Көп жасасын «Ұланым!»

Балалар басылымы – балалық шақтың айнасы. Болашақтың бағдаршамы. Осы газетпен сонау 1971 жылдан бастап таныстырған үлкен әкем Ахмади Тәжі қажы баласына алғысым шексіз. Менің бұл газетпен достығым осы күнге дейін жалғасуда. Кітапханаға келген газет – журналдан алғаш оқитыным да осы «Ұлан».

Газет 1930 жылдың 14 наурызында алғаш «Пионер», одан соң «Октябрь балалары», 1946 жылдың 9 мамырынан «Қазақстан пионері», ал 1991 жылдан бері «Ұлан» деген атпен таралып отыр. Алғашқы редакторы Нұралин Ахмет болса, одан кейін Саттар Ерубаев, Сақтаған Бәйішев, Сансызбай Сарғасқаев, Кемел Тоқаев, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Әбілфайыз Ыдырысов, Сұлтан Қалиұлы сынды азаматтар осы төл газетімнің өркендеуіне айтулы үлес қосты.

Газеттің бет саны 2-ден 16-ға дейін өсті. Қашанда қолына қалам ұстаған оқушы – оқырманның алғашқы жазған еңбегі осы «Ұланда» жарияланатын. Елімізге танымал ақын – жазушы, журналистердің барлығы осы «Ұлан» арқылы танылды. Оқушылар түрлі айдарларына хат жазып, өз пікірлерін білдіретін. Есей Жеңіс редактор болған уақыттан бастап, газеттің сайты ашылды. Қазіргі оқырман осы тиімділікті пайдаланса, интернет жоқ алыс ауылдағылар әлі де хат жазып отыр.

Иә, «Ұлан» - 90 – да. Ата-әже жасында. Ол кісілерден бір айырмашылығы – үлкендерді қарттық меңдесе, «Ұлан» керісінше жылдан-жылға жақсара түсуде. Ол – мәңгі жас газет. Оның себебі, жылма-жыл ауысып, жаңадан қосылып, қатары үздіксіз толығып отыратын төл газетіміздің тұрақты жас оқырмандары.

Құрметті оқырмандар! «Ақжелкеннің ұландары» атты топтастырылып жарық көрген кітапты оқуларыңызды өтінемін. «Ұлан» - ұлағатты үнпарақ. Ұлттың болашағына қызмет ететін газет. Бұл басылымның қазақ руханиятындағы орны ерекше деп түсінемін. «Ұлансыз» мектеп кітапханасы болмауы тиіс. Мектеп басшылары, осы жағын ойластырайық дегім келеді. «Ұланның» 90 жылдығына:

Үлкен менен кішіні

Қызықтарға кенелткен.

Жаңалықтың жаршысы -

Сүйікті менің «Ұланым» !

 

Балалық бал шағымның

Куәсі де өзіңсің.

Таусылмас айтар ойымның

Қайнары да көзісің.

 

«Ұланым» - менің ақылшым,

Іздерім де өзіңсің.

Өсе бер, жайнап, өркендеп,

Мың жасашы тілегім ! –

деген жыр шумақтарымен шашу шашқым келеді.

                                                                                            Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы
                                                                                            Ахмадиева А.С.