындым, СИЫРЛЫСЫН,
Мен мұндамын, сен менен қиырмысың?
Қалаға кеткеніме кінәләма,
Тағдыр маған осылай бұйырды шын!!!
ҚОЙТАСЫН да сағындым,СИЫРЛЫСЫН.
ЖЫРЫМ
Алты қанат,ауыл жатыр жағада,
Алты қанат,бір ақ үй тұр жағада.
Сонда менің қалды қимас жастығым,
Мен де қимай аттанғанмын бағана.
“Жырым”жырым, жағадатұр қос лашық,
Осында кеп отау құрған қос ғашық.
Атамызды аттандырған жолменен,
Тәтемізді аттандырдық қоштасып.
Марқұмдарды аттандырған қос лашық.
Сол үйде де менің де бар қол таңбам,
Мен сол үйден сапар шеккем жол таңдап.
Өмірменен өкшелесіп есейген,
Балғын күнім, қалды сонда жаутаңдап.
Біз сол үйде өмір жолын кешкенбіз,
Тек сол үйде босанған...
Тек сол үйден КӨШКЕН ҚЫЗ!!!
Былдырлаған ЖЫРЫМНЫҢ жағасында
Бұлдыраған жылдан қалды көшкен күз.
Қыр баласы қырдан асып келгенде,
Дастарханын дайындайтын бір демде.
Менің сонда ағам да бар, бар сонда
Балдай шәйін ұсынатын жеңгем де.
Сен ЖЫРЫМНЫҢ жағасына келгенде,
Зарыққаның басылар, басылады шөл демде.
Мені де жұрт, төбесіне көтеріп,
Осы үйден әкетеді өлгенде ---
жанарымнан жарық сәуле сөнгенде.
Сен де қалқам сол ақ үйге қарап қой,
Сол ЖЫРЫМНЫҢ жағасына келгенде,
Сол ақ үйдің баласына келгенде.
Есіңе мені ал, сағынып...
*** *** ***
Заманының көшіне де
ілесе алмай бір ақын,
Ей,дүние, қайда тарттың?
Қайда тарттың тұра тұр.
Күйбеңімде тобырларды
күлдіріп-ақ кетейін...
Өлеңімде жылатып.
Мен өмірде адам болмай
кететін де шығармын.
Күйелеш-күйелеш, күйкі басқан
Күйбеңіме сыңармын.
Мынау әппақ дүниеге құмармын,
Мынау әппақ дүниеде тұрар кім?
Жаңбыр жауса,
мені іздей ме жас қайың,
жылайды ма жас қайың?
Өзгелерге, өзгелерден
ақынмын деп аспайын.
О,дүние, мені алысқа әкеткенше ей,жүрек!!!
Мына еліме өле өлгенше
өлең жазып тастайын.
ҚАРА ТАПАНША
(репрессия құрбандарына)
Ахметтер салған сара жол,
Сағымға сіңіп барады.
Қаптаған КЕҢЕС қара қол,
Қасқайып күліп қарады.
Қанды қол жанның қасабы,
Күп-күрең басқан реңдерін.
Ажалды қолдан жасады,
Қыл етіп алып жеңдерін.
Қып-қызыл бояу ажары,
Қып-қызыл отқа салғандай.
Қорғасын болып ажалы,
Жалғнбай жатты жалғанға.
Қара жол, қара жүректер,
Қара қол қара тапанша.
Оқ атып жатты дір етпей,
Оқ атып жатты жаһанға.
Аштықтан өлдік қырылдық,
Кем тұсың сол ғой беу-дүние!
Өмірдің өзі мың жылдық,
АЛАШ дейтұғын кеудеде.
ҚАЗАҚТЫҢ шерін кім білер?
Меңіреу жатса бар әлем.
Кеудені соққан дүмбілер,
Алашты тыққан ҚАРА ӘЛЕМ!
Кеудені соққан дүмбілер...
Қап-қара жара...
ҚАРА ӨЛЕҢ!!!
МЕНІ ОЙЛА
Ауылға барсаң қалайда,
Тоғайға баршы тоғайға.
Бұлбұлдың әнін естісең,
Сағынып сонда мені ойла.
Самалды тыңда үйлесім,
Көйлектің ағыт түймесін.
Шашыңмен,сүйгекн ерінді,
Самал жел бірақ сүймесін.
