Ұлы даланың өшпес тарихы: Сақ тайпасының тарихы

Ұлы даланың топырағы тарихтан сыр шертетіні белгілі.

Қазақстандағы өмір сүрген тайпалардың ішінде аты - жөні жақсы сақталған тайпалардың бірі - сақтар. Археологиялық зерттеулерге және жазба деректерге қарағанда б.з.б. VII-IV ғғ. сақ тайпалары Орта Азия және Қазақстан жерін мекендеген. Парсы жазба деректері бойынша, Орта Азия мен Қазақстан территориясында мекендейтін көшпелі тайпаларды жалпы атпен сақтар деп атаса, ал гректің атақты тарихшысы Геродот (б.з.б. V ғ.) сақтарды «азиялық скифтер» деп атаған.

Осымен қатар Геродот өзінің «Тарих» деп аталатын еңбегінде б.з.б. I мыңжылдықта Орта Азия және Қазақстан жерінде «Сақ» деп аталатын бірнеше тайпалардың қуатты жауынгер одақтары болғаны айтылады. Ол одақтар: массагеттер, даилер, каспийшілер, исседондар, сарматтар, алаңдар, аримаспылар т.б. Геродоттың айтуынша: «Сақтар-скиф тайпалары, бастарына тік тұратын, төбесі шошақ тығыз киізден істелінген бөрік және шалбар киген. Олар садақ, қысқа семсер және айбалтамен қаруланған. Тамаша атқыш жауынгерлер болған».

Әйгілі ғалым А.Н.Бернштам қазақтың атын сақтармен байланыстырады, ол қазақ деген сөз «Хас-Сақ» деген сөзден шыққан дейді, тарихшы М.Ақжанов қазақ сөзін Хас, (нағыз) Сақ дегеннен шыққан деп топшылайды, Қытай ежелгі жылнамаларында сақ тайпалары « 塞种Сай жоң, 释种Шы жоң, 西膜Ши мо, 释迦Шы жа деп кездеседі» ал Грек тарихшылары Азиялық Іскифтер деп атады.

Сактарда негізінен, әскери қоғам болды. Сақ тайпалары үш топқа бөлінген. 1)Шошақ бөрікті сақтар (Тиграхауда) Тянь-Шань тауын, Жетісу жерін, Сырдарьяның орта ағысын мекендеген 2)Теңіздің арғы жағындағы сақтар (парадарайя) Қара теңіздің солтүстігінен, Арал маңын яғни Сырдария мен Амудария өзендерінің төменгі ағысын мекендеген. 3)Хаома сусынын дайындайтын сақтар (хаомоварга) Мұрхаб анғарын мекендеген.

Мал шаруашылығының үш түрі болды: 1)Көшпелі мал шаруашылығы. Батыс және Орталық Қазақстанда өріс алды. 2)Жартылай көшпелі шаруашылықпен айналысатын сақтар малды қыстатып шығаратын тұрақты қоралар салды. Олар жыл сайын малдарын осы қора-жайларға айдап әкеліп отырды.

Шаруашылық кәсібінің бұл түрі орманды дала өңірінде және биік таулы жерлерде кең тарады. Мұндай жерлер Тянь-Шань және Алтай тауларының баурайы, Жетісу, Шығыс Қазақстан аймағы болды. Қыстау маңындағы жерлерде тары, арпа, бидай өсірді. 3) Сақтарда шаруашылықтың үшінші түрі - Отырықшы егін және мал шаруашылығы – Оңтүстік Қазақстанда, Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойында, табиғи су қорлары мол жайылымдары көп жерлерде кеңінен тарады. Бұл жерлерде суғармалы және тәлімі егіншілік басым болды.

Сақтарда мал шаруашылығының, негізгі бағыты қой өсіру еді. Олар қылшық жүнді қойлармен қатар, биязы жүнді қойда өсірді. Сақтар тұрмысында жылқы өте бағалы саналды.

