Жүректерді тоқтатушы
(Әңгіме)
Онымен жақсы араласамын. Ақ көңіл, қарапайым, білімді, өте жұмсақ адам. Қайта - қайта сөйлесе бергім келеді. Мазалап жүрген сұрақтарымды қоямын. Жауаптары қанағаттандырады.
Мен одан қорқамын. Өйткені қатыгез. Мәңгілік ұйқыға еніп бара жатқан жандарды оятады. Уақытты болмаса да көрер қызықтары таусыла бастаған адамдарды алдымен Алланың, одан соң өзінің шеберлігімен өлімді емес, ерте келген ажалды тоқтады. Ол дәрігер. Жүректерді емдейді. Қаншама жанды өлім құшағынан алып қалды. Ажалмен ашық арпалысқанды жаны сүйеді. Өзі үшін емес, өзге үшін...
Анамның бейітіне барып, Құран оқыдым. Қайтып келе жатқанмын. Жаңа үйінді. Көзіме оттай басылды. Бұл соның өзі... Беті толған ақ қағаз жатыр. Мен оқи алмадым.
***
Кезекті отаны жасап болдым. Сүреңсіз көшені жағалап үйге кірдім. Шаршағаным өзіме енді біліне бастады. Салқын тамақты ішуге зауқым соқпады. Ерте ұйықтасам ұйқым қанып қалар. Оянып кетіп әр нәрсені ойлап бас қатырмайын дедім де жұмыс үстеліме келіп отырдым.
Алдымда Арудың суреттері шашылып жатыр. Жинауға уақыт жоқ. Табуға болады. Сылтау. Бәрі бір жерге жиылса тіріліп кетердей көрінеді.
Алдымдағы айнадан бейнемді көріп қалдым. Әбден жүдепті, байғұс! Бірақ күндегісіне қарағанда нұрланып отыр. Бүгін әріптестерінен де күні бойы: «Әдемі болып кетіпсің. Сұлуланып кетіпсің. Қайда бармақсың? Қайда аттанғалы жүрсің?» деген сөздер мезі қылған. Айнаның бетін көлегейлей бергені сол еді бір бейне есіктен жылт етіп ішке кірді. Жалт қарадым... Ешкім жоқ. Айнаны алып ашық тұрған терезеден лақтырып жібердім.
Суреттің қиындыларын жағуға кірістім. Бірде оң жағымнан, бірде сол жағымнан біреу төніп тұрғанын сезіп отырмын. Қарауға батылым жетер емес. Арамыз өте жақын. Оның қалай демалғанына дейін естіледі. Жанарынан жас тамшылап тұрғанын да сездім. Тағдыр шығар... Мүмкін сағым? Екеуі де емес екенін анық білем. Ашулана бастады. Ұзын қара шашы иығыма тиіп тұр. Көзім жұмулы. Қолымен шашымды қатты қысып алды. Аяқтарым дірілдеп барады. Тісім сақылдай бастады. Өзіне қарай бар күшімен тартып қалды. Кім болса да көрейін деп көзімді ашып жібердім. Ешкім жоқ...
Жұмыс бөлмемнен атып шықтым. Үйді тастап қашайын деген де ой келді. Болмайды. Түннің жарымында көшеге үйден қашып шықсам біреу-міреу көрсе жынданған деп ойлап қалар.
Ұйықтап қалсам тыныш табармын. Шаршағаннан болу керек.
Жатын бөлмеге келіп, тас бүркеніп жата қалдым. Ойыма үш күн бұрын қайтыс болған Ару оралды. Ол менің қолымнан өлген жоқ қой деймін өзіммен – өзім күбірлеп. Жол апатынан жүрегі жарылып о дүниелік болды. Бірақ, осында мен үшін келе жатты ғой... Ойымнан шошып, денем дір ете қалды.
Көзім ілініп кетіпті. Түс көріп жатырмын.
Ақырын есікті ашып әлгі бейне кіріп келді. Бұл жолы бет - әлпетін анық көрдім. Қара шашы иығына төгілген, аппақ бетін жауып тұр. Көзі қып –қызыл. От шашырап, ойнақшып, әбден құтырынып алғандай. Үстінде аппақ көйлек. Саусақтары жіп – жіңішке, тырнақтары ұзын. Жезтырнақ. Жүрегім аузыма тығылды. Тыныштық. Бөлменің есігін жаппастан көзімен бір шолып өтті. Қимылсыз жатқан мені көрді. Қайта жындана бастады. Бадырайып жатқан маған оқ жыланша атылды. Қылқындырып жатыр. Үстімде бір тоннадай күш, жоқ екі, одан да ауыр нәрсе еңсемді езіп жерге кіргізіп барады. Тынысым тарылды. Төтеп беруге әл-дәрменім жетпейді. Бар күшімді жинаған боламын. Әлім келмейді. Басымды жан – жаққа соққылап жатырмын. Алқымымнан қыса түсті. Басып, жаншыды. Кеудемнің сол жақ тұсына қолын тығып алды. Тырнақтарымен күре тамырды осып-осып өтті. Өрекпулі жүрегім әлсіз соңғы соққыдан кейін тоқтады. Тып – тыныш. Жылы қан ақты. Ол ішіп жатыр. Маңдайымнан мұздай тер шықты. Денем шылқа – шылқа су.
Қайдан келгенін білмедім қасыма анам келді. Түсімде болған барлық оқиғаны баяндадым. Анамның түрі лезде өзгеріп «Биссимилла рахмани раһим» де деп айқайды салды. Тілім калимаға тұтығып келер емес. Қиналып «Бис – мил – ла... хи рах...» ары қарай айта алмаймын анашым дедім. Анам оқтауды алып шығып арқамнан тартып – тартып жіберді. «... мани раһ... им». тағы екі рет қайтала деп дауысын одан бетер көтерді. «Бисмиллахи рахмани раһим, бисмиллахи рахмани раһим».
Оянып кеттім. Апыл – ғұпыл қолымды жүрегіме тостым. Соғып тұр. Маңдайыма апардым. Құрғақ.
Есік тарс жабылды. Ән шырқап барады. Қандай ән деп құлағымды түрдім. Тық – тық. Бірте – бірте алыстап барады. Кенет даусы дәл жанымнан шықты.
«Қайтып келемін...», – деді.