Қызғаныш па еді өренген,
Қызғанам тіпті өлкеңнен.
Таза бір сезім іздесең,
Бұлаққа келші ертеңмен.
Ақ жаулық болсам тудағы,
Самал да менен саулады.
Тау болып тұрса алып төс,
Кішкентай жүрек жаурады.
Ауылға барсаң қалай да,
Сағынба...
Бірақ,алайда,
Жай ғана жүрек дір етсе,
Қалада жүрген мені ойла.
Жарай ма???
БОЗТОРғАЙ (Төлеген Айбергенов рухына)
Торғай өлең шырылдап бара жатты,
Ауызында ажал дейтін сұрапылдың.
М.МАҚАТАЕВ
Бозторғай...
Шырылдайсың шыңға қарай,
Болдың ба, сен де мендей мұңға малай?
Сенің осы шырылың ажалың ба?
Бір күні мен де шөгем құмға қарай.
Кеше сен балапан ең құсым менің,
Қанат қақтың
Құсаландың,
Жыладыңба? Түсінбедім.
Сен менің көремісің жүрегімді.
Әнге орайсың, жарықтық,
Түнегімді.
Сен оралдың батыстан
Іңірдегі өр,
Қап қара тұман басып түнерілді.
Сен әкелген қалыпты көктем әлі,
Сенің әнің боп қалды бөктер әні.
Ақ-Жайыққа ұштың ба құсаланып,
Ақ-Ерке болып көкке налып.
Міне сол таң да тағы күліп келед,
Ажал қайта келер деп бүлікпенен.
Батысыма қараймын күдікпенен,
Шығысыма қараймын үмітпенен,
Тағы бір бозторғай жүр ілікпеген,
Таң кірпігін жұмбасын күліп келер.
ТАУДЫ СҮЙЕМ
Тауды сүйем
Таулардың баласымын,
Тау ұлымын көрдің бе,
қарашы күн.
Көмейімнен бір әуен шуылдаса,
Өрге қарай кетеді таласып үн.
Түңілгенде таулардың қара шыңы
Көкке алады сонан соң бір асылып.
Таудың ғана бар шығар кимешегі,
Тауға ғана ақ бұлттар үйлеседі.
Тауды сүйем,таудағы күнді сүйем,
Тауға ғашық болмасам сүймес едім.
Қызыл отқа оранып қызыл күнім,
Тау артына кетумен үзілді мың.
Ертең мен де кетемін тау артына,
Ертеңгілік ғұмырым ---
Сызылды күн.
Қара өлеңді жазамын, тауға ғана,
Тауға ғана қалдырам сауға-нала.
Құба менің далама бара қалсаң,
Мен таудамын, тауға қара,
Қара бала боп қалам тауға ғана.
*** *** ***
Тағдырдан іздеп бақыттың тарамыстарын,
Толқытып жатыр жүректі қара мыстаным.
Жанарымдағы жаспенен кетпесе игі,
Қарашығымдағы “қара өлең” ҚАРА ҚҰСТАРЫМ.
Қара құстарым қанатын қақса жел дүбір,
Тәңірден маған АҚ ӨЛЕҢ жаз деп келді үкім
Өлеңге ғашық жүрегім өмірге емес,
Ақ өлең емес, қара өлең жазар келді күн.
Керемет өлең жазылар сезем бір күні,
Естілер сонда аспаннан менің өрт үнім.
Керемет ән де жазады сұмдық өлеңге
Бұлттардың ғана күркірі...
Керемет өлең жазамын...
Сезем... Бір күні!!!
САҒЫНЫШ
Аққудай болсын, қазақтың сендей бар қызы,
Аяулы күнде айдынға қонған жалғызым.
Наурызда келген Нәурізек сынды бағыма,
Оралып келші Алтайдан маған 'Қар-қызы''
Баянды болып бағыма қонған төрлетіп,
Күн нұры сүйген құмары қанбай келбетін.
Жанымды жарып, қауызын жарған гүл болып,
Шөлдетіп жатыр, жанарға сыймай жер бетін.
Сағынып жүрмін сарғайып кетті күн нешік,
Түсімде түнде сенімен жүрем тілдесіп.
Сарғайған баққа оралып келді қарлығаш,
Сағынған жанның мұңы мен шерін білгесін.
