Өзегін өкініш өртеген Ана
Немесе
сорлы Ананың монологы
Өз сәбиін өзі өлтірген сорлы Ана екі айдан
кейін жындылар ауруханасында
қайтыс болды. Белгісіз себеп...
Тек үстел үстінде бір бет қағаз бен
қалам жатты...
(эпиграф)
Кеше... Кешке... Кешқұрым,
Сәбиімнің зарлы даусын естідім.
Құлағымда шырылы тұр, ал сосын,
Елес берді кескіні.
Балапаным, көжегім,
Анаң сорлы таба алмай жүр өз емін.
Өкініштің шоғы түсіп жанына,
Өртеп жатыр өзегін.
Кешір мені, кеш, күнім,
Анаңдайын есуастау естіні.
Ақылдылау ақымақ қой, көйлегін
«Бейтанысқа» шештіріп...
Өмір мәні – өзің ең,
Әлди айтып бір өзіңе көз ілгем.
Болашағым, келешегім едің ғой,
Артық тұрған өзімнен.
Айыптымын... Тек түсін,
Болса деп ем қошақаным тектісі.
Әке-сымақ теріс айналып кеткен соң,
Соған еді кекті ісім.
Бар әлемді жек көрдім,
Өкіндім ғой, өмірге де тек келдім.
Біреулерді бақыттырақ ете алсам,
Біреулерді бақытсыз да еткенмін,
Сорақы күн өткердім.
Қалай ғана білмедім,
Тек өтерін сенсіз өткен күндерім.
Қалай ғана тұншықтырдым өзіңді,
Қалғыр қолым күрмеліп...?!
Кешір мені, құлыным,
(Қылқындырып жатыр мені құрығым).
Көз алдымда періштедей сүйкімің,
Құлағымда шырылдаған тұр үнің,
Кешір мені, құлыным.
Кешір мені, періштем,
Тағдырыммен осылайша келіскем.
О дүниеде ең жақсы Ана боламын,
Уәдем осы – ең үстем...
Түс...
Өңімде жоғалтқаным жетпегендей,
Түсімде де іздедім кеше сізді.
Ей, әлем, маған сонша өкпелердей,
Тоғыстырмай қойыпсың көшемізді.
Түсімдегі ризамын бір сәтке де,
Бір сәтке де жанымда сіз жүретін.
Біз мәңгілік, тек бірге жүрсек деп ем,
Күлсе деп ем өңімде күз реңім.
Мен түсімнен сағынып оянамын,
Сағынатын өзге жан таппағандай.
Әдемі бір әуенмен боял, әнім,
Жүрегіндей адамның баққа жар(ы)май.
Қызғаныштан жаралған аздай мұңым,
Түсімде де көремін басқа жанмен.
Менің сізге көп өлең жазбайтыным –
Өңімдегі өзімнен жасқанам мен.
Түсімдегі жанардан жас тамшылап,
Ұнатқаны үшін де жүр ұялып.
Ал өңімде көздерім шашқан шуақ,
Демек, оның біреуді сүйері анық.
(Мен бақытты екенмін түсімде көп,
Өңімдегі өзімді түсінбеймін).
Түнек
«...Оның маған тіл қатпағанына,
көзіме тік қарап,
күлімсірмегеніне тура бір ай болды...
Оның есімі енді қара таста ғана жазулы.
Ол енді жоқ...».
Мұғалімім қара тасқа
осылай өкпесін айтып еді.
Автор
Қара қабір, қара тас, қара құлып,
Қара жерге байладың сананы нық.
Сендер жаққа жақсы адам керек дейді,
Жақсысы аз әлемнен, жаманы көп.
Қара құлып...
Қара қабір, қара тас, қаралы құм,
Бағын алған қара жер бағалының.
Қорғандарын тартып ап, қорғансыздың
Шерге толды қарасы жанарының.
Қаралы құм...
Қара қабір, қара тас, қаралы аспан,
Тіршілікке түнек кеп жағаласқан.
Сүйіктілер сүйгенін құша алмай,
Сағынышты құшағын саған ашақан.
Қаралы аспан...
Қара қабір, қара тас, қаралы бақ,
Өмір пенде жасырды саған «ұрлап».
Құшағыңның кеңдігі таң қалдырды,
Сенде жатыр шарасыз, жаралы да.
