Кеңесбекұлы Ерқанат (Керімсал Кеңесбекұлы)

МИСТИКА

Түсім де емес.
Өңім де емес.
Екеуінің арасы. Жер мен көктің арасы. Сегіз бейіш қаласы...
Сол шәріптің ішінен көрінеді
Бір Ақынның қарасы.
... Музейі екен Мағжанның...
Тұңғыш рет
Һәм соңғы рет
Таңқалдым!
Жарқыраған шамдардың сәулесіне шағылысқан
Айна барын аңғардым.
Қарап едім айнаға, – арғы жағы – айдала!
Қалың-қалың арасынан бұлттардың,
Алшаң басып жай ғана, Қасым маған қарады: қабақ түйіп ойлана!
Ар жағында – Жұмекен. Жұматай бар...
Жұбан ағам.., өлген әрі тірі екен!
Жейдесінің жағасына кір түспей,
Ең соңында Артығали тұр екен...
Ақындардың армиясы! Міне осыны көріп қалып айнадан
(Әу басында онша сене қоймағам), оң жағыма бұрылып ем;
Тарихтағы тұғырым ең!
Отсыз қайнап тұр екенсің Тайқазан!
Іле-шала жанұшырып,
Қайратымның сағы сынып.
Хан Кененің басын іздеп,
Күлтегіннің тасын іздеп!
Сорпа ішінен – зор күшіммен: тауып аппын Нарқобыз!
Мың жылдықтың арасынан, алакөздің табасынан жасырғым кеп...
Соңғы қалған дүниемдей, алар дейсің кім иемдей.
Мұражайдан сыртқа шығып.
Сыртқа шықсам, аспан жақтан сырттан ұлып.
Дір ете қап!
Көзімді ашсам, Жерұйығым екен деймін:
Жалаңаяқ өзім басқан.

ЗӘМ! ЗӘМ!

Зәм!
Зәм!
Жұмыр етті ерітті кім?..
Тобылғыдай беріктігім!
Зәм.., - зәм.
Адамдармен сынға түсу,
ғаламшармен үн қатысу...
Зәм. Зәм.
Сұлулығы жанарыңды қарыған.
Планета: бір есімі – Мағжан!
Зәм. Зәм!
Беу жайдарман, жайдарман:
нәрестенің кіндігіне байланған;
Текеметтің суретіне айналған;
бассыздардың маңдайынан бәйгі алған!
Зәм. Зәм.
Қарғымақ кім тағдырынан азулы?!
Оқысын да! Арғымақтың көзіндегі жазуды!
Зәм.Зәм!
Әуел баста бекінгенмен өлмекке,
бірте бірте айналдым-ау өрнекке.
Зәм. Зәм.
Қара қасқа кеңістік-ай. Мағмұр.
Қара тасқа сыр жасырдым тағы бір.
Зәм. Зәм.
Тысқарыға ұмтылғанмен сағына,
іш жағына сіңіреді Қағба!
Алла!
Зәм-зәм – дыбыс еске салды Алланы,-
Дирижердің қолындағы қаламы...
Зәм...
Зәм...

КҮБІР

Құшақтаса егер жердің бедері,
ұмытпас мені ұлар күн.
Отызға келіп өлгім келеді...
... сұмдық өлермен шығармын.

Кім білген бұлай тіл қатарымды
Айналдым, менің айналдым!
Көріп қап түнде үр жамалыңды
көзіңе сенің байландым.

Аршта балқып үрім қанаты
Құлын әндерім құрақта.
БҰЛ ӨЛЕҢІМДІ СЫБЫРЛАП ОҚЫ...
...күбірлегендей құлаққа.

Ойласа бәрі өстіп ойласыншы.
АЙҚАЙДАН ӘЛЕМ ШАРШАҒАН!
Осы жырымды естіп қоймасыншы
түсінбей жүрген қанша адам...

