Адамның басына қонған бақыттың
тұрақты болуы, жақсы
мінез-құлыққа байланысты.
Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.
Әл-Фараби
Бақыт деген сөздің астарын түсіндіру қиын. Әлемде қанша адам болса, ойлары да әртүрлі болады. Әрбір адам өмір сүруге талпынғаннан бастап бақытты болуға ұмтылады. Бірақ сол бақыттың бағасын білмей, кейде қолымызға қонған бақ құсымызды ұшырып алатынымыз тағы бар. Алайда, бақыт сөзінің мағынасын, бақыт дегеннің не екенін шынайы түсіну керек деп ойлаймын.
Менің ойымша бақыт деген ол қанағатшылдық. Қанағатшыл адам әрбір сәттің бақытын сезіне алады. Адамдар арасында бақыттың алар орны әртүрлі әрине. Ол адамның түсінігіне, сана-сезіміне байланысты. Әлемнің қай түкпірінде болмасын, ел бақыты, ер бақыты, бала бақыты, әйел бақыты, ана бақыты ұғымдары бар. Міне, осы ұғымдар нағыз бақытты құрушылар дер едім.
Ел бақыты – ұлтын сүйер, халқын демер, Отанын құрметтеп, ата-анасын ардақтап, елдің тірегі, халықтың жүрегі бола білетін, болашақтың діңгегін қолдарына ұстайтын патриот ұл-қыздар.
Ер бақыты - қиналғанда қол ұшын берер қаумалаған қалың елі, достары келгенде де, дұшпаны келгенде де, ер атын ез атына айналдырмай, сыйлай білетін адал жары, әке атын ертеңге адалдықпен, кәусарлықпен жеткізетін ұрпағы.
Әйел бақыты – отбасының тыныштығы, бірлігі, әулеттің берекесі, қара шаңырағы, адал жары, аяулы ана атануы. Балаларының шаттығы, жақындарының жылулығы.
Бала бақыты – көз жасын төкпей, қайғы көрмей, жетімдіктің, жоқтықтың зарын тартпай өткізетін балғын балалық шағы, жел жағынан пана, жаңбыр жауса таса, өмір-өзен қыспағында қалса, араша бола білетін асқар таудай әкесі мен мөлдір бұлақтай аяулы анасы.
Ана бақыты – тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен, жүрек жылуы, көз қуанышы, бауыр еті баласы, кейде досы, кейде жанашыры, кей-кейде арқа сүйер панасы бола білетін сүйген ері. Міне, осы бес ұғым шынайылықпен жүзеге асса, онда бақыт шырағданы мәңгі өшпес өмір шырағданына айналар еді.
Сөзімнің соңында айтар болсам, жаратқанның бар екеніне мойынсұнып, сезініп, жүрекпен қабылдаған, мойындаған адамның жүрегі тыныш болады. Ал жүрек тыныштығы дегеніміз – нағыз бақыт.
ҚҰӨжКҰБ кітапханашысы Г. Т. Кемельбаева