Қаралы бақ...
Қара қабір, қара тас, қаралы таң,
Уақыт сені дос дейді, сағатым да.
Маңдайымда тіршілік тарихы тұр,
Сенің атың жазылған қанатымда.
Қаралы таң...
Қара қабір, қара тас, қаралы үн,
Саған айтар жоқ басқа «жаңалығым».
Менің саған баруға уақытым жоқ,
Сиясы әлі біткен жоқ қаламымның.
Қаралы үн...
18. 11. 2013 01:30
Қара раушан...
Қара раушан- сұрықсыз гүл емес-ті,
Алайда ол қасіреттер патшасы.
Ол еш жерде кездеспейді деп естіп,
Байқаусызда жабылмапты жақшасы.
(өзім)
Қаралы мұң қармағына ілініп,
Шерлі жүрек шежіресін егілтті.
Мөлтең аққан мөлдір сезім бүлініп,
Сұм өкініш Қара раушан егіпті.
Қара раушан- жұмбақ сыры көңілдің,
Ақ арманға жұмсақ мұңын сыйлаған.
Із жасырып, әдемі ән, көмілдің,
Мұң-мұнардан шыға алмай қиналам.
Көңілдерден тұрақ тапқан өкініш,
Сол кезеңде бәрінен де сүйкімді.
Ал бүгінде өкініштің отын іш,
Жүректерде әуелеген күй тынды.
От кеудеде қос жанарлар астасып,
Екі бөлек әлем болып күн кешті.
Ол жанарда енді мүлде басқа шық,
Мендік жүрек өзгесімен тілдесті.
Жартастардан Қара раушан көргенде,
Ойлан, сезін, оны мына мен деп біл.
Тағдыр, досым, мен бір күні өлгенде,
Көк тасыма Қара раушан ек деппін.
Сезбеп ем... сезген ем...
Бағымның бақшасы әрсіздеу,
Себебі, жүректер тастардан.
Өмірде жан жоқтай дәл сіздей,
Болмаған секілді басқа арман.
Тұңғиық тереңді сезбегем,
Алдамшы жанарды байқамай.
Жабырқау жүректі көздеген,
Баурап-ақ алғансыз сіз қалай?!
Сезбеп ем осы бір сәттерді,
Гүлдерім үзген-ді үмітін.
Іздейді жанарым тәтті емді,
Аялар екен деп мені кім.
Сергелдең сезімім- гүл дестем,
Күлтесін қара мұң қамалап.
Минуттық бақытпен күн кешкен,
Сағаттық төзімді жағалап.
Сіз менің мұң-бағым емессіз,
Жұмбақ дерт жабысқан жай ғана.
Күн кеше аламын елессіз,
Гүлдерім солмайды жайнаған.
Бақытты боларсыз басқамен,
Өткеннің елесін жоқ қылып.
Сіздегі жанардан қашқан ем,
Сіздегі үміт – отты үміт...
Тау тұлғасы елімнің...
Сан ғасырлық тарихы бар елімнің,
Аз да емес бағындырған белесі.
Санамызда жаңғыруда, ел, үнің,
Шарқ ұрғаның таумен бірге теңесіп.
Өткен күннің еншісінде кешегі,
Тарих жатыр тебіренткен талайды.
Бүгінгіміз бақытты күй кешеді,
Ал өткенін саусақпенен санайды.
Қиын күндер, қиыстырған тағдырды,
Азап күнді еске салмай тұра ма?!
Кінә артып, жалған жала жазғырды,
Мен айтпайын, сен өткенді сұрама.
Қан шашырап талайлардың жүзіне,
Теңдік таппай, теңесетін бақ іздеп.
Бүгін бала толғанады күрсіне,
Өткен күннен кектесетін шақ іздеп.
Еркіндіктің гүлі тұрсын құлпырып,
Азаттықтың әні мәңгі жүректе.
Өткен тарих санамызда тұр тұнып,
Келер күндік келешекпен күнелткен.
Жаса мәңгі, Тәуелсіздік тұғыры,
ҚАЗАҚ- қыран, биіктерге самғасын.
ҚАЗАҚ- тұлпар, желбіресін тұлымы,
Өшірмегей тайға басқан таңбасын.