Кәсібіңе мен сенің, басымды ием!

 

                                                                                         Жолың болсын, бара ғой, айналайын,

                                                                                         Айналайын, қорғаушым, қарғадайым!

                                                                                         Кәсібіңе мен сенің басымды ием,

                                                                                         Басымды ием, несіне арланайын…

                                                                                                                               М. Мақатаев

Әр жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде  дәрігерлер күнін атап өтеді. Бұл күн барлық дәрігерлердің белсенді әрекеті мен тілектестік күні болып табылады. Қай ұлттың дәрігері болмасын, оның басты мақсаты – емделушілердің денсаулығын сақтау және жақсарту болып табылатыны сөзсіз.

Дәрігер болуды арман ететіндер аз емес. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ халатты кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Денсаулық сақтау саласында лажбен жұмыс істеуге болмайды. Қызметтің жауапкершіліктеріне байланысты міндеттердің  ұлғаюы мүмкін. Бірақ дәрігер ― тәулігіне 24 сағат дәрігер.

Медицинаның атасы Гиппократ: «Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген. Әрбір дәрігердің мойнында Гиппократтың адал анты бар. Оны ақтау мамандыққа деген үлкен құрмет, сүйіспеншілік болса керек. Өйткені медициналық университетте 9 жыл оқып, диплом алып, дәрігер атану оңай емес. «Адам жанына араша» болған мамандықты абыроймен алып жүру одан да қиын.

 Қазіргі уақытта әлемнің барлық елдерінде эпидемия жүріп жатыр. Бұндай жағдайда дәрігерлердің еңбегі орасан зор. Бір адамның жанын алып қалу үшін өз жанын да шүберекке түйіп солармен бірге, халық үшін ауруханаларда күндіз түні тыным таппай жатқандағы көпшілікке аян.

Дәрігер – әлемдегі ең қасиетті  мамандықтардың бірі. Сауапты жұмыс болғанымен, сауаттылық қажет. Дәрігерлік мамандық – жауапкершілікті, біліктілікті талап ететін жауапты қызмет. Себебі, дәрігерлік қызмет адамның бұл өмірдегі ең қымбат денсаулығы мен өмірін сақтауға байланысты.  Сіздердің ерен еңбектеріңіз шексіз, мәртебелеріңіз биік. Дәрігерлер күні құтты болсын!

Дәрігерлерім,

Қолыңда тұрса келеді бәрін емдегің!

Жаныңды салып жатсаң да, жігерің сарқып,

Ауру алып ұрады әлі келгенін?!

Ақкөңілдерім,

Талас пен тартыс болды ма тәтті өмірлерің?

Сынаққа сынып, сырқатқа сыр бергендерді,

Қасқайып тұрып емдедің, қақ бөлінбедің!

Мың алғыс саған!

Қалауыменен Тәңірдің құранды ұстаған

Өмірге құштар жандардың үміті соңғы,

Сендер көтерген иненің ұшында ғана.

(Н. Тұрғанбекұлы)

                                                                                                            Абонемент бөлімінің кітапханашысы Мақатай Е.