Кеңес өкіметінің 1937 - 1938 жылдарда жүргізген репрессия салдарынан талай боздақтарымыз қынадай қырылып, жазықсыздан - жазықсыз атылғаны мәлім.
Бұл - халқымыздың тарихындағы ең ауыр да қайғылы кезең болып есте сақталары сөзсіз.
Ел тарихындағы аса бір қасіретті кезеңнің жабық беттерін ашу тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ерекше қарқынмен жүргізілді. 1993 жылдың 14-сәуірінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының қабылдануы бұл сауапты іске екпін бергені анық. 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып аталып өтіледі.
Ұлтқа, оның болашағына қызмет көрсетуді өздерінің асыл мұраттарына балаған арыстарымыздың еңбегі қашанда өлшеусіз. Олар келер ұрпаққа қиыннан қиып жол салып, еркіндіктің отын өшпестей етіп тұтатып кетті. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы, бастауы – осы Алаш арыстары: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жаһанша Досмұхамедов,Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, т.б еді. Ұзақ жылдардан кейін ғана көптеген алаштың ардақты азаматтардың есімдері халқымызға қайта оралды. Қуғын-сүргінге ұшырағандар жөнінде дәйекті зерттеулер жүргізіп, газеттерге көптеген мақалалар жариялатқан тарих ғылымының докторы, профессор Тілеу Көлбай көбіне нақты деректерге сүйеніп отырған.
Отаршыл озбыр саясаттың жазықсыз құрбаны болып кеткен боздақтарымыз қазақтың қапыда құлаған қос бәйтерегі жерлестеріміз Ә.Бөкейханов пен Н.Нұрмақов Мәскеудің Бутырка түрмесінде 1937 жылы 27 қыркүйегінде бір күнде атылған. Олардың бір күнде ұсталып, бір күнде сотталып, атылып, бір жерде жерленуінің де сыры бар. Н.Нұрмақов пен Ә.Бөкейхановтың Мәскеуде қатынасып тұрғанын дәлелдейтін фактілер бар. Соның бір – Ә.Бөкейхановтың қызы Елизавета мен Нұрмақова Зүфнун жақын сырлас болған.
Репрессия әр ауылға, тіпті әр әулетке өз салқынын тигізді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мәліметтер жыл өткен сайын толығып келеді. Елордадағы Мемлекеттік мұрағатта құрылған қор соның дәлелі. Миллиондаған адамның көзіне қан үйірген қасіретті жылдар жүз мыңнан астам адамның өмірін жазықсыз қиды. Ату жазасына кесілгендер қатарында Тәуелсіздік үшін күрескен қайраткерлер де болатын. Тіпті олардың жұбайлары мен балалары, туыстары да жазаланды. Олардың ұлт санасына ой салатын шығармалары да репрессияланды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап жер-жерлерде мұражайлар ашылып, ескерткіштер орнатылды. 2004 жылдың 31 мамырында Қарағанды облысы әкімдігінің шешімімен Қарлаг мұражайы мен Спасск мемориалы ескерткіші ашылды. Жапа шеккендер жайлы газет - журналдар мен кітаптар да көптеп жазылуда. Сондай көркем шығарманың бірі – қазақтың аласапыран тағдырының тайталасқа толы ғұмырнамасын танытатын Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» атты романын оқуға ұсынамыз. Бұл кітапта сол бір нәубеттен құтылған елдің басына түскен екінші зобалаң да, яғни 1937-1938 жылдардағы жаппай жазалау науқаны да халықтық трагедия ретінде айшықты суреттелген.
Жылжып жылдар өтер, ұрпақтар да алмасар, бірақ сол озбырлы заманның зобалаңы ұмытылмақ емес. Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі – олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына айналдыру, ұрпағымызға ұлағат дарыту болмақ. Бүгінгі жас ұрпақ үшін, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз. Осы күнге жете алмай зорлық пен зомбылық көріп, көз жұмған боздақтардың рухына бас иіп, тағзым етеміз.
Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы