Балалар – бұл біздің болашағымыз. Бастаған ізгі істеріміздің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт-құсымыздың қанаты. Балалар – тыныштық символы. Балалар – мейірім тотемі. Осы себепті олардың бақытты болуы үшін ештеңе аямаймыз. Әсіресе, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде бұл қамқорлығымыз арта түседі.
Бұл күн тарихына қысқаша тоқталып өтетін болсақ, 1949 жылы Парижде әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы өтеді. Бұл конгрессте балалар бақыты, әлем тыныштығы жайында сөздер айтылады. Себебі екінші дүниежүзілік соғыстан соң балалар денсаулығы алдыңғы мәселелердің бірі болатын. Дүниежүзілік соғыстан соң көптеген балалар қараусыз қалған болып, олардың көз жасы мен зары әлем жұртшылығы назарын еріксіз өзіне аударған еді.
1950 жылдан бастап – 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні ретінде аталып өте бастады.
1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы балалар құқықтары туралы Конвенция қабылдайды. Бұл құжатқа бүкіл әлем балаларын қорғау туралы заң мен жобалар енгізілді.
Жаздың алғашқы күнін көптеген мемлекеттерде Халықаралық балаларды қорғау күнімен бастайды. Бұл күн демалыс күніне сәйкес келмей қалса да нағыз мерекеге айналады. Барлық жақсы нәрселер тек, соларға ғана арналады.
Ал бүгінгі барлық әлемнің басына түскен індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Соған байланысты бүгінгі күнгі балалардың сауықтыру орталықтары, демалыс орындары, кинозалдар мен театрлар жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Осындай кезде ата – аналар мен балалардың қарым – қатынасы жақындай түсті. Балалар күні мерекесіне орай әрбір ата – ана өзінің баласының қадірін жете түсінді.Сол себепті отбасының берекесі де арта түсті деген ойдамыз.
Осы мерекені тойлаудың басты миссиясы – жұртшылық назарын проблемалы балаларға, олардың құқығын қорғауға, бақытты балалық шағын тыныш әлемде өткізуге және өз елінің толық және бейбіт азаматы ретінде өсуіне көз жеткізу болып саналады.
Балаларды қорғайық, себебі олар бақытты балалық шаққа лайықты!!!
Хасенова Ж.Х, ұйымдастырушылықты қамтамасыз ету бөлімі