Кітап және әлем кітапханалары жайлы қызықты деректер

Қоғамымызда электронды ақпарат құралдары, басқа да көздері көбейгенімен кітаптың орны бөлек. Кітап өміріміздегі, қоғамымыздағы қажеттілігін айтып жеткізу мүмкін емес. Данышпан Абай «Артық білімі кітапта, ерінбей оқып көруге» - дейді. Білім бұлағы саналатын кітаптың қастерлі қасиетін таныған Шығыстың жарық жұлдызы Әлішер Науаидің мына сөздерін еске алар болсақ: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына», - деген екен. Кітаптың құдіретін паш етеміз, ал сол кітаптың өзін қайдан аламыз? Қызықты ақпараттар және тың мәліметтермен қайда танысамыз? Әрине, білімнің қайнар бастауы болып саналатын кітапты сақтайтын, жинақтайтын, оны оқырманына жеткізетін қасиетті орын – кітапхана.

Бүгінде ғылыми-техникалық прогресс пен адамзат өркениеті қаншалықты жедел қарқынмен дамып, әлемді ақпараттық технологиялар билеп, кез келген кітаптың мәтінін әп-сәтте интернеттен тауып алатын жағдайға жетсек те, кітапхананың орны бөлек. Қалаған кітабыңды қолыңа ұстап, парақтап оқып, керекті ойларыңды белгілеп, жазып алып, еркін пайдаланғанға не жетсін?!

Кітапхана бір кездері адамның зияткерлік прогрессін білдіретін орын болған. Кітапханалар кең құлаш жайылып салынып, оларға қаражат аямаған. Уақыт өткенімен олардың кейбіреулері әліде үлкен әсер қалдырады. Қазіргі заман кітапханаларының азы ғана олармен бәсекелес бола алады.

Төменде кітаптар мен әлемдегі ең таңғажайып кітапханалар туралы қызықты деректер топтамасын ұсынамыз. Тамашалаңыз!

  • Әлемдегі алғашқы кітапхана 8000 жыл бұрын пайда болған. Ежелгі Месопатамия тұрғындары тақтайшаларға балшықты жіңішке «сына» деп аталатын таяқшалармен жазған екен. Осы тәсілмен «сына жазуы» танымал бола бастады. Тақтайшаларды күйдіріп, олардың ішіндегі ең бағалыларын бұзылып кетпес үшін арнайы конверттерге салып қойған. Археологтар үлкен сарайларда тақырыптарына байланысты іріктеліп сақталған осындай конверттердің біразын тауып алған. Осы кезден бастап кітапхана тарихының алғашқы беті ашылған.
  • Ең танымал - ежелгі Мысырда орналасқан Александрия кітапханасы. Онда Аристотель және Евклид сияқты ұлы ақылдар оқыды. Өкінішке орай, ол жойылып кеткен. Онда 200000 шиыршық қағаз және 700000 жазба сақталған.
  • Әлемнің екінші үлкен білім бұлағы – Отырар кітапханасы Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде жоғалып кетті. Бұрын Фараб аталған бұл қаладан тек ислам әлеміне емес, күллі дүние жүзіне аты мәшһүр, әлемдік ғылымға сүбелі үлес қосқан оқымыстылар шыққан-ды. Мұнда ежелгі сына жазуымен жазылған туындылар мен папирус орама қағаздарынан бастап, ортағасырлық Еуропа, араб және Қытай ғалым - оқымыстыларының шығармаларына дейін жинақталған. Міне, осындай кітап қоры өте бай кітапхана 1218 жылы пұтқа табынушы шапқыншылардың аяғына тапталды. Отырар кітапханасы ата-бабамыз мекен еткен алып аймақта ілім дәнін сепкен киелі жер болғаны ақиқат. Көптеген мұсылман ғұламаларының еңбектері арқылы Отырар кітапханасы біздің даламызға ислам дінінің таралуына өз үлесін қосты.
  • Йельс университетіндегі сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бар Бейнеке кітапханасы 1963-жылы қаланған. Ғимараттың қабырғалары мөлдір мәрмәрден жасалған. Бұл сирек кітаптар мен манускриптерді сақтауға арналған әлемдегі ең үлкен кітапхана. Мұнда бүгінде 11 миллион кітап бар, соның ішінде Гутенберг Библиясының 48 данасы сақталған.
  • Прага қаласында орналасқан Страговск монастырінің кітапханасы 1149-жылы қаланған. Мұндағы ең көне кітаптар ХІІ ғасырға жатқызылады. Бүгінгі күні кітапхана мұрағатында 130000 кітап, 1500 мерзімді баспасөз, 2500 қолжазба және бірнеше мың графикалық жазбалар сақталған.

