Күз-ғұмыр
Бізді осылай ажыратты Күз келіп,
Менде үміт қалып қойды, Сізде үміт...
Таптап жүріп, тағдырымыз жазылған,
Жапырақты іздедік.
Ақ жауындар айтушы еді Күз мұңын,
Ұнаттым мен. Ұнаттыңыз Сіз бұрын.
Тамшылардай талай сәтке куәгер,
Түсінеді бізді кім?
Жылап тұрып табыстырған Күз жалған,
Менде арман көп болатын, Сізде арман...
Сол бақыттың солатынын кім білген,
Сәл кешірек, ызғардан.
Көңілдерді құлазытты Күз неше,
Менде сәл-сәл қимастық бар. Сізде ше?..
Қолшатырға тығыламын қорғанып,
Жаным жылу іздесе...
Аяғанмен, аяламас бізді өмір,
Өлең мені әлдилесін, Сізді Жыр.
Сары бақта сағынышқа айналған,
Қайран, мендік Күз-ғұмыр...
КІЛТ
Жазмышымның жазасын-ай мұншама!
Құлап келем жолдарында тайқып кең.
Үйдің кілті өз қолымда тұрса да,
Есігіңді аша алмаймын қайтып мен...
Жанарымды жадыратар күш кімде?
Ой қамаған о бастан-ақ орап мұң.
Үйдің кілті жатыр үстел үстінде,
Бақытымның кілтін қайда жоғалттым?..
Сені ессіз сүйгенімді ұмытпай,
Сені ессіз сүйгенімді ұмыттыр...
Суып қалған көңілімді жылытпай,
Жүрегіңе барар жолда құлып тұр.
Көшесінде қаңғып келем қаланың,
Сезімімді қайтем саған кіріптар?..
...Дәл алдымда бір қыз кетіп барады,
Қолында көп сылдырлаған кілт бар.
Мен енді...
Келер дегем мен…
Бос үміт!
Сыз денем…
Ойнақтап, мейлі, енді от бассам.
Өлеңдерімнен…
Өзіңді іздеме,
Мен сендік сезіммен қоштасқам!
Өмірге өкпем жоқ сындарлы,
Қит етсе, күреске шақ тұрам.
Мен енді сен жайлы жырларды,
Қиналмай, қоқысқа лақтырам !
Көңілдің қалауы, бүкпеймін –
Өзгерді сезімнің шертісі,
Мен енді сенен жыр күтпеймін –
Жалғыздық – жанымның емшісі.
Бекерге тақпа мін тағдырға,
Сезімді күткен ем сеннен тек…
Мен енді өзіңнің алдыңда,
Тұрмаймын ешуақыт төмендеп!
Сүрінсем…
Өзімді сүйреймін,
Көрдік қой сан мәрте құлап та!
Мен енді өзіңді сүймеймін –
Жылап та!Сұрап та!Бірақ та…
***
Қара сыз.
Қалтырай үн қаттым…
Шарасыз –
Шыға алман шырқап тым.
Тербеген тәтті мұң жүрегін,
Меңдеген сағыныш сырқатпын.
Үзбейді-ау,
Үзбейді күдерін,
Күз мейлі,
Өзгертсін түр-өңін.
Сынық деп білсең де көңілімді,
Суып тек кетпесін жүрегің!
Таяқтап тасталған жанда – мұң,
Аяқтың астында – арманым.
Күліп таң атпайды өзіңсіз,
Суықтан…
Жылытшы, жаурадым?..
Тағдырды жеңуге талпындым,
Жаңбырда жасымды марқұм ғып,
Өмірдің аязы түк емес,
Қинайды сендегі салқындық!
***
Көңілге тағы келген бе,
Қытымыр қыстың ызғары?
Өксіді жүрек көргенде,
Сөзіңде салқын сыз барын…
Онсыз да сынық көңілдің,
Кім біледі, қайта сынбасын…
Мен кешіп жүрген өмір – мұң,
Жұтамын жырдың тұнбасын.
(Кешірші, арсыз ой мына)
Қай бақта енді көктейсің?