Сақ тайпалары одақтарының басында көсемдер тұрды, оны патша деп атады. Патшаларды тайпа көсемдерінің кеңесі сайлады. Тайпа көсемдерін оның барлық мүшелері сайлайтын болған. Тайпа ішіндегі аса маңызды ішкі және сыртқы істер халық (вече) жиналысында талқыланып отырды. Оған әйелдер де қатысқан. Қоғамның осындай саяси ұйымын Ф. Энгельс әскери демократия деп атады. Себебі ол кезде соғыстың мәні зор еді. Соғыс тайпа үшін жайылымдық жер мен мал тартып алудың және өздерін сыртқы жаудан қорғап отырудың құралы болды. Көсемдер әскер басы болды да, билік жүргізді. Олар тайпаны қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Ол өз тайпасы атынан бітім немесе келісім жасады. Патшалар (көсемдер) рулар мен тайпаларға жайылымдарды, көшіп қонатын жерлерді бөліп берді; ол жерлерді пайдалану тәртібін белгіледі. Жер үшін таласарды шешіп, рулар мен тайпалар арасында қарулы қақтығыстар болмауын қадағалады. Сақ тайпаларында көпке дейін матриархаттық ел билеу тәртібі сақталып, әйелдер ерекше жағдайда болған. Патшалар жауынгерлер тобынан шықты. Сақтар б.з.б. 519-518 жылдары парсылармен соғысып, I Дарийдің әскеріне қарсы ерлікпен шайқасады. Сақтар парсылармен бірге Грекия, Египет жеріндегі соғысқа қатысады.

Сақтың әйел патшасы Томирис парсы патшасы Кирдің әскерін женген (б.з.б. 530 ж.).

Сақ қоғамының адамдары үш әлеуметтік топқа бөлінді.

1) жауынгерлер (қызыл)

2) абыздар (ақ)

3) басқа қауым адамдары (сары, көк).

 

Сақтарда қолөнер мен сауда дами бастады. Шеберлер ер-тұрман, әшекей, найза, семсер акинақ, қанжар, жебенің ұштарын т.б. жасаған. Қолөнер жақсы дамыды. Мыс, алтын, күміс, қорғасын т.б. металдарды көп пайдаланған. Сонымен бірге теріден, ағаштан, қыштан ыдыстар жасаған. Сақтар Алтай, Сібір, Шығыс және Европа халықтарымен тығыз байланыс жасап тұрды. Сауда Жібек жолы және б.з.б. I мыңжылдықтағы «Дала жолы» арқылы дамыды. Сақ өнерінде аңдық стиль болды.   

Олар аңдар мен әр түрлі аңыздардағы жануар бейнесіндегі құбыжықтарды бейнелейтін еді. Аңдық стиль б.з.б. VII ғасырда Алдыңғы Азияда дүниеге келді. Арыстан бейнесіндегі «өмір ағашы» сақтарда ең көп тараған. Сақтар әр түрлі жануарлар бейнесіндегі құдайға, табиғат күштері күнге, желге, әр түрлі құбылыстарға табынды. Мысалы, күн күркіреу құдайы қабан бейнесінде бейнеленген.

Сақтардың археологиялық ескерткіштері. Шырық рабат – апасияқтардың («су жағасын мекендеген сақтар») астанасы. Бұл қала қазіргі Қызылқұм шөлінде орналасқан. Сақтардың археологиялық ескерткіштерінің бірі – Бабыш Молда қаласы. 1969 жылы Алматы облысы Есік қаласынан табылған Есік қорғаны – б.з.б. VIII-III ғасырлардағы сақ моласы. Бұл молада бай жас сақ жауынгері жерленген, оның барлық киімі алтынмен қапталып киіндірілген.

Сондықтан ол «Алтын адам» деп аталған. Онымен бірге қару – жарақ, басқа да шаруашылық құралдар көмілген. Ежелгі грек тарихшысы Геродот сақтар жайлы көп тарихи деректер қалдырған.
 

Мерзімді басылымдар секторы: Жаркеева Г. А.