 • Орта ғасыр аяқталар тұста сәулеті көкпен таласқан шіркеулер салына бастаған кезде кітапқұмар адамдар да құр алақан отырмастан, сол шіркеулердің жанына кітапханалар тұрғыза бастады. Университеттер де кітап қорын көбейту мақсатында білікті жұмыс атқарып, кітап жинауда белсенділік танытты. Париж университеті, Гейделберг пен Флоренция университеттері өздерінің даңқты кітапханаларымен мақтанып, «бұғауланған» кітаптарымен таныла бастады. Бірақ ол кездерде кітаптарды жасап шығару қиын іс болатын. Өйткені олар өркениетін жасырып ұстамаса да, «қызғанып» қатар-қатар болып тізілген қабырғадағы кітаптарын шынжырлап сақтады.

  • Әлемдегі ең ежелгі кітап Присс папирустары болып табылады. Ол б.з.б. 3350 жылы жазылған. Бұл қолжазба, оны 1839 жылы тапқан Фивадан тапқан Эмиль Присстің құрметіне осылай аталған. Қолжазбаның авторы – перғауынның уәзірі Пта-Готеп. Ол қолжазбада – жастардың тәрбиесіздігіне, ақымақтығына, мінез-құлықтарының өзгергеніне налыған.
  • Осыдан 1000 жыл бұрын өмір сүрген парсы визирі Абдул Кассим Исмаил қайда барса да әрдайым өзімен бірге жеке кітапханасын алып жүргендіктен даңққа ие болған. Бұл өте қызықты факт, оның кітапханасы 117000 кітапты қамтып, алфавиттік тәртіппен сұрыпталған кітаптары 400 түйеден тұратын керуенге тиеліп жүрген.
  • Атақты библиоклептоман Стив Блумберг кітапты ұрлауға бейім болған. Ол өзінің «мансабы» үшін әртүрлі елдердің 270 кітапханасынан 23 мыңға жуық таңдаулы шедевр кітаптарды ұрлаған. Топтамасының жалпы бағасы 20 миллион доллардан асады.
  • Кітапханада кітаптарды жіктеу жүйесін Ежелгі Қытайда ойлап тапқан. Бір кездері кітапханаларда барлық кітаптар түбірімен сыртқа емес, ішке қойылған.
  • Қазіргі таңда әлемдегі ең үлкен кітап – «Бұл – Мұхаммед (с.ғ.с.)» деп аталады. Оның салмағы 1,5 тонна шығады. Кітап 429 беттен тұрады. Оны 9 ай бойы 50 адам жасап, 2,7 млн доллар жұмсаған.
  • Әлемдегі ең үлкен Электронды кітапхана - Конгресс кітапханасының жобасы болып табылатын Дүниежүзілік сандық кітапхана. Цифрланған кітаптар көлемі - 15 терабайт.
  • Қазіргі заманғы кітапханаларда 130 миллионға жуық түрлі кітап сақталған. Дана емес, 130 миллион туынды (басылымдар) бар. Кітаптарды данамен есептегенде әлдеқайда көп дана.

Орындаған:

Кітапхана басшысының орынбасары

Г.Н. Умбединова