Қазақтың мақал мәтелдері

«... Мақал да тақпаққа жақын салт санасына сәйкес айтылатын пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызды, шыны келеді.

Мәтел дегеніміз кезіне келгенде кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады.»

А. Байтұрсынов

Қазақ – ақын, шешен халық. Өте бай сөздік қорын, аса икемді жасампаз көркем тілін өмірдің барлық саласында орны – орнымен жүйелі пайдалана білген. Жүйрік ойлы, терең мағыналы, шешімі байламды бір ауыз дуалы сөзбен ел арасындағы жанжалды, дауды тындырған, қаһарлы қатал жауды райынан қайтарған. Бір ауыз сөзбен жылағанды жұбатқан, діңкелегенді демеген, жасығанды жігерлендірген, түңілгеннің үміт отын жаққан.

Мақал – сөз анасы. Әдемі ұйқасты, үйлесімді ырғақты, өлеңді өрнекпен не шешендік қара сөзбен айшықталған, қысқа да нұсқа айтылатын нақыл сөздердің мәйегі.

Мәтел – мақалға ұқсас, бірақ мақал сияқты екі – үш тармақты емес, қара сөзде нұсқалы, қорытынды түйінделуі тура айтылатын, қарама – қарсы шендестіруі жоқ, ықшам да кестелі нақыл сөз.

Мақал мен мәтел – қазақ халқының рухани қазынасы, философиялық пайым – түйіні.  Ұмытылмай ұрпақтан ұрпаққа жаттала тараған өнегелі, өсиет сөздердің киелі түзілімі.

Оқырман назарына шешендікті қадір тұтқан  қазақ халқының даналық нақыл сөздері түзілген бірнеше кітапты ұсынамыз.

Қазақ мақал-мәтелдері [Мәтін] / құраст. Ж. Малайсарин. - Алматы: Ана тілі, 2003. - 184 б.

Бұл кітапта қазақ халқының әдет – ғұрпын, ұғым – сенімін, дүниеге көзқарасын көрсететін өмір тәжірибесінен, тіршілік танымынан түйіп түзілген мақал-мәтелдердің бір шоғыры топтастырылып беріліп отыр.  Кітап барлық оқырман қауымға арналған.

Қазақ мақал-мәтелдерінің Алтын кітабы (8675 мақал-мәтел) [Мәтін] : [жинақ] / құраст. Ж. Кейкін. - Алматы : Аруна, [2011-?]. - 628 б.

Жинақта қазақтың 8675 мақал – мәтелі жинақталған. Ерекшелігі – халық ауыз әдебиетінде ертеден келе жатқан, бірақ бұрын – соңды қолданысқа түспеген тың мақал – мәтелдер топтастырылған.

                          

Қазақтың мақалдары мен мәтелдері [Мәтін] / құраст. Ө. Тұрманжанов. - Алматы: Білім, 2004. - 272 б.

Марқұм  Өтебай Тұрманжанов жинап, құрастырған бұл кітапқа қазақ халқының ел арасына кеңінен тараған мақалдары мен мәтелдері енгізіліп отыр.

Оқырман қауымға ұсынылып отырған бұл кітаптар қызмет, іс үстінде сіздерге пайда келтіреді деген сенімдеміз.

 

Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімі кітапханашысы Қадырова Г.