Желтоқсан қосып бір бірн сүйген жандарды,
Құдаша қызға, жүректен шыққан ән бар-ды.
Өзіңсіз талай неліктен жүрмін қарсы алып,
Шығыстан күліп, шұғыла шашқан таңдарды.
Уақыт қой, уақыт...
Шешімін таппас не дерсің?
Мен сендік болып,
Сен мендік болып өлерсің.
Аққуым менің!!!
Қарлығаш құсым, пәк құсым,
Егінді-бұлақ, ұшырар сені көгершін.
Құпия
Мен сүйген қыз,
Аралап жүрген періште ме екенсің
аспанмен жердің арасын,
Айға ұсаған Айдана ма екен келіскен есім.
жанары мөлдір жаны асыл.
Жүр екен қайда?
Жүр екен кіммен жарасып
жанын жаралап,
Дүниедегі бір асыл
мен үшін ол да дара бақ,
Жүр екен кіммен
ҚАРАҒАНДЫНЫҢ бағын аралап,
Жүр ме екен біреу, жанын жаралап.
Жанарға сіңген
Осы бір бейне қайда да, бақытсыз болған тәрізді,
Сондықтан қара дақ болды
Өсекке толды айналам,
Қайда жүр сол қыз жаны ізгі?
Қызарып батқан күндер жоқ кәзір
шуылдап батқан кеште де,
Қуарған күз де келмеді, жап-жасыл әлі жапырақ,
Жүрегімдегі кестеде гүлдемей жатқан атырап.
Ауылға барсам,
Сен жүрген жолға қараймын жүрегімменен күрсініп,
Әп-әйбәт сенің келбетің---- музасы болар талайдың,
Даланыңбиші,ақ қайыңдарының бүршігі.
Жанарға сіңген дидармен, қиялға шомам кейде мен,
Қыр қызы әне өзгемен барады тастап түзді ауып,
Мен үшін жырлау сол қызды сондық бейнемен,
Жүрегімдегі дауасыз екен сыздауық.
Барасың әне өзгемен...
Барасың әне түзді ауып.
Ғұмыр-ана
Қари басып жатыр ма екен көрпені гүл,
Ауылда қалған екен ертегі күн.
Жылғада былдырлайды “Ерке Жырым”
“Жырымға” құлайды кеп ерке ғұмыр,
Жылғада жылайды екен келте ғұмыр.
Келте ғұмыр Жырымның жағасында,
Ауылдың әрбір үйі
көшенің арасында.
Талай-талай алдымнан таң ашылған,
Бір-ақ шықтым бұл күні жаңашылдан,
Жаңа ғасыр
Жаңа күн жаңа ашылған.
Әлі талай ашылар қақпа маған,
Өткен күннің өлеңін жаттап алам.
Жазып кетіп өмірді аққа ғана,
Сонан соң, мәңгілікке аттана алам.
Емханада
Күндер қайда ауырмаған кешегі,
Бүгін міне емхананың төсегі.
Таңдар осы бөлмесінде атады,
Таңдар осы бөлмесінде өшеді
Бұл да менің өмірімнің есебі,
Жатар орын емхананың төсегі.
Таңдар осы терезеден сығалап,
Таңдар осы терезеденкөшеді.
Жо...жоқ дүние тоқтаман,
Дәрігер бар адам жанын сақтаған.
Жан сақтауда, жүректер бар күрескен,
Жан сақтауда,жүректер бар тоқтаған.
Мейірбике адамзаттың жақыны,
Дариға-ай деп дертін іздеп ақыны.
Өмір деген таусылмайтын тіршілік,
Өмір деген таусылмайтын тақырып
.
*** *** ***
Қарқара ..
Оралды ма құсым менің,
Хатымды апарды ма ішімдегі?
Мен сенің құшағыңды, сағынғанда бара алмадым,
Өзімді түсінбедім.
Кешегі жастық өмір өткелі тұр,
Көшінен оза шапты шетке ғұмыр,
Қарқара
өз жастығын аманаттап,
Ұл сенен болашаққа кеткелі тұр.
Бал дәурен
бал қалпыңда қаласың ба?
Сен қайта жаралмайсың жарасымға.
Тауыңнан таң келеді таралып нұр,
Тіршілік бастау үшін таласуға.
Қағида
(Төлеужан Ысмайловқа)
Менің мына кеудемде,
Кездеспеген өмір бар.
