Асық ойнаудың пайдасы

Асық ойыны - баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйластыққа тәрбиелеген. Бұл ойын ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі. Ендеше көнеден келе жатқан ұлттық ойынның бүгінгі таңдағы өрісі қандай, асық ойындарының түрлері жайында аз-кем сөз етіп көрсек. Ерте де ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық – төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа пішінде болады. Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі. Тәйке – асықтың иірілгенде табаны үстіне қарап, тұрық түсуі. Ол – екінші дәрежелі асық. Бүге – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие. Шік – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие. Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі. Сомпы – асық тұмсығымен көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі. Табан – асықтың тәйке жағы. Оңқай –асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады. Солақай — асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады. Сақа — қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді. Сақа деп арқардың асығын атайды. Құлжа — арқардың аталығының асығы Жабайт — еліктің асығы. Шүкімайт — қозы мен лақтың асығы.  Асық ойынының түрлері: «Омпа», «Көн», «Ханталапай», «Атқапыл». «Омпа» ойынын көбінесе бозбалалар ойнайды. Оны таза ауада алаңда, не үлкен бөлмелерде ойнауға болады. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынның мақсаты –асық ұту. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да, біріншісіне төрт бұрыш жасайды. Дәл ортасындағы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асық мұртынан «Омпа» тұрғызады. «Көн» ойыны асықты тігіп ойнау. Бір топ бала, жастар жиылып келіп, тегіс жерді таңдап алады да оны тазартып, ортадан төрт бұрышты сызық сызады. Сақасы алшы түскен ойыншы бірінші болып ату кезегін алады. Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны көнбе сызығынан шығарса, оны алады да, сақасы түскен жерден қайта атады. Көндегі асық біткен соң, ойынға қатынасушылар бір-бірден көнге қайта асық тігіп, ойын қайта басталып, жалғаса береді. Ханталапай. Асықпен ойналатын ойынның тағы бір түрі – «Ханталапай». Бұл ойынды үлкендердің басшылығымен ойнайды. Ойынға қатынасушы балалардың санына шек қойылмайды. Олар ойын жүргізушінің айналасына жарты шеңбер құрып отырысады. Ойын жүргізуші қолындағы асықты «Ханталапай» деп ортаға қарай шашып жібереді Отырғандар тез-тез жиып алулары керек. Кім аз жиып алса, сол жеңілген болып есептеледі. Ойынның мақсаты – балалардың жылдамдығын жеделдету. Жүйке жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда сақтау қабілеттерін жетілдіру.

 

Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы: А.Ж. Искакова