Маусымның үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің мерекесі болып есептеледі. Бұл – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мейрамы. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама? Оларды «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Қалай атасақ та, артықтық етпейді. Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы. Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.
Бүгінде әлемді жаулаған COVID-19 індетімен күресудегі дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығы мен қызметіне тәнті болудамыз. Олар – бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан, пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген ақ халатты абзал жандарға басымызды иіп алғыс білдіреміз.
Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда. Қазіргі таңда күннен күнге өршіп бара жатқан коронавирустың салдарынан медицина саласындағы мәселелерге тың көзқараспен қарау қажеттігі туындады. Осы орайда Қарағандыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында қосымша вирусологиялық зертхана ашылуы – зор қуаныш. Онда ПТР әдісімен (полимеразды тізбекті реакция) COVID-19 инфекциясына талдау жүргізіледі. Жаңа зертхана коронавирустық инфекцияға ауқымды тестілеу жүргізуге көмектеседі.
Әр адам үшін дансаулық – бірінші байлық. Ал бұл қағиданың орындалуы үшін білікті мамандардың рөлі ерекше. Сондықтан түн ұйқысын төрт бөліп, науқастардың айығып шығуына себепші болып жүрген ақ халатты абзал жандарды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, халық денсаулығын жақсарту жолында қайраттарыңыз қажымасын дегіміз келеді.
ҚЖӨжКҰБ кітапханашысы Г. Т. Кемельбаева