"Француз әдебиет әлемі"

Аударма – тілдердің ұштасуы, билингвизм құбылысы.

(Жорж Мунен)

Бір тілде айтылған не жазылған мәтіннің екінші тіл арқылы жеткізілуі, әдебиеттің кең арналы, мол саласының бірі. Дұрыс аударма жасау үлкен өнер. Өткен ғасырларда француз тілінің махаббат, сүйіспеншілік тілі, сондай-ақ биік дипломатия мен адам құқықтарын кең тұрғыда паш ететін құрал деп жарияланғаны белгілі. Бірнеше ғасырлар бойы әлемдік маңызды тілдер қатарында саналып келе жатқан француз тілінен аудармаларға тоқталайын. Еуропаның батысында орналасқан елден шыққан Бальзак, Луи Жаколио, Проспер Мериме, Жорж Санд, Виктор Гюго, Эмиль Золя, Антуан де Сент – Экзюпери сынды атақты жазушылардың шығармаларының, романдарының, повестерінің аудармалары кітапханамызда жетерлік.

Солардың ішіндегі әлемге әйгілі француз жазушысы Антуан де Сент – Экзюперидің әлем балалар әдебиетіне арналған 50 томдығының бірі «Атажұрт» атты кітабы. Кітапқа «Атажұрт», «Түнгі тұйғын», «Оңтүстік почталығы», «Әскери ұшқыш» повестері енгізілген. «Балауса» баспасымен жарыққа шыққан жазушының аталмыш шығармалары қазақ тіліне 2011 жылы тұңғыш аударылды. Осыған тақылеттес аса көрнекті жазушы Проспер Мерименнің «Әлем әдебиеті» сериясымен шыққан «Қиямет түні» кітабы. «Қиямет түні» аталатын танымал романы енгізілген бұл кітапта билік басындағы ақсүйектер топтарының айла-шарғысы мен шіркеуліктердің діни фанатизмі қосылып, елді азамат соғысының қанды қырғынына ұшыратқаны шынайы суреттеледі. Және бір белгілі жазушы, саяхатшы Жаколио Луидің шытырман оқиғаларға толы, шырғалаңды романның абсолютті классикасы «От жұтқандар» кітабы. Мұнда төрткүл дүниенің шетсіз-шексіз түкпір-түкпірін аралап, қауіпті де, қызықты сапар шеккендей боласыз. Мейірбан үндіс көсемдері мен шырғалаңқұмар жиhанкездердің бастан кешкендері баяндалып, адал достық пен аяулы сүйіспеншілік романтикасы сізді тәнті қылады. Ең ғажабы Солтүстік Америка, Батыс Еуропада және Австралия құрлығында өрбитін оқиғалар кең байтақ қазақ даласында да жалғасып кетіп отырады.

Жағалауларына емін-еркін кеме тоқтай алатын, қолайлы қойнаулары бар Францияның тұлғаларымен таныс болып, қазақ тіліне аударылған қызықты да шытырманды шығармаларын кітапханамыздан алып оқыңыздар. Тілдік санамыз тізерлемесін, бай да құнарлы қазақ тілі қабылдампаздыққа ұрынбай өзінің жасампаздығын айдай әлемге таныта берсін!

Абонемент бөлімінің кітапханашысы Мақатай Е.