Қолтаңбалы сый кітаптар таныстырылымы

Құрметті оқырмандар кітапханамыздың өлкетану әдебиеті бөліміне Ақтөбелік ақын, Қазақ журналистикасының қайраткері, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы, Қазақ Спорт және Туризм академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиевтың қолтаңбалы сыйлық кітаптары және журналдарымен толықтырылды. Сіздердің назарларыңызға «Ұлы дала батырлары» атты тарихи – деректі кітабы мен «Мен іздеген қазына» «Сен үшін» атты махаббат жырлары жинақтарынан таныстырылым ұсынамыз.

Саған айтып мен күн сайын базына,

Жырым толды ақ параққа жазыла.

Жер жаһанды іздеп жүріп таптым мен,

Сен екенсің мен іздеген қазына!

 

Бір – біріне ғашық етіп қойғасын,

Өзің жаным әр кез мендік ойдасың.

Жүрегімде жазылып тұр есімің,

Сол жүректі біреу алып қоймасын!

 

Өлең деген сөздің нағыз жүйесі,

Болады екен ғажабы оның киесі.

Сол себепті жыр арқылы жеткізем,

Сенсің менің жүрегімнің – Иесі!

 

Шаңырақтың жаралғандай бағына,

Сен айналдың көңілімнің жазына.

Жар саламын бар әлемге шаттанып,

Сенсің жаным – мен іздеген қазына! - деген лирикалық жыр шумақтарымен таныс болыңыздар.

Патриоттық рухта жазылған қазақ батырлары туралы тағылымды деректемелерді насихаттайтын «Ұлы дала батырлары» атты тарихи – деректі кітаптан құнды мәліметтер алуларыңызға болады.

Бұл өмірдің сырлары көп тұңғиық,

Көңіл шіркін тұңғиыққа тола ма?

Сол сезімді ұластырып сезімге,

Жүрегіңнен орын алсам бола ма?

Кітап сүйер оқырман қауым сіздердің жүректеріңізге сезімге толы жырлары мен патриотты жинақтары жол табады деген ойдамыз!

 

Өлкетану әдебиет бөлімі Жаркеева Г.А.