Қабділәшім Еламан Хасенұлы

ЕСЕНИН

Өлең теріп шерлі аспанның қойнынан,

Сергей, саған ойым менен бойды ұрам.

Сен асылып өлген арқан «бақытты»:

ең соңғы рет қатты «құшқан» мойныңнан.

 

Іңкәр қылып жүрген күнде бізді әлгі,

Сезіміңнен өлең болып із қалды.

Сол бір арқан күлер, бәлкім, кекетіп,

Саған қолы жете алмаған қыздарды.

 

Сұм сойқанның запыранды заңына әр,

Сендік Рух осал емес бағынар.

Өзің сүйген арулардың ернінде,

Әлі күнге сағыныштың табы бар.

 

Еліктірген, желіктірген Түн әні,

Сендік жүрек кінәсіз һәм күнәлі.        

Сұлулардың құшағыңа тұншыққан,

Жалыныңа жаны өртеніп жүр әлі.

 

Өкініштің басып ауыр салмағы,

Россия емес, күллі Адамзат зарлы әлі.

Өміріңді жалмағанмен сол арқан,

өлеңіңді буындыра алмады.

 

Таңданады таңдай қағып паң дүние,

Сендік Рух маған көшсе мәңгіге.

Айдан анық ақиқатқа айналды,

Дәуітәлі көкем айтқан әңгіме.

 

Сары шайырды кім айтады: «өлген»,- деп,

Орын алған Жүрек дейтін төрден кеп.

ХХІ ғасыр неткен бақытсыз:

Есенинді көрген жоқ!

 

 

 

 

ҮШІНШІНІҢ СӨЗІ

                        (Сүйгенімнің сүйгеніне)

Кінәлі кім бұған?

Жазықты кім бұған?

Үмітім өшті де, торлады мың күмән.

Мың күнәм бар ма еді, жоқ әлде одан көп?...

Жауабын несіне сұрайсың жындыдан!

 

Өзім ғой айыпты, білемін, бәріне,

Қалғанмын ұшырап махаббат «кәріне».

Сол күні мен оны ең алғаш көріп ем,

Сол көктем жанымды өртейді әлі де.

 

Бірақ та Баяным емес тек ол менің,

Қозысы өзіңсің, жүрегін тербедің.

Мен бүгін қатыгез Қодар боп күн кешем,

Сезімге шөлдедім!

 

Жібек қыз! Оған тән тектілік, наз қылық.

(Санамды барады сайтандар азғырып.)

Дәл мендей күй кешкен екен ғой Бекежан,

Мен оны жүріппін бекерге жазғырып.

 

Бақыттан едім ғой мен де бір үміткер.

Сырыңды сен менен ендігі бүгіп көр!

Мен сені шақырсам, дайын боп, бауырым,

Беліңді буынып, жеңіңді түріп кел.

 

Бір сұлу.

Қос ғашық.

Қызғаныш... Қу елде

табылмас бұдан зор ішетін у ерге.

Пушкинді мерт қылған қайда әлгі тапанша?

Бері әкел, мен сені шақырам дуельге!!!

 

 

            *          *

Өткен күннің өкініші құрысын!

Өткен күнім- От пен Мұңым. Дұрысы.

Сол Күз бенен сол Қыз жайлы естелік-

Жүрегім мен Өлеңімнің тынысы.

 

Сол қыз болып еліктірді мені гүл,

Сол гүлдің де, байқағаным, өңі-  мұң.

Таңғажайып түс көремін біз жайлы,

Түс- екінші өмірім.

 

Бас- аяғы бес- ақ күндік жалған- Күз,

Күз- ғұмырдан жарты бақыт таңдармыз.

Біз қосылмай,

Күз де осылай өтеді,

Баянтаудың бауырында қалған қыз.

 

Қос жүректі бір- біріне қоспадық,

Тағдыр тартқан сыбағадан кеш қалып.

Сен ұмыттың...

Бәлкім, бәрін бір күні

мен де ұмытам ең соңғы рет еске алып.