Сүй жүрегім, сүйе бер
Маған жазған өмірді әр.
Берілмейін десем-дағы енді ойға,
Жазып қойған, қайтем, көнем маңдайға.
Өлім жайлы ойлағанда түршігіп,
Өмір сүргін келіп кетер ондайда
Пешене ғой жазып қойған маңдайға.
Тіршілікке неге сонша құмармын?
Ұлы көшке ұмсынады Ұлар-күн.
Ақын болып туылған соң дүние!!!
Мен мәңгілік өлмейтін де шығармын.
Жоқ, жоқ
Әттең!!!
Мәңгілікке тұрар ем жерлеп жатыр,
Бір әлемді бір әлем.
Ей, дүние!!!
Сен де ақынға құмар ең,
Енді міне табытқа сап бар әлем,
Шығарып сап жылап жатыр мына ел.
Ақын кетіп бара жатыр қоштасып,
Жер аспанмен, аспан жермен астасып.
Мұқағали кетті емес пе осылай?!
Кетті емес пе, мына әлемнен Хас Қасым!
Іздерінен мен де кетсем ел нендей,
Ойда қалып қояр ма екен шерленбей.
Дүние мен жерлеп қойған ақынның,
Арасында өлең жатыр жерленбей,
Арасында өмір жатыр жерленбей.
Шексіздік
Шыңдарынан тұрса дағы асып күн,
Мен бәрібір тауларыма ғашықпын.
Маған алыс емес шығар, сондықтан
Ешкім әлі қол созбаған қашықтық.
Маған алыс емес шығар барлығы,
Маған кеңдеу, дүниенің тарлығы.
Тау нуындай мен де бір күн шуласам,
Жартасыңда жарады онда зарлы үнім.
Топырағы болсам егер даланың,
Дауыл болып солар едім бар әнін.
Кеудемдегі гүлдері ме, мөп-мөлдір
Қыздар келіп байлар еді жанарын.
Өзен болсам сыймас едім арнама,
Маған келіп құлайды онда бар бала.
Жағама кеп жылайды ма мұңдылар?
Бар қайғыны жеңеді деп зар ғана.
Жазбау бәрін мүмкін емес, өлеңмен
Табиғат қой, ол да ана дегенмен.
Ауыл жаққа бармағалы көп болды,
Таулар мені күткен шығар елеңдеп,
Өзендерім күткен шығар елеңдеп.
Шыңдарынан тұрса дағы асып күн,
Қарқаралы тауларына ғашықпын.
Маған алыс емес шығар, сондықтан
Ешкім әлі қол созбаған қашықтық.
Сұңғыла жүрек
Сұңғыла жүрек, өктем үн,
Өзекті өртеп барады.
Сендегі туған көктемім,
Мендегі жастық жанары.
Жотаңда өскен құлын күн,
Жорғалап кетті жотаға.
Күндерім неткен бұлыңғыр,
Бұлыңғыр таңдар ата ма?
Бұлыңғыр таңдар тұмшалап,
Тамұққа мені салмасын.
Сарындап тұршы мың шанақ,
Күйімен мені алдасын.
Алдасын мені алдасын,
Алданып жүрмін бәрібір.
Күйік боп кеуде қалғасың,
Күл болып қалсың тағдыр.
Тірлігі мына қаланың,
Тірілтіп жатыр өлгенін.
Махаббат салған нала-мұң,
Нала-мұң дейтін көрдемін.
Күйіңді шертші күйші інім,
Қаламыңды алып қолыңа.
Жек көрем иттің үйшігін,
Сыйыңды төкші жолыма.
Сыйыңды төкші сұранған,
Мына жұрт кетсін дүрілдеп.
Ылдида жатқан бір арман,
Жотаға кетті дірілдеп.
Жазыма келдім жайраңдап,
Күзім де келер шамасы.
Көктемде қалды қайран бақ,
Алшақтап кетті арасы.
Алыстан көрдім қалашық,
Көз жетпес екен биігі.
Кетпесем болды адасып,
Жолымның жүрер қиыны.
Кетпесем болды адасып,
Алдында сенің қаңғырып.
Ақыл мен жүрек жанасып,
Бір дауыс шықты жаңғырып,
Сен биіксің қалашық,
Сендегі биік заңдылық.