«Әлем балалар әдебиеті» сериясы бойынша
«Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген тәмсілге ден қойған дана халық бала дегенде ет жүрегі елжіремей қоймас. Адам баласының өмірге деген көзқарасы мен талғамы да балалар әдебиетімен қалыптасады. Демек, балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі, тағылым, тәлім ордасы. Әдебиеттің бұл түрі сөз өнерінің арналы бір саласы. Балалар әдебиетіне жататын шығармалар: оқиғасының қызықты да, тартымдылығымен, композициясының ширақтығымен ерекшеленеді, тілі жеңіл, көркем, түсінікті, айқын әрі әсерлі. Әдебиеттің бұл саласы: жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамыту, оларды адамгершілікке, отан сүйгіштікке, т.б. ізгі мұраттарға баулу. Балалар әдебиеті - балалардың эстетикалық талғамын дамытатын көркем шығармалар ғана емес, оның сырлас досы, қорғанышы және ақылшысы да болып табылады. Олар негізінен мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға лайықтап жазылады.
Қазақ халқының бір ғана ертегісінің өзі сан алуан түрге бөлініп (қиял-ғажайып, хайуанаттар жайлы, тұрмыс-салт ертегілері) балалардың қиялын, ойлау зердесін дамытады. Ең алғаш қазақ балалар әдебиетінің жазба үлгілерін ХІХ ғасырда Ы.Алтынсарин жасаған, ол балаларды өнер-білімге тәрбиелейтін, еңбекке баулитын өлеңдер мен әңгімелер жазды. Ал, қазіргі таңда қазақ балалар әдебиеті күн сайын қарқындап, дамып келеді. Балалар жазушыларының бала тіліне лайықты, ойына қонымды ойнақы өлеңдері мен қызықты әңгімелері арқылы қазақ балалар әдебиетінің негізі қаланып, тұғыры биіктей түсуде.
Осы орайда әлем балалар әдебиетіне де тоқтала өтсек Г.Х. Андерсеннің ертегілері, М. Твен, Ж.Верннің романдары, т.б. суреткер жазушылардың шығармалары балалар арасында өте танымал. Д. Дефоның, Дж. Свифтің В.Скоттың шығармалары балаларға арналып жазылмағанымен, оларда оқырмандардың сүйіп оқитын шығармаларына айналған. Балаларға арналған шетелдік әдебиеттерді оқу арқылы балалар әлем халықтарының дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен, тарихымен таныса алады. Бұл шығармалар халықтар арасындағы жақсы қарым-қатынасты танудың ұлттық мәдениеті болып табылады.
Әлем әдебиетінің жанрлары алуан түрлі. 2005 жылы Алматы қаласында «Балауса» баспасында «Әлем әдебиеті» сериясынан шыққан 50 томдық кітаптар жарық көрді. Оған әлемге танымал қазақстандық және шетелдік авторлардың кітаптары енді. Атап айтатын болсақ: «Қазақ ертегілері», Г.Х. Андерсеннің ертегілері, Гринвуд Джеймс, Марк Твен, Жюль Верннің романдары, Даниель Дефоның, Джек Лондон, Вольтер Скотттың шығармалары жарық көрген.
Осы шығармалар арасынан Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкен хикаяттары» атты шығармасына тоқтала өтсек, бұл - классикалық туынды, Том Сойердің басынан кешкен қызықты оқиғалары суреттеледі. Яғни, ақын балалық шақта болатын барлық сезімдерді сипаттайды: махаббат, реніш, қызғаныш, жеккөрушілік және тағы басқа қызықты шытырман оқиғаларға толы. Шығарманы оқи отырып кейіпкерлердің өмірі, дүниетанымы арқылы сол кездегі, яғни XVIII ғасырда АҚШ-тағы шағын қалашық тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, қарапайым адамдардың, діни қызметкерлердің психологиясы, болмысы, түсінігі көз алдына келеді. Шығарманың көркем оқиғалары мен суреттері қазақ ауылындағы өмірді көз алдына әкелгендей болады. Кітап өте қызықты, оқыған адамға көпке дейін ұмытылмастай әсер береді. Шығарманың электронды нұсқасын kitap.kz әдеби сайтының оқи аласыздар.
Балалар әдебиеті - талғамы биік оқырман үшін әрдайым танымал болмақ.
Абонемент бөлімі: А.Абдулганитова