Ұлы кемеңгер Абай дүниеден өткелі де бір ғасырдан артық уақыт өтіпті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі», - деп жазған еді. Абайдың басты ұлылығы – оның көркем сөзді кемеліне келтірген сұңғыла суреткерлігінде. Өзі айтқандай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп, ардақтаған поэзиясының ғажайып қуатында.
Абай өз халқын көштен қалмауға, басқаларға теңесуге шақырған еді. Бұл істе Абай алға тартқан міндеттер, Абай қойған талаптар көмекке келеді.
Абай шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалаған ойшыл. Данышпанның «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл, артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғыну керек. Біз Абайға құштарлана ден қойсақ, ұлттық рухымызды да соншалықты терең тани бастаймыз. Абайдың өмірлік асыл мұраты - елді түзету, ұлтты тәрбиелеу еді. Абай адам баласының рухани кемелденуі туралы Батыс пен Шығыс философиясын толық зерттегеннен кейін өзінің «Толық адам» ілімін қалыптастырды. Адамзат баласына «Адам бол, адамдық қасиеттеріңді өміріңнің соңына дейін сақтай біл» - деп ұран тастады.
Ұлы ойшыл, ғұлама Абайдың бір ұлт деңгейінде қалып қоймай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген гуманистік ойы оны әлем ақыл ойының ұшар биігіне көтерді. Барлық ұлттың адамдарын сүюді, олармен тату-тәтті өмір сүруді насихаттайды. Бұл да бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Абайдың өлеңдері мен қара сөздері жастарды азаматтық рухта тәрбиелеуге, өз елін құрметтеп, патриоттық сезімді қалыптастыруға шақырады. Ұлы ақын өз тұсында замандастарына сыни көзбен қарап, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі көңілі толмай отырған. Осы арада зерделі ақынның:
"...Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,
Бұл – қайраттан шығады,білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек" - деп, ХІХ ғасырда айтқан ойлары қазірде, болашақ жастарға сабақ боларлық терең тағылым.
Абайдың ақындық тұлғасын, жан дүниесін поэзиясы арқылы танимыз. Ақынның шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абай сөзі – қазақтың бойтұмары.
Оқу залдары бөлімі кітапханашы Айтбаева К.