Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Абай Құнанбайұлы
Мәдениеттің мәйегі – кітап дейді Шерхан Мұртаза. Адам баласының ақыл ойынан туған рухани байлықты сақтап қалып, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал – кітап. «Аруна» баспасы арқылы шығатын «Даңқты адамдар» топтамасы әлемге әйгілі тұлғалардың өмірінен сыр шертетін кітаптарды ұсынады. Оның ішінде Керей мен Жәнібек, Абылай хан, Абай, Аристотель, Пабло Пикассо сынды бір туар тұлғалардың кітаптары бар. Бұл туындылар тарихта айрықша із қалдырған танымал тұлғалар туралы жан – жақты мәлімет беріп, олардың өміріне қатысты қызықты деректермен таныстырады.
Соның ішінде тылсым да тұңғиық сырға толы шығармаларымен белгілі болған қазақтың хакім Абайға арналған топтамасына тоқтала кетейін. Биылғы жыл ойшыл Абайдың туғанына 175 жыл екені де баршаға бесенеден белгілі. Ілкімді ізденіс пен зерделі зерттеу нәтижесінде жарыққа шыққан бұл сүбелі еңбекте қазақ руханиятының толағай тұлғасы, әлемдік деңгейдегі ойшылы Абай Құнанбайұлының даналық дүниетанымын саралайды. Абайдың өмірінен бастап, туып – өскен ортасы, лирикасы, аудармалары туралы айтылады. Қазақтың ұлттық өнері тарихында ерекше орын алатын музыкалық мұрасы жайлы да жазылған. Топтамадан өмірінің соңғы жылдарында тағдыр соққысын көріп, руаралық талас – тартыс қалжыратқан Абайдың басына қандай ауыртпалықтар түскендігін біле аласыз. Дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен есімі қатар тұрған хакім Абайдың мол әдеби мұрасы бүкіл адамзаттың рухани қазынасы.
«Даңқты адамдар» топтамасынан дүниежүзіне белгілі тұлғаларды жан – жақты танып білемін десеңіздер кітапханамыздан кітаптарын алып оқуларыңызға әбден болады. Ол оқырман қауымның санасына даналықтың нұрын шашып, парасатты ой ұялатып, білім көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз. Құрметті оқырмандар рухани байлықтан нәр алыңыздар.
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Мақатай Е.