Қазақ тіліндегі әдеби сайттар

Соңғы жылдары қоғамымыздың әр саласында заманауи ақпараттық технологиялар дамып келеді. Интернеттің өмір сүру салтына айналғанын да жоққа шығара алмаймыз. Әлеуметтік желіге тіркелмеген адамды кезіктіру қиынның қиынына айналды. Дегенмен, ғаламторды әркім өз қажетіне қарай қолданады: бірі жедел ақпарат алмасу мүмкіндігі деп біледі, бірінің қызметі желілермен тығыз байланысты, ал біреуі үшін, бар болғаны, ермек, қызығушылық. Тіпті, қазір елімізде Абайдың «Интернатта оқып жүр» деген өлең жолдары да «интернетте оқып жүр» деп өзгертіліп айтылып жүргенін байқаймыз. Бұл интернет жүйесінің жыл сайын дамып келе жатқанын, қазақ балаларының күн тәртібінде интернетсіз бір күннің болмауының дәлелі. Десек те, ғаламторды тұтыну мүмкіндігі бар кез келген адам одан қалаған дүниесін тауып, оқи алады.

         Ал, осы жаһанданған әлемдегі технологиялар мен ақпараттар заманында қазақ қаламгерлері интернеттің мүмкіндігін толық пайдалана алып жүр ме?! Көркем әдебиетке қатысты көзқарастар қалай өзгертілуде? Дәстүрлі дүниелер мен рухани құндылықтардың орнын заманауи жетістіктер алмастыра ала ма?! Қалай айтсақ та, мониторға үңілген қоғамның том-том кітаптарды парақтап отыруға аса құлқы жоқ. Осылайша интернет алға озып, электронды құралдар күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналған тұста, адамзат кітап атаулыдан айтарлықтай алшақтап қалмас үшін соңғы жылдары ғаламторда қазақ тіліндегі әдеби порталдар мен сайттардың саны артуда. Сапасы да көз тоярлық. Олардың тұтынушылары кейбір қоғамдық-саяси, ақпараттық сайттарға қарағанда анағұрлым көбірек. Демек, бұл қазіргі қазақ қоғамының, әсіресе жастардың ұлттық әдебиетке бет бұра бастағанының көрінісі деуге болады.

         Бұл - әрине, жаңа дәуірдің жаңа талаптары. Сондықтан да, әдебиетке деген қызығушылық, оны насихаттау, кітап оқу сияқты дүниелер кітап дүкендері мен кітапханалардан басқа  интернеттің виртуалды кеңістігіне ойыса бастады. Осылайша, қазақ әдебиетінің бірте-бірте интернетке ену үдерісі басталуда. Әлбетте, қандай да бір озық технология кәдімгі кітаптың орнын алмастыра алмасы хақ. Адам баласы заман ағымына қарай бейімделіп өмір сүреді десек те, әр қоғам үшін кітапхана сөрелеріндегі кітаптың орны әрдайым бірінші орында болмақ.

         Ендеше, еліміздің интернет кеңістігінде ұлт әдебиетін ұлықтап, қазақ көркемсөзін насихаттап жүрген бірнеше сайттардың тізіміне, шығу тарихына көз жүгіртейік:

          «Абай.kz» ақпараттық порталы https://abai.kz/post/6743 - бұл қазақ журналистері мен интернет-тұтынушыларының басын қосып, жалпыұлттық ақпарат кеңістігін қалыптастырады. Порталда республикалық қазақ басылымдарында қызмет жасайтын журналистердің үздік мақалалары жарық көріп тұрады. Апта сайын порталдың тарауларында («Абай-ақпарат», «Бас тақырып», «Әдебиет», «Ағаш ат», «Алашорда», «Қысқа-нұсқа», «Саяси портрет», «Саңлақ», «Білгенге маржан», «Мәңгілік ел», «ABAI TV») әлеуметтік зерттеулер мен тұрақты талқылар жүргізіледі.

            «Әдебиет» порталы https://adebiportal.kz/ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы (қазірде ҚР Үкіметі жанындағы) Орталық коммуникациялар қызметінің қолдауымен «Қазконтент» Акционерлік қоғамы тарапынан әзірленген. Интернет желісіндегі өз бағыты айқын бұл бірегей жоба – қазақ елінің әдеби мұрасына қызығушылық танытқан кез келген көзі ашық, көкірегі ояу оқырманның басын біріктіретін, сол әдеби мұраны заңды түрде бір жерге жинақтайтын әдеби платформа. Жоба жетекшісі: Нұрлан Қабдайұлы.        «Қаламгер.kz»  әдеби-танымдық порталы https://qalamger.kz/ қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттай отырып, танымдық әрі медиа бағытта өз жұмысын жүргізіп келеді.

         «Кітап.кz» https://kitap.kz/ қазақстанның ашық кітапханасы сайтында қазақ әдебиеті авторларының және шетел авторларының барлық үздік шығармалары жүктелген.

         Және балалар әдебиетіне арналған «Тәтті алма» https://tattialma.kz/  әдеби сайты қазіргі таңда өз жұмысын белсенді жүргізіп келеді.

         Бұл сайттар - қазақ интернет әлемінде жаңа дәуірге бейімделе бастаған жалпы сайттар. Бұлармен қатар елімізде бір қатар жазушыларға арналған және өздері блог жүргізіп, сайт  ашқан жекелеген ақын-жазушылардың тұтынушылар арасында кең тараған шығармашылық сайттары да бар:

         https://abaialemi.kz/ «Абай әлемі» ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған онлайн-энциклопедия. Бұл сайтта ұлы ақынның шығармалары, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының аудио және электронды нұсқасы бар, сондай-ақ, Абайтанушы ғалымдардың ақын жайлы құнды деректері мен естеліктері жарияланған. Сайт үш тілде қазақ, латын, араб тілдерінде жұмыс жүргізеді.

         Сонымен қатар, жазушы, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұттың http://www.baigut-uko.kz/, жазушы Оралхан Бөкейдің  http://bokey.kz/  сондай-ақ, жазушы Төлен Әбдіковтің   http://abdikov-tolen.kalamger.kz/ арнайы сайттарында жазушылардың өмірі мен шығармашылығы, шығармаларының желісінде түсірілген бейне роликтері жарияланып тұрады. Және де http://tabyldy.kz/ - ақын Әдібай Табылдының, https://akberen.com/ - ақын Ақберен Елгезек­тің өздері жүргізіп отыратын жеке сайттары бар, бұл сайттарда ақындардың өлеңдері, жарық көрген кітаптары жарияланған.

         ХХІ ғасыр бұл - заманауи технологияның, цифрлы құжаттардың бір сөзбен айтқанда интернетсіз қадам аттай алмайтын ғасыр. Ал дәл осы интернет шарықтап тұрған заманда жастар үшін, жалпы қоғам үшін әдеби порталдардың маңызы өте зор болмақ. Ұлттық әдебиетімізді жаңаша дамытудың, әдеби мұрамызды әлемге танытудың оңтайлы жолы интернет екені сөзсіз. Ендеше, ғаламтор желісінде қазақ қаламгерлерінің қазақ әдебиеті мен руханиятына арналған қазақ әдеби сайттарының көбейе бергенін қалаймыз.

                                                                                                              Жамауова Ұ. Кітапханаларды дамыту бөлімі