 

 

 

 

           

            *          *          *

Арманым алдайтынын түйсінгем бе, ей?

Ардағым, жанды тербер күйсің нендей?

Өтші мәңгі ғашық боп ғазалыма,

Ажарыңа мен сенің сүйсінгендей.

 

Өлеңдерім- сырыма дерек шығар?

Өлеңдерім- сезімге себеп шығар?

Сені мүлде ұмытып кету үшін,

Өлең жазбай кетуім керек шығар?

 

Екі тағдыр бізді енді бөлек сынар,

Екеумізден есебін, кенет, сұрар.

Сені ұмытып, жыр жазбай кету үшін,

Өмір сүрмей кетуім керек шығар?

 

Қалса- дағы басымнан бағым құлап,

Әсте, ұмыта алмаспын бәрін бірақ.

Күз келгенде ұрғылап терезеңді,

Нөсер болып төгілем жаным жылап.

 

Әлі талай Күз кетіп, Күз келеді,

Елемеспіз бірақ та біздер оны.

Жолықтырған өзіңмен сол Күз қайда,

Сол Күз ғана жанымның іздегені.

 

Сол бір Күзді ойлаймын, ол да аялы,

Ойламауға жүректің болмай әлі.

Ең соңғы жырды жаздым саған арнап,

Ең алғашқы сезіммен сол баяғы...

 

БИ КЕШІНДЕГІ БОЙЖЕТКЕН

Көңілдің биік құзынан жыр құлатылып,

Жүрегімдегі ағылды сыр тұма, тұнық.

Ойымды билеп әкеттің биіңмен әсем,

Бойымды билеп әкеттің мың бұратылып.

 

Керілген кербез кермарал, би кешіндегі,

Биің мен бейнең недеген үйлесімді еді?!

Жүрегің сенің ерніңе әмір берсін де

тербеліп вальс сазымен «сүй!» десін мені,

 

Даламнан ескен самалдай аймала мені.

Құшағыңменен беліңе байла да мені,

Жүрегімді де әкетші гүлдерге орап,

құлпырып, қалқам, көктемдей жайнаған өңі.

 

Сезімім үшін өзгеден ұяламын ба?

Бұл сезіміммен кеудеңе сыя аламын ба?

Меруерттермен мойыныңа өлең жазайын,

Екеуміз ғана қалайық би алаңында.

 

Ерініңдегі еркелік өртеді мені,

Көздегіңдегі құпия елітеді мені...

Есіміңді де айтпастан ғайып боп кеттің,

Күлше қызға ұқсап сол әйбат ертегідегі.

 

Мен сені: «көркі Ғаламнан асқан Ай»,- деппін,

Өзіңді көріп жүректен шашты арай бек Күн.

Ақбоз атыма мініп ап іздеп шығар ем,

Туфлиіңнің сыңарын тастамай кеттің.

 

 

 

 

 

 

            ФОТОГРАФ ҚЫЗ

Сен маған қарауға қысылдың,

мен оны көзіңнен түсіндім.

Ұсындым өзіңе жырымды,

Сен болсаң суретке түсірдің;

Жанымды әуреге түсірдің.

 

Сұлулық тағы алқа тағынды.

От болып,

ток болып тағы ұрды.

Аппарат жарқылы

жүректің

жарқылыменен шағылды.

 

Сол жарқыл қалады есімде,

Суретті сақташы, өшірме!

Сол сурет жалғасын біздерді

 үзіліп кеткенше есіл дем.

 

Сезімді уыздай ұйдыршы!

Жаныңа сәулемді құйдыршы!

Объектив көзіне сыйдырдың,

Жүректің өзіне сыйдыршы!

 

Тек сурет- сөйлетер өткенді,

Өткеннен өртейтін көп белгі.

Жанарың жарқылы жандырды,

Тәңір-ай!

Бір ойым дөп келді.

 

Көңілім тағы да елеңдед,

Көмейге құйылды өлең кеп.

Біздерден ессіздік сезілді,

Білінді сенен де от, менен де от.

