Туған табиғатты қорға

Табиғат – адам баласының тіршілік тынысы әрі таусылмас қазынасы. Адам табиғаттың туындысы ретінде біте қайнасып, өміріне қажетті азық қорын алады.

Табиғатты қорғау дегеніміз - табиғат ресурстарын пайдалану барысында оның тиімді жолдарын іздеу, қайта түлету, бүліну, ластану жолдарынан сақтау және қорғауды жүзеге асыру. Табиғатты қорғауға халықаралық, мемлекеттік және қоғамдық ауқымдағы ғылыми тұрғыда бағытталған іс шаралар жатады.

Соңғы жылдары жер шарында барлық табиғат қорлары бұрын-соңды болмаған антропогендік өзгерістерге ұшырап отыр. Олардың ең бастысы - әлемдік климаттағы өзгерістер. Күн мен жел энергиясы сарқылмайтын қор болғанымен, өнеркәсіптің қарқындап дамуына байланысты ауаға зиянды газдар, шаңдар көтеріліп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруде. Бұл апатты құбылыстар өнеркәсіп шоғырланған ірі қалаларда өріс алып отыр. Ауа кеңістігінің ластануы Дүниежүзілік мұхиттар мен теңіздерге де өз ықпалын тигізуде.

Қазақстан Республикасының аумағы - 2724,9 мың шаршы шақырым жерді алып жатыр. Қазақстан екі құрлықтың - Еуропа мен Азияның тоғысында, Шығыс бойлығының 45 пен 87 градус арасында, орналасқан. Аумағы бойынша дуние жүзінде 9 орынға ие, Ресей, Канада, Бразилия, Үндістан елдеріне ғана жол береді. Елімізде экологиялық мәселелер халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайы мен денсаулығына әсері орасан зор. Қазір елімізде халық шаруашылығының әр салаларының тез дамуы нәтижесінде табиғатқа орны толмас зиян келіп отырғанда, жастарды экологиялық жағынан тәрбиелеудің зор маңызы бар. Ауа да, су да мол мөлшерде ластануда. Ал олар бұдан бұлай да осы дәрежеде ластана беретін болса, болашақ ұрпақтардың өмір сүруіне үлкен нұқсан келетіні сөзсіз. Сондықтанда да, табиғатты қорғау әр азаматтың тек міндеті ғана емес, абыройлы борышы.

­­Өркениетті елдер сияқты біздің республикамызда да табиғатты қорғауға көп көңіл бөлініп отыр. Мемлекетімізде табиғатты қорғау туралы заңнамалар қабылданды.

Қазақстан Республикасының табиғатты қорғаудың заңнамаларының негізгі мақсаты - экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экология саласындағы «жасыл» экономикаға көшу, қазіргі және болашақ ұрпақтар үшін салауатты және қолайлы жағдайды қамтамасыз етуде елдің тұрақты дамуына жәрдемдесу болып табылады.

Оны жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі, және Жер, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, Су, Орман кодекстері, Жануарлар дүниесін қорғау, оның өсімін молайту және пайдалану туралы заңдары. 

Табиғат заңдарында көрсетілген ұстанымдар мен ережелерді орындау әрбір азаматтың міндеті. Табиғатты қорғауды жүзеге асыру үшін оның негізгі бағыттарын, заңдарын, ұстанымдарын білу әрбір азаматтың борышы болып саналады.

Табиғатты қорғауды жүзеге асырудың негізгі бағыттары:

  • Жекеленген өндіріс орындары мен өнеркәсіптерді, агроэкологиялық кешендерді игеруде қазіргі заманғы ғылым мен техника жаңалықтарын пайдалана отырып, өндіріске аз қалдықты немесе қалдықсыз технологияны енгізу;
  • Экологиялық заңдардың орындалуын үнемі қадағалау;
  • Ірі құрылыстарды, өнеркәсіп кешендерін т.б. объектерді салуда экологиялық сараптама жасау;
  • Табиғатты қорғау мәселелерін шешу жолдары, оның барысы туралы үнемі үгіт насихат және ақпарат жүйесін ұйымдастыру.

Қазіргі уақытта карантинге жабылған қалалардың әсерінен экологияның сәлде болса тазарғанын байқауға болады. Мұны қарапайым қала кейіпінен көруге болады. Қала ішіндегі көліктердің шектелуінен, адамдардың сыртқа шықпай үйде болуынан да байқалады.

Жалпы, елімізге келген індет әр азаматтың санасына қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге де әсерін тигізді деп ойлаймын. Айналамызға, өмір сүріп отырған ортамызға тазалықпен, ұқыптылықпен қарау қажеттілігін мойындайық. 

Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету

секторының басшысы:

Багзибекова А.Х.