Жаулығы түннен.
Жадағай елес...
Ажалым менің (ғазалым менің) сабырлы.
Сүйемін сені!
Жоқ олай емес.
Бар еткен сені Тәңірді.

СЫБЫРЛАП ОҚЫ.
СЫБЫРЛАП ОҚЫ...
ҮН-ТҮНСІЗ МЕНІҢ КӨРІКТІМ!
ФӘНИДЕ ЖАЛҒАН
СЫРЫМ ҚАЛАДЫ.
БАҚИДА (С)ӨЗІМ –
СОНЫ ҰҚТЫМ...

Сыбырлап оқы...

Тсс...

СОТ

Дүниенің төрт бұрышы – төрт тарап.
Төртеуі де бықсып жанған өрт-танап.
Арштағы ардың соты бір бөлек,
Бұл жақта да ЖҮРЕГІМДІ СОТТАМАҚ!

Жанарымнан қан боп аққан мұң әні
Есіл жаным күнәсіз
һәм күнәлі.
Езуімді тіледі әлі есіріп!
МЕНДІК ЖҮРЕК СОҚҚАНЫ ҮШІН КІНӘЛІ!

Бір райхан қыз маңдайымды сүртті кеп.
Мына қоғам зәһәр-зәрін бүркті кеп!
ЖҮРЕГІМДІ ӘЛСІН-ӘЛСІН ӨЛТІРДІ
ҚАЛАМЫНЫҢ ҰШЫМЕНЕН ТҮРТКІЛЕП!

УА, ҚҰБЫЛА ҚҰБЫЛА!
Сәл жымишы ұлыңа!
Асау жүрек ақырғы рет алқынып
Тағы бір рет тиді елдің ЖЫНЫНА!

Бір басыма үйіп-төгіп кінәні,
Мына жақтың таусылмады сұрағы!
Ардың соты қоңырауын қаққанша
ӨЛГЕН ЖҮРЕК ӨМІР СҮРЕ ТҰРАДЫ!

 

 

 

АЛМАТЫ ҚАЗІР...

Алматы қазір... көңілсіз шығар...
Өйткені, онда сіз барсыз
Бірақ мен жоқпын.
Жетімбұрыш та сезімсіз шығар,
Кісілері де сергек тым.

 

 

Алматы қазір... өзгерген шығар...
Өйткені біз де
Ешкімге бүгін сенбейміз.
Көз жазып қалар кез келген шығар,
Нұрлы кештерге шөлдейміз.

Алматы қазір... бәденсіз шығар...
Өйткені мен де
Ажырап барам реңнен.
Терек біткені сәлемсіз сынар
Сан пиғылдарды түнерген.

Алматы қазір... жылайтын шығар...
Өйткені ол да жесірдің күйін кешеді.
Бәз біреулерге ұнайтын шығар
Рандевуімен кешегі...

Алматы қазір... аласа шығар...
Өйткені оны келімсек келіп жүдетті...
Кабак біткені «тамаша» шығар
«Қақ жарып тілген» түнекті...

Алматы қазір... сол қалпы шығар..,
... иә?...

1941-1945

МӘҢГІЛІК АЛАУ...
Алауменен ойнаған әңгүдік анау.
Мынау оттың демінде демігіп тұрған
Талай қыршын ғұмырдың тағдыры бар-ау!

МӘҢГІЛІК АЛАҢ...
Жексенбіде өтетін ән қылып адам.
Мәңгі бірге болуға серт беретіндер
Көздің нұрын төгеді талдырып оған.

МӘҢГІЛІК МҮСІН...
Жаһаннамнан кеп жеткен жаңғырықпысың.
Көкзеңгірді күрмейтін тас төбеңе кеп
Көгаршындай қонады мәңгілік құсың.

МӘҢГІЛІК КӨШЕ...
Солдаттарға кешегі зарды ұмыт десе.
Қаңыраған тірліктен баз кешетіндер

Жамыраған жұлдыздай қаңғырып кесе...

