Дәстүріміз жаңғыра берсін!

                                                                 «Салтын білмеген сауапты түсінбейді»

                                                                                                                                                   Халық  мақалы

Әр халықтың ұлттық танымын, көзқарасын, өзіне тән жеке ұлттық ерекшелігін білдіретін наным-сенімі, әдет-ғұрып,  салт-дәстүрі бар. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмыт болып кетуіне жол бермей, қазіргі қоғамда өте жарасымды етіп қолданып жүрген халықтың бірі – қазақ халқы.

Жалпы, салт-дәстүр деген не, соған тоқтала кетсек.  Салт-дәстүр –атадан балаға жалғасып отыратын тұрмыстық, әлеуметтік ұстанымдар, ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Ешбір заңда, ешбір кодексте жазба түрінде көрсетілмегенімен халық оларды бұлжытпай орындауға тырысады. Өйткені әрбір адам үшін  дәстүрлік тәлімдердің пайдалы жақтары өте көп. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен өсірген. Қазақтың мақтанышы, ұлы жауынгер Бауыржан Момышұлы айтпақшы: «мен өзімнің ұрыстағы тәжірбиемнен жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» - деп жазады. Батырдың бұл сөзінен ата-баба дәстүрінің кез-келген ортада алатын рөлі қандай деңгейде екенін көруге болады.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері ата-бабаларымыздың тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, дүниетанымына орай туындап отырған. Оларды қоғамдағы атқаратын қызметіне қарай отбасылық және қауымдық-әлеуметтік дәстүрлер деп үлкен екі топқа бөлуге болады.  Осындағы отбасылық дәстүрге баланың дүниеге келуі, ержетуі, тәрбиесі, келін түсіру, қыз ұзату, өлім-жітім мәселесі жатады. Ал қоғамдық-әлеуметтік дәстүрге бүкіл ел болып өткізетін әдет-ғұрыптарды жатқызуға болады. Мысалы, наурыз мейрамы, діни мейрамдар, ас беру, бәйге ұйымдастыру т. б. Сондай-ақ қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, ата-кәсібіне байланысты әдет-ғұрыптар қаншама!

Міне, бұл дәстүрлер – дала философиясының бір парасы ғана.  Теңіздің дәмі тамшыдан дегендей, жоғарыда айтылған салт-дәстүрлердің өзінен, қазақ әрненің байыбына барып, жөнге салып, шешім шығарады және дәстүр-салттың дені жамандықтан қалас, жақсылыққа жанас  жүруге тәрбиелейді деуімізге толықтай негіз бар. Өйткені қайсыбір дәстүрді дәріптесеңіз, арғы жағынан адами сезіммен астасып жатқан мейірім, сағыныш, қамқорлық, махаббат сынды – бүгінгі қоғам зәру адамгершілік құндылықтар бас көтереді. Сондықтан болар, Елбасымыз: «Жастарымыз салт-дәстүрді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттық озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы керек» деп болашақты баромтердей болжап, Мәңгілік елге аяқ басқан жастарға қойылар талапты қадап-қадап айтқан болатын.

Иә, расында «Ата салтың – халықтық қалпың» демекші, өз ұлтымыздың қадір-қасиетін, ой-өрісін танытатын салт-дәстүрімізге мейлінше құрметпен қарап, оларды қастерлеу барша қазақтың елдігіне сын.  Қазақ елін өзге жұрт сыйлап, бағаласын десек, ұлттық салт-дәстүрімізді ардақтай білейік, асқақтата білейік! Ертеңгі ұрпағымыз ұлтжанды, отаншыл болып өссін десек, ата дәстүрімізді құрметтеуді үйретейік! Кейін өкінбеу үшін жеткіншектеріміздің бойына ұлттық тәрбие нәрін ертең емес, бүгін сіңірейік!

 

Ақниет Құдайберген

Абонемент бөлімі