Ұлы ерлікке мың тағзым!

Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жақындатқан ата-апаларымыздың ерлік істері мәңгі өлмейді. Адамзат тарихында алапат қасірет әкелген осынау отты жылдардағы зобалаңның салмағының ауыр болғанын, бүгінгі ұрпақ ешқашан да ұмытпауы тиіс. Осы жылы біздің тарихымызда үлкен орын алатын оқиға – Ұлы Отан соғысы артта қалғанына 75 жыл толады. Ғұмырымыздағы аса қуанышпен қарсы алатын мерекелеріміздің бірі - Жеңіс күні. Жеңіс күні қанша уақыт өтсе де, қилы өзгеріс болып жатса да, ұрпаққа ең ыстық мейрам болып қала береді.

Бұл Жеңіс болмағанда көптеген елдер мен халықтардың тағдыры басқаша қалыптасып, Қазақстанымыз да тәуелсіз ел болмас па еді? Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні - соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына бас иіп, ал арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан да құрметпен қарап, олардың жауынгерлігіне және ерліктеріне тағзым ететін күн. «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» - деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ардагерлер - Қазақстан халқына бейбітшілік, тыныштық, береке, бақыт орнатқандар. Омырауларында жарқыраған орден-медальдарын тағып көзге оттай басылатын ардагер қатары жыл санап сиреп барады. Бұл күні олар сұрапыл соғыстан оралмаған қарулас майдангерлерді еске алады.

Тарих беттерін парақтаған адам жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін байқар еді. Осы бір аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан 2 миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады... Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды...

Ұлы Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Нүркен Әбдіров, Нұржан Қазбековтың және көптеген жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен  жазылды.

Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген ағаларымызбен бабаларымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамыз. Соғыс майдангерлері Отанға деген шын сүйіспеншілігімен, ерліктерімен, қайсарлығымен, жігер - қайратымен, ел қорғау сезімімен келер ұрпаққа үлгі болды. Еліміздің тарихында, жалпы әлем тарихында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі өшпес ерліктерімен мәңгілікке жазылып қалды. Жалпы тарих үшін бұл азғана уақыт болса, адамзат өмірінде алатын орны ерекше. Қан майдан, сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» - деген ұранмен шайқасқан, бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі мен келер ұрпақтың өтелмес парызы.

Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі. Жеңіс күнін тарту еткен майдангер аталарымызға қаншама жақсылық жасасақ та жетпейді. Біздің бейбіт өміріміз үшін қан майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен батыр бабаларымызға мәңгілік тағзым!

 ҚЖӨжКҰБ кітапханашысы Г. Т. Кемельбаева