Балажан ақын (Ақын О. Асқар туралы)

Қазақ поэзиясының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан Оразақын ақынның ата-анасы ертеде Талдықорған облысы, Жаркент ауданында тұрған. 30 жылдары Қытайға өтіп кеткен. Әкесі Асқар домбыра тартып, батырлар жырын жырласа, анасы ою ойып, сырмақ басып, іс тіккен.

Оразақын 1935 жылы Шығыс Түркістан облысы, Іле аймағына қарасты Мүкей – Қаратас деген жерде дүниеге келген. Жасынан үлкендерден естіген жырларды, ертегілерді өзі қатарлас балаларға айтып беретін болған. 10 жасынан өлең жазған, 15 жасында жазған өлеңдері газет беттерінде жарияланған. Әкесінің аманатын орындап 20 жасында атамекенге оралып, ҚазМУ – ды аяқтап, түрлі салада қызу еңбек етті. Халықаралық «Алаш», Түркі әлемінің «Ақбозаты», Мұқағали атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері атанған.

Жасынан сурет салуды, ою-өрнек оюды жақсы көрген. Балалар әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосты. Баланың тіліне, жасына, ойлауына сай түрлі тақырыптағы шығармаларын оқып көріңіз.  «Балаларым – бақытым», «Ұлттық ойындар», «Жеткіншек», «Әріптер әліппесі», «Біздің мерекелер», «Төрт түлік төлдер», «Белжайлау», «Қос қоңырау», «Жарапазан», «Суретті өлең әліппе», «Әріптер еліне саяхат», «Расти, большим!», «Ұяда не көрсең», «Гүлдер әлемі», «Ләйлә» атты балаларға арналған туындылары  45 кітапқа айналған. Қазақ халқының ғасырлармен қатарласа қатар жасайтын 4400 – ден астам қара өлеңін Оразақын Асқардың жападан – жалғыз жинап бастыруы дербес ғылыми мекеменің еңбегіне татиды. Б. Нұржекеев ағамыз: «Оразақын Асқар – жұртқа жақсылықты айтып, сүйсінткенді артық санайтын саналы ақын» -  деп тауып айтқан.

Қаламгердің хоббиі кітап оқу, түрлі қаламсап жинау болған. Әр қаламының тарихын шебер әңгімелеп бере алған. Жұлдызды жырлар жазатын жаңашыл, балажан ақынның өлеңдері пікірлі, ойлы, оқыған жанның көкірегіне қона қалады. Туған жерінің портретін ақын ағамыз әр қырынан суреттеп, өз сүйіспеншілігін өлең – сезіммен әдемі өре білді.

Ақын 84 жасқа қараған шағында өмірден өтсе де, соңында мәңгі өлмес жырларын қалдырды. Құрметті оқырман! Сіздерді ақын шығармашылығымен кеңінен танысуға шақырамын.

 

Көпшілікке қызмет көрсету секторы Ахмадиева А.С.