Адамдардың табиғатсыз күні жоқ,
Оны айтуға, табиғаттың тілі жоқ,- деген өлең жолдары арқылы адам өміріндегі табиғаттың орны мен маңызы жайлы сөз қозғамақпыз. Жердегі тіршілікті сақтау әр азаматтың міндеті десек, мемлекет те міндетті шаралар қолданып, елдегі табиғат байлығын қорғауға жауапты. Отанымыз қанша кең байтақ болса, оның табиғи байлығы да соншалық мол. Айналамыздағы әсем табиғат, жер, су, тау құдіреттілігіне халқымыз қашан да құрметпен қарап, қастерлей білген.
Жабайы табиғатты бағындырып, адамдар өздерін жердің «иесіндей» сезінеді. Бірақ ұқыпты пайдалану керек екенін, көбінесе ұғына қоймайды. Табиғат байлықтары шектеулі. Оны сақтауға, молайтуға қамқорлық қажет. Ысырапқа жол беру, қоршаған орта байлығына немқұрайлы қарау арқылы біз өз-өзімізге зиян жасаймыз. Табиғаттың байлығын жойып алатынымызды, жасыратыны жоқ, біз түсіне бермейміз.
Адамзат баласының алдында тұрған күннен-күнге шиеленісіп келе жатқан мәселе - экологиялық қатер дейміз. Экологиялық мәселе – бүгін ғана дүниеге келген жоқ. Оның түп тамыры өткенде, табиғатты игеруге кеткен қателіктерде жатыр. Ғылыми – техникалық революция нәтижесінде еліміздің өндірістік қуаты артты, бірақ оның айналадағы ортаға, табиғатқа, әсіресе, адам денсаулығына кері әсері ескерілмеді. Қазір ол айқын сезіліп, үлкен қауіп туғызуда.
Үлкен қалалардағы ұзын мойын мұржалар мен сан алуан транспорттан жыл сайын жүздеген, мыңдаған тонна күл аралас түтіндермен бірге кейде ауаға зиянды улы газдар да таралып кетеді. Бұдан кейін, күн сайын осындай ауамен тыныстап жүрген адамдардың денсаулықтары қайдан мықты болсын? Қоршаған ортаның бұзылуынан ауру мен кемтарлыққа ұшыраған адамдарды емдеп, қатарға қосу үшін қаншама медицина мамандары, емхана мен ауруханалар қажет десеңізші?
Мысалы, өзіміздің қаламыз Қарағандыны алатын болсақ, көмірдің бықсып жануынан атмосфераға сандаған мың тонна көмір қышқыл газы бөлінеді екен. Ал бұл адамдардың жүрек, тамыр, өкпе, гипертониялық ауруларын қоздырады. Ауасы лас жерде тұратын адамдар арасында аллергия сырқаты жиі кездеседі.
Зиян шеккен табиғат жайлы айтқан кезде адамзат баласының ортақ қайғысына айналған Арал трагедиясын айтып өтпеу мүмкін емес. Тұтас бір аймаққа құнарлылық нәрін беріп келген қуатты қос өзен Сырдария мен Амударияның тынысы тарылды. Арал жұрттың көз алдында ащы тұз бұлтына айналды. Жалаңаштанып қалған теңіз түбінен жел ондаған миллион тонна құм мен тұзды аспанға көтеріп таратты. Арал тағдыры - тек бір су бассейнінің тағдыры ғана емес, сол төңіректі мекендейтін халықтың тағдыры, денсаулығы, өмірі.
Әрбір адамның табиғатқа саналы түрде ұқыпты қарауы бала кезден бастап, отбасында, мектепте, оқу орындарында қалыптасуы тиіс. Экологиялық білім мен тәрбие жұмыстары – тәрбиенің құрамды бір бөлігі. Жастарға экологиялық білім мен тәрбие беруді күшейту - қазіргі өмір талабынан туындап отырған, қоғамның алдында тұрған басты мәселе.
Жер мен оның қойнауындағы байлықтар - бәрі де халықтың игілігі. Міне, сол ортаны қалыпты жағдайда ұстау әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Табиғат - ананы қорғау, адам денсаулығын сақтау бір - бірімен тығыз байланысты екендігін әсте естен шығармағанымыз абзал.
Оқу залдары бөлімі кітапханашы Айтбаева К.Т.