Ұлы даланың ұлық тұлғасы

Қасиетті қазақ даласы талай ұлы тұлғаларды дүниеге алып келді. Қазақтың топырағынан көкірегі ояу, көзі ашық ойшыл азаматтар бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал, ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби.

Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Отырар қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында «Екінші Ұстаз» атауына ие болды. Өз өмірі аясында ел дамуына үлес қосып, көптеген жазба еңбектерін қалдырған. Ғұламаның жазбалары бар әлемге танылған. Жазған туындыларының ешқайсысы мән-маңызын жоғалтқан емес.

Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толып отыр. Біздің кітапханамыздың кітап қорына ғұлама ғалымның мерейтойына арнап шығарылған қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі 7 томдық шығармалар жинағы келіп түсті.

«Қайырымды қала» атты бірінші томында бірқатар қоғамдық, әлеуметтік, этикалық мәселелерге талдау жасалынған. Ойшылдың бұл шығармасында мемлекеттің пайда болуы, ондағы теңсіздіктің өмірге келуі, идеал қала халқының моральдық бейнесі, қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әр адамның бақытқа жету үшін бүкіл қоғам болып тіршілік ету керектігі туралы айтылған болса, ал «Философиялық трактаттар» атты екінші томында Әл-Фарабидің философиялық көзқарастары, интеллектің түрлері, тіл туралы ғылым, логика, математика, табиғат және тәңірлік ғылымдар, азаматтық ғылым, фиқһ және діни ілім бойынша бес тараулық тақырыптар тереңінен қамтылған.

«Әлеуметтік этикалық трактаттар» деп аталатын үшінші томына ұлы ойшылдың «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету туралы» төрт трактаты енгізілген.

Шығыстың энциклопедист-ғалымының музыкалық шығармашылық қыры «Музыка туралы үлкен кітап»  атты төртінші томында - исламдық ортағасырлық мәдениеттің елеулі құбылысқа айналған музыка ғылымының біртұтас жүйесі туралы қамтиды, сонымен қатар Әл-Фараби музыканың табиғатын түсіндіретін терорияларды, поэзиялық және музыкалық өнердің байланысын ашып көрсеткен.

Әл-Фарабидің рухани мұрасы сан қырлы. Ұлы ойшылдың шығармалар жинағының бесінші томы – «Ғылым туралы кітап» деп аталады. Бұл басылымға ғалымның «Евклидтің бірінші және бесінші кітап кіріспесіндегі түсініксіз тұстарды түсіндіру», «Геометриялық денелердің табиғи құпиялары мен рухани шебер амалдар туралы кітап», «Адам денесінің мүшелері туралы Аристотельмен келіспеген Галенге айтылған уәждер» және тағы да басқа трактаттары енген. Бұл томнан ғалымның ғылым мен жаратылыстанудағы, медицина, физика, химия, математика салаларындағы ізденістерін аңғаруға болады.

Алтыншы том – «Ой-сана туралы кітап» деп аталғанымен, бұл алдыңғы кітаптың жалғасы ретінде саналады. Осы жинақтан математика мен жаратылыстану салаларының қыр-сырын терең түсінуге болады. Сондай-ақ бұл томға Дешті-Қыпшақ даласына он бір ғасырдан кейін жеткен Фараби жырлары жинақталған. Сонымен қатар шығармадан ұлы ойшылдың өмір жолы мен еңбектері туралы мол мәліметтермен танысуға болады.

Биыл «Бір елбір кітап» республикалық акциясы аясында Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романын жыл бойы оқуға ұсынылғаны барлықтарыңызға мәлім. Осы роман жинақтытың жетінші томына да енгізілген.

Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы ұлы ойшылдың кемеңгерлігі мен терең білімділігі үшін екінші ұстаз атанған қыпшақ даласының тумасы Әбу Насыр әл-Фарабидың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Автор Әл-Фарабидің ой-арманының, пікірінің өз дәуірінің идеялық-рухани, діни, сондай-ақ күнделікті, тұрмыстағы талап-тілегімен, ұстанымымен үндеспегенін, қайшы болғанын көрсетеді. Басты кейіпкердің қилы оқиғаларды басынан кешкен қиын тағдырын тізе отырып, оның жан дүниесінің ең нәзік тұстарын жеткізе отырып жазушы ғалым-ағартушының әсерлі және әдемі бейнесін көруге болады.

Кітапхана қорына сыйға тартылған кітаптар өз оқырмандарын тауып, рухани кемелденуіне ықпал етеді деп сенеміз.

 

 

 

ҚЖӨжКҰБ кітапханашысы Г. Т. Кемельбаева