 

Кетпедік бірақ та өртеніп,

Басыма қонғанда келте құт.

Сол сурет түсірсін мені еске,

жатқанда түн- мұңды көрпе қып.

 

Мені еске салса егер ғашықтар,

Бойдағы жалының тасып бар,

Көрген сәт қуларды жұптасқан,

Аппарат түймесін басып қал!

 

 

 

     ӘДЕМІ КЕЛІНШЕК

Не болады екен бұл өмір?

Сезімді жырлауға ерінсек.

Сен мендік өмірге күле кір,

Әлемнен әдемі келіншек.

 

Жасымыз алшақтау, несі бар?

Басымыз қосылса, айып па?

Есіңе ал, кеудеме көшіп ал,

Бір күні кетерміз ғайыпқа.

 

Жүзіңде ізі бар жырымның,

Көзіңде- ғаламның келбеті.

Сыңғыры- ай сызылған үніңнің.

Тербеліп кеткендей Жербеті.

 

Ессіздеу жүректің дүрсілі-ай!

Ырғағы емес пе тәтті әннің.

Құлпыртқан даламды гүл- шырай,

Ғашық боп қалуға шақ қалдым.

 

Санамда сайран сап кескінің,

кетіп ең ойран сап өртіңмен,

жүректі қажытып ескі мұң,

айыға алмай жүргенде дертімнен,

Сен келіп айырдың еркімнен...

 

Ысыдым, суыдым, жандым да,

Байқадым емессің серіксіз.

Амалым таусылып алдыңда,

Бөпеңмен ойнадым еріксіз.

 

 

            *          *          *

Бір ақын жүр Алатау баурайында,

Сыр шертіп гүл мен түнге, тал- қайыңға.

Маңдайында- өмірдің дерегі бар,

Өлеңі бар Тәңірінің- таңдайында.

 

Кеудесінен іңкәрлік ақтарылып,

Көкірегінде бөрі-рух жатқан ұлып;

Қалқасын құшқан кезін сағынады Ол,

Сағынад жүрген шағын атқа мініп.

 

Сүйеді Ол- даланың таңғы лебін,

Таңғы лебін, Ғаламның мәңгі демін;

Күздің кейпін іздейді- алаптардан,

Парақтардан іздейді жан-жүрегін.

 

Ол жыр үшін барлығын талақ та еткен,

Жан жыртығын жүрген жан жамап Көкпен.

Махаббат- Періштесі жүрегіне

Жебені емес,

қаламын қадап кеткен.

 

«Сезімсіз жаным нұрға бөленбейді,

Өзіңсіз күн кешуге көнем, мейлі.

Мен өлмеймін ажалдың арбауынан,

Шимайым таусылғанда өлем»,- дейді.

 

Сол бір ақын түсінде Өлең көріп,

оянады, өзіне әрең келіп,

содан кейін кетеді сағым кезіп,

Музаға еріп беймәлім Әлемге еніп...

 

Сағыныштың ағытқан сырына елтіп,

Дейді, бәлкім: «Жүректің үнін өр тұт!»

Бір ақын жүр жыр оқып Алматыда,

Дүбірінің соңынан күбір ертіп.

 

            *          *

Өткен күннің өкініші құрысын!

Өткен күнім- От пен Мұңым. Дұрысы.

Сол Күз бенен сол Қыз жайлы естелік-

Жүрегім мен Өлеңімнің тынысы.

 

Сол қыз болып еліктірді мені гүл,

Сол гүлдің де, байқағаным, өңі-  мұң.

Таңғажайып түс көремін біз жайлы,

Түс- екінші өмірім.

 

Бас- аяғы бес- ақ күндік жалған- Күз,

Күз- ғұмырдан жарты бақыт таңдармыз.

Біз қосылмай,

Күз де осылай өтеді,

Баянтаудың бауырында қалған қыз.

 

Қос жүректі бір- біріне қоспадық,

Тағдыр тартқан сыбағадан кеш қалып.

