«Мен жұмақты кітапханаға ұқсаттым» бұл ХІХ ғасырда «Вавилон кітапханасының» шырақшысы атанған атақты кітапханашы, аргентин жазушысы Хорхе Луис Борхестің сөзі. Жазушы сондай-ақ, «Мен үшін кітап - тек білім көзі ғана емес, бүкіл әлем, ал бүкіл әлем «кітапханада» қамтылған», деген. Иә, кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Сан қырлы оқырман үшін тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы мекен деуге болады. Сондықтан да, бұл киелі шаңыраққа «жүрегі бар үй» деген әдемі атауды берген шығар.
Ал, осы кітапхананы ой-өрісі кең, қиялы ұшқыр, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашыларсыз елестету мүмкін емес шығар. Олардың орны кітапхана үшін өзінше бір бөлек.
Жалпы, кітапханашы мамандығы - өте көне мамандықтардың бірі, оның тарихы төрт жарым мың жылдан асады. Бұл мамандық шумер мәдениеті кезеңінен пайда бола бастаған. Ең алғашқы кітапханашылар б.з.д. 2500 жылы сазды каталогтарды құрастырып, кітап жасау материалдарын (былғарыдан, матадан т.б.) ойлап табуда, көне кітапты сақтау жолдарын меңгеруде өзінің зор үлесін қоса білген маман иелері. Демек, сол заманнан бері ақпарат пен білімнің жаршылары бола білген кітапхана мамандарының қазіргі таңда да жұмыс жасау бағыты өзгермегенге ұқсайды.
Бұл мамандықтың тарихына көз жүгіртсек небір ғалым, ақын, жазушы да осы мамандық иесі болған екен. Орыстың танымал жазушысы Иван Андреевич Крылов отыз жыл кітапханашы болып жұмыс істеген және Николай Федоров Мәскеудің «Румянцев» кітапханасында, данышпан математик Николай Лобачевский «Қазан» университетінің кітапханасында кітапханашы ісімен айналысқан. Ал, елімізде бұл салада еңбек еткен ұлы тұлғаның бірі мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері – Мұрат Мұхтарұлы Әуезов. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың ұлы. 2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Бас директоры болып қызмет атқарған.
Жалпы, Қазақстандағы бұл саланың тарихына үңілетін болсақ, ол 200 жыл бұрын басталған. Алғашқы кітапхана 1831 жылы Орал қаласында әскери училище жанынан ашылған және ол тек оқушыларға қызмет көрсеткен, ал 1858 жылы Ресей империясының мемлекеттік қайраткері А.Д. Столыпиннің бастамасымен көпшілік кітапхана болып қайта құрылған. Бүгінде бұл кітапхана «Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы» болып аталады. Сондай-ақ, Қазақстанның тағы бір көне кітапханаларының бірі – патша үкіметі кезінде Семей жеріне жіберілген революционер-демократтардың ұйымдастыруымен ашылған «Абай атындағы Семей әмбебап ғылыми кітапханасы». Алғаш рет бұл кітапхана оқырмандарға 1883 жылы ашылған. Ал, жоғары оқу орнында ашылған көне кітапхана – «М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті». Бұл кітапхана 1932 жылы Орынбор училищесінің 7500 томдық кітап қорының негізінде құрылған. Ал, 1931 жылы Қазақстанда Қазақ КСР Мемлекеттік кітапханасы құрылып, 1991 жылы «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» мәртебесіне ие болады. 1997 жылдан бастап Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кітапханалық ассоциациясы» өз жұмысын бастаған, оның басты мақсаттарының бірі - қоғамда кітапханашы мамандығының беделін көтеру болып табылады.
Ж.Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе», - дейді. Расымен, сан түрлі мамандықтар бар, әр саланың өз шыжығы мен қызығы бар. Соның ішінде кітапханашы мамандығы өзінің қызығымен, тартымдылығымен ерекшеленетін мамандық. Себебі, күн сайын жаңалыққа толы сәттер, жаңа келген газет-журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын кітап алатын сан түрлі оқырмандардың сұранысын орындап, сан түрлі сұраққа жауап бере алатын әмбебап мамандық. Иә, әмбебап өйткені қазіргі таңда кітапханашы - нағыз әдебиеттанушы да, педагог та бола алатын бірден бір маман иесі, олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
XXІ ғасыр – кітап ғасыры. Ал, кітаптың бар қыр-сыры, олардың жіктелуі, библиографиясы мен кітапхана каталогтарының құпиялары тек кітапханашыларға мәлім. Сондықтан да болар, қазір кітап сүйер барша оқырман үшін қасиетті кітапты көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне қолдануы үшін еңбек етіп жүрген кітапханашыларды абыройлы мамандық иелері деп біледі.
Мен кітапхана мамандарын - сөреде тұрған алты қырлы кітаптың мәні мен мазмұның білетін, өз тағдырын кітаппен байланыстырған тұлға дер едім.
Кітапханаларды дамыту бөлімі Жамауова Ұ.