Антуан де Сент-Экзюпери - француз жазушысы, ақын, сонымен қатар кәсіби ұшқыш.
Есімі әлемге әйгілі француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери – ақсүйек тұқымынан шыққан, графтың ұлы. Оның ата-бабалары ежелгі француз тұқымына жатады. Экзюпери 1900 жылы 29 маусымда Лион қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Лион қаласында сақтандыру инспекторы болып жұмыс істеген. Әкесі қайтыс болғаннан кейін анасы Мари де Фонколомбпен бірге Жерорта теңізі жағалауындағы қамалға келіп тұрады. Экзюпери алғашында колледжде оқып, 1919 жылы көркемөнер академиясының архитектура бөліміне оқуға түседі. 1921 жылы Экзюпери авиацияға қабылданады. Жөндеу шеберханасында жұмыс жасай жүріп, азаматтық ұшқыш болу үшін емтихан тапсырады. 1922 жылы әскери ұшқыштық құжатын алған Антуан әр түрлі авиациялық компанияларда қызмет атқарады.
1926 жылы «Ұшқыш» атты новелласы жарық көреді. Осыдан бастап ұшқыштың жазушылық өмірі басталады. 1929 жылы «Оңтүстік пошта», «Түнгі ұшу» (1931), «Адамдар планетасы» (1939), 1936-1937 жылғы Испаниядағы соғыс туралы очерктері, «Кішкентай ханзада» (1943), аяқталмай қалған «Цитадел» шығармасы – осылардың бәрі жазушының ең негізгі еңбектері.
Экзюперидің өмірі әр түрлі оқиғаларға толы болды. Ол авиациялық апаттарға ұшырап, бірнеше рет қауіпті рейстер жасаған. 1944 жылы Францияның азаттық алуына үш апта қалғанда әскери тапсырманы орындау кезінде қаза тапты.
Жазушының шығармашылығының өзіндік ерекшелігі бар. Ол өз шығармашылығын Отанына қауіп төніп тұрған кезеңде бастады. Сондықтан да болар, оның кейіпкерлері – өжет, батыл, отан сүйгіш адамдар.
Жазушының барлығымызға белгілі шығармасы – «Кішкентай ханзада» ертегі-повесі. Бұл оның жан дүниесін көрсететін шығарма. Сахараның шөлінде апатқа ұшыраған ұшаққа В-612 деп аталатын ғаламшар-астероидтың кішкентай тұрғыны келеді. Қатты шөлдеген ұшқышқа осы кішкентай тұрғын көмектеседі, ал ұшқыш болса бір апта бойы ұшағын жөндейді, басқа бір кезде адам баласы бір апта шөлге шыдамай өліп кетер еді. Ал ұшқыш болса үнемі кішентай ханзаданың дауысын естиді, осы дауыс оған күш береді.
Ертегіні оқымаған адамдарды «Бұл оқиға шындық па?» - деген сұрақ қызықтырады. Осы сұраққа жауап тапқыңыз келсе, «Кішкентай ханзада» шығармасын толығымен оқу қажет. Бұл шығарма барлық жас ерекшелігіне арналған туынды.
2011 жылға қарай «Кішкентай ханзада» әлемнің 180 тіліне аударылған. Олардың ішінде көбіне еуропалық, азиялық, африкалық және америкалық тілдерге аударылған. Кітаптың жалпы тиражы 80 миллионға жеткен.
«Кішкентай ханзада» кітабы Қазақ тілінде алғаш рет КСРО кезінде Әбділда Тәжібаевпен аударылған. Соңғы аудармасы 2013 жылы Жанар Қонаеваның аудармасымен «Атамұра» баспасында жарық көрді.
2011 жылы Алматы қаласы «Балауса» баспасынан Аян Нысаналиннің аудармасымен «Атажұрт» кітабы басылып шыққан болатын. Антуан де Сент-Экзюперидың бұл кітабына «Түнгі тұйғын», «Оңтүстік почталығы», «Атажұрт» және «Әскери ұшқыш» атты повестері еген. Бұл кітап – әлем балалар әдебинтіне арналған 50 томдықтың бірі.
Құрметті оқырман! Антуан де Сент-Экзюперидің қазақ тіліне аударылған «Кішкентай ханзада» және де «Атажұрт» кітаптары біздің кітапханамыздың қорында бар. Келіңіздер, оқыңыздар!
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Абдулганитова А.