Асылғанменен мойныңа,
Сен мені еркелетпейсің…
Қоқысқа қарай лақтыр,
Мұңымды…
Құм ғып үйгейсің,
Ерінім сорлы жылап тұр –
Сен енді оны…
...Сүймейсің.
Өткелсіз
Заңына тағдырдың көндігіп,
Тағы да мұң тербеп, өлді үміт…
Жыр шыққан жүректі емдедім –
Тұншыққан сезімді тұндырып…
Күз тағы. Көңілге жеткен сыз…
Біз-дағы жетімбіз көктемсіз.
Жағада – түйіспес тағдырлар,
Арада – өзендер өткелсіз…
Қараймын бір жүрген жолдарға,
Талай мұң қалыпты-ау сол маңда…
Әрі асып сағымды барамыз,
Адасып, жете алмай арманға
Соны ұқтым –
өмірде сәттер көп:
Көрікті келмейтін көктем боп.
Бекер біз күтеміз, бәрібір,
Екеуміз өтетін өткел жоқ!
Бізді тағдыр құлатқан көп,
Жығылдым да шыдадым.
Сені сан рет жұбатқан боп,
Өзім үнсіз жыладым.
Әр күнімнің мұңы дайын,
Бақыт қайда, бағалым?
Шытынаған шыныдайын,
Сен ұнатқан жанарым.
Есігімді қақпай мүлде,
Тағы адасты шұға таң.
Жылап тұрсам, даттай көрме,
Жастарыммен жұбатам.
Тозып біткен төзімімді ал,
Жылатпаса несі мұң?
Көз жасымда сезімім бар,
Көз жасымда – кешірім...
Көрер алда қайғым қанша,
Көтеремін барлығын.
Жырлап өту – тағдыр болса,
Жылап өту - тағдырым!
Күнәһар көктем
Сезім дейтұғын серпіліп бір ауық леппен,
Өкінтіп өткен күніме мұң алып кеткем...
Жыр алып жеткем...
Жанымды жаралап тағы,
Несіне қайтып оралдың, жылауық көктем?
Сыңсытып тағы сыздады жарасы жанның,
Өлеңім - өксік, өткенге наласы бар мың.
Таласып әркім таптаған жауқазындары
Жұлынып қалған мен, бәлкім, дала шығармын.
Жүргенде көңілім шөліркеп күлкіңе көптен,
Өкініш қалды орнында құлқыны кепкен.
Күркіреп текке кетпедім, жасымды төгіп,
Жауының болдым жай ғана сіркіреп өткен...
Жөңкіле көшкен жылдардың шатпағын көріп,
Жыр мені жалғыз қалдырған шақта мұң торып,
Тапталып, солып жаттым мен аяқ астында,
Қайтып оралған өзіңнің батпағың болып...
Соңынан ере ілесіп көшіне селдің,
Бақытымды ұрлап алып ең, несіне келдің?
Есіме шер күнді оралтып өкпелетсең де,
Күнәһар көктем, мен сені кешіре бердім...
Пианино
Сезім енді әуеніңде сенделер,
Мені өзіңе ғашық қылған мына күй ма?
Ақ пен қара – өмірімдей пернелер,
Көңілімдей күмбірлеген пианино...
Ештеңенің, керегі де жоқ сәттің,
Мына әуен масайтты да жындандым!
Күлкісінде ойнап берші Моцарттың,
Көздің жасын өлген соң да тыңдармын.
Көзіңді жұм. Тоқтап қал да жылай сал,
Тыныштықты ойна жанда орнаған.
Мен әуенді сүймеген ем бұлайша,
Мен Әлемге бұлай ғашық болмағам!
Бұл бақытты сыйлаңдаршы пендеге,
Ал ақынның азабы – бақ, мұңы – бақ.
Саусақтарың тиіп жатқан пернеге,
Жүрегімді қоя салам жұлып ап!
Тағдыр деген таңғажайып шеберім,
Еркесіне ұсынды да ерегін –
Мен Әлемге аяқ басқан кезімнен,
Бір Сағыныш бірге жасап келеді.
Жағдайымды ұға алады жат қайтіп?
Өзімді-өзім түсіне алман жақпай түк!
Бәлкім, кейде сағынамын бұрымды,
Бәлкім, кейде сағынарым – ақ бантик...