МӘҢГІЛІК САНДАР...
Сандардағы қасірет мәнді ұқсаңдар.
Бейбіт күннің мәңгілік емес екенін
Мәнсіз ғұмыр иелері МӘҢГІ ҰМЫТПАҢДАР!

..ЕСКЕН-ДҮР!..

«Қылышы қою қанға малынып ап,
Баскесер бейбақтардан тағылым ап.
Қанішер қаһарлы әмір болыпты»,- деп,
Бағзыдан сыр шертеді кәрі құлақ...

Қасына ертіп жансыз , алаяқты,
жолында кезіккенді аямапты.
Күндердің бір күнінде атой салып,
жаулапты еркін жатқан уалаятты .

Әмірдің естіледі зілді әмірі.
«Менмін» деп жер үстінің сұлтаны ұлы!
«Бұл жақты басқаратын басқақ керек
ақылды болу ләзім жұрттан ірі!

Әлбетте, Жаратқанның Заңы күшті.
Уәзірлер міндетінен «жаңылысты».
Ең ақылды пенде деп сұлтанына
әкепті мола кезген дәруішті ...

-Патша Ием, әмір еткен қу далаға!
-Бейшара не істеп жүрсің қу молада?!
-Ақыреттің тамырын іздеуменен,
Билеушім мен ішпеген у қала ма?

Жүзіңіз Ұлық Ағзам шад-шадыман!
Фәнидің не іздедіңіз астарынан?!
Мына сүйек хан ба әлде қараныкі?
Бейіттің алып кеп ем бас жағынан...

-Менмін падишасы кең дүниенің!
Басымды қатырмақсың енді менің!
Қураған қу сүйекті ажырат деп
Әмірге сауал қояр сен кім едің?!

 

-Үстемсің билігің бар расында.
Өлмейтін өмір бар ма қыр астында?
Соны тауып берсеңіз басқақ* болам
Әлдінің әлсіздігі міне осында!

-Мына есалаң неліктен алжасты,- деп,
Уәзір біткен жағадан жармасты кеп...
Жалғанның жалғандығын бек түсініп
Ескендір түңіліпті алғашқы рет...

* ерте ғасырлардан бастап қолданылған лауазым. Тәуелсіздігінен айырылып өзге мемлекеттің вассалына (боданына) айналған елдің билеушісін Басқақ деп атаған.
* Дәруіш– діндар, өзін толығымен құдай жолына бағыштаған, рухани жетілуді мақсұт еткен, сопылық ілімді меңгерген адам.

КӘРІ КӨКТЕМ

Бозқараған үміттер бүр жарыпты.
Жапырақтың бетінде жыр қалыпты.
Диуанаға бәрі өлең боп көрінер
Сау адамға бұл өмір бірқалыпты.

Биші қайың қыздай боп ырғалыпты.
Ескі адырдың ескі әні тыңдалыпты.
Ақын жүрек жалықпас таңданудан
Сау адамға табиғат бірқалыпты.

Ұры уақыт желкемнен ұрланыпты.
Жағасында жейдемнің кір қалыпты.
Әлем алжып барады күлкім келді
Сау адамға айнала бірқалыпты.

Құрақ бала бұлақтан құр қалыпты.
Жесір көктем жаспын деп бұлданыпты.
Өңі ғана жасарған кәрі жалған
Сау адамға бәрі де бірқалыпты!

 

 

 

 

 

***
Қоңырау шалғам.
Ауырып қалған екенсіз...
Саңырау жалған.
Жақынсыз әрі бөтенсіз...

Қоңыраулардан...
Қажыған шығар жаныңыз.
Шағын ауаннан
Шап-шағын бақыт табыңыз!

Бұл қалаға кеп
Сізді осы іздей беремін.
Бұлданама деп
Қағазға тамды өлеңім!