Мен отырған әткеншекті ырғап қап,
Ұялатын ұлдар қалды ұрлап бақ.
Партамдағы сағынамын жазуды:
«Үш әріппен» жасырылған жұмбақтап.
Ұстап алып, ұрысатын ағай сан,
Хаттар қайда? Суырмаңды қарай сал...
Апам оқып қоймасын деп өртегем,
Сағынышым өртенбеген қалайша?
Артта қалды естелікке саналып,
Сағыныш тек сол күндерден тәбәрік.
Баяу әуен қойылғанда қымсынар,
Би кештері ұрлап алған балалық...
Өзгешелеу өмір қазір, бөлек үн,
Тұнығыма ғұмырымды төледім.
Жүрегімде құлыптаулы Сағыныш,
Сол Сағыныш сарқылғанда өлемін!
Жыныма тимеші?..
Сағыныш ауылы алыстап,
Қызғаныш дерт болып жабыстың.
Бақытсыз күндерім қалыс қап,
Жанымда жүрсең де, алыссың.
Ақталу күтпеймін, ақтауды,
Телефон кінәлі тағы да –
Базбіреу «жаным» деп сақтаулы,
Мен, бәлкім, жай ғана «Жадыра».
Сол қыз ба тағдырдың қосқаны?
Бақытың сол ма енді былайғы?
Кезіге қалса да достарың,
Мен емес, Ол жайлы сұрайды...
Өбесің, құшақтап несіне?
Оны да осылай сүйгенсің.
Үміттей үзілген кешіге,
Үздіксіз үзілді түймесі...
Қысқасы, жыныма тимеші?..
Жүрдек поезд. Қайтып келем асыға,
Сағынышым... Ол да қайтты бірге еріп.
Жолсерік боп жайғасыпты қасыма,
Мұң келіп.
Үміт. Күдік. Жетім қыздай жетекте,
Неткен ауыр, неткен ұзақ түн еді!
Сенімен бір күтіп тұр-ау бекетте
Жүрегім!
Мені үнемі суық қарсы алатын,
Қарағанды салқын шығар бүгін де.
Қырсыққанда тоқтап қалды сағатым,
Мұның не?
Тағдыр мені таң қалдырып, тағы алдай,
Бір құшақ гүл сыйлар қазір, әлде мұң...
Сезімімнің сенер тұсын таба алмай,
Әуремін.
Арманыма жетем енді сәл жүрсем...
Көңілімнің күркірейді аспаны.
Мен түсетін бекет. Күтіп алдың сен
....Басқаны.
«Бақытты болмайсың сен...» - деп Күз,
Жылайды төгіп қанша мұң.
Жаңбыр! Оған сүйетінімді жеткіз!
Сезбеген болса әлі...
Жаңбыр! Сен Оны аймала!
Жақындай алмаймын енді мен...
Сүйіп ал білдіртпей, жай ғана,
Көзінен, кірпігі, ернінен...
Тұп-тұнық көздері үнемі,
Ақ жауын! Аумайсың екеуің!
Білсең ғой, Оның да жүрегі,
Дәл сендей мөп-мөлдір екенін...
Бақытқа Сол ғана лайық,
Қуанса, шаттыққа куә бол.
Дәл сендей бір кезде мұңайып,
Жыламасыншы бірақ Ол...
ҰШАҚ
Балалық. Бақытты күн.
Кездер-ай қазына-құт!
Ұмытар уақытты кім,
Жүретін қозы бағып?
Көкжиек қонған сағым,
Еске алам сағына тым.
Арманға ақ жол салып,
Ұшақтар ағылатын...
Жүгірдік күніге біз
Соңынан, құлап алып.
Аспанға үңілеміз,
Бір сәтте тұра қалып.
Рауандап таң атумен,
Кеш батар торғынданып.
«Қай жаққа баратын ең?
Ей, ұшақ!» - қол бұлғадық.
Өстік қой өрді аңсайын,
Кеңдікті сүйіп кеуде.
Ұшақты көрген сайын,
Ұмтылдық биіктерге.
Р.S. Жанымды даттап қарық,
Тар әлем тепсінеді.
Бұлттарға аппақ мамық
Алып кетші мені!..