Сен ұмыттың...

Бәлкім, бәрін бір күні

мен де ұмытам ең соңғы рет еске алып.

 

 

 

 

            КҮНТІЗБЕ

Мұңаяды жүрегім үнсіз менің.

Мұңайғаным- жыр өріп, сыр тізгенім.

Санай- санай күндерді сенсіз өткен,

Беті қалды жұқарып күнтізбенің.

 

Құстар кетті тағы да шырқап әнін;

Күнтізбеден күп- күрең мұң табамын.

Бір парағын жыртамын қиналмай- ақ,

Қол бармайды жыртуға бір парағын.

 

Бір күн таттым ащыны, бір күн ұтсам,

Қалды содан парақтар жыртылып сан:

Бір парақпен жыртылып жарты бағым,

Бір парақпен кеткендей күлкім, ұқсам.

 

Бір парақта кешегім жылап барад,

Бір парақта бүгінім сыр ақтарад,

Бір парақта ертеңім...

Не болады?

Қалған кезде ең соңғы бір- ақ парақ.

 

Мына бір күн тергенбіз сағымнан гүл,

Мына күні айырған барымнан кім?

Ұмытып сені мүлдем мына күні,

Мын бір күн- сені өле сағынған күн...

 

Көңіл- күйім болмай жүр таң атқалы,

Секунд...

Минут...

Шаршатты. Сағат- бәрі...

Баратқандай жұлмалап жүрегімді,

Күнтізбенің жоғалған парақтары.

 

Оралады ойыма жиі ақ гүлім,

Қалай ғана кеудеме сыяд мұңым.

Өзім жыртқан бір- бірлеп өз қолыммен,

Сол жұқарған күнтізбе сияқтымын.

 

            *          *          *

Арманым алдайтынын түйсінгем бе, ей?

Ардағым, жанды тербер күйсің нендей?

Өтші мәңгі ғашық боп ғазалыма,

Ажарыңа мен сенің сүйсінгендей.

 

Өлеңдерім- сырыма дерек шығар?

Өлеңдерім- сезімге себеп шығар?

Сені мүлде ұмытып кету үшін,

Өлең жазбай кетуім керек шығар?

 

Екі тағдыр бізді енді бөлек сынар,

Екеумізден есебін, кенет, сұрар.

Сені ұмытып, жыр жазбай кету үшін,

Өмір сүрмей кетуім керек шығар?

 

Қалса- дағы басымнан бағым құлап,

Әсте, ұмыта алмаспын бәрін бірақ.

Күз келгенде ұрғылап терезеңді,

Нөсер болып төгілем жаным жылап.

 

Әлі талай Күз кетіп, Күз келеді,

Елемеспіз бірақ та біздер оны.

Жолықтырған өзіңмен сол Күз қайда,

Сол Күз ғана жанымның іздегені.

 

Сол бір Күзді ойлаймын, ол да аялы,

Ойламауға жүректің болмай әлі.

Ең соңғы жырды жаздым саған арнап,

Ең алғашқы сезіммен сол баяғы...

 

 

Ақын

Ақын...

Ақын- екі әлемнің иесі:

Бірі- сезім.

Бірі- өлеңнің киесі.

Өмірді ойлап бөлінеді сан саққа,

жыр жалыннан жаратылған жиі есім.

 

Өлең өрем. Ол- жанымның бір емі,

Есік ашсын алтын- сарай жыр елі.

Шайыр...

Шайыр- Жаратқанның Жердегі,

Қара өлеңнен қуат алған ҚҰЛЫ еді.

 

Жүрегімнің өлең атты кен іші,

Қиыстырар қиындардан Ер ісі.

Ұзан...

Ұзан- тәңірінің Көктегі,

Планеталар парадының ПЕРІСІ:

 

Мойынымда қиял деген жүк те тұр,

Ақын...

Ақын-(Құлағыңды тік те отыр!)

Адам менен Паріштенің арасын,

Жалғап тұрған Ұлы аспани нық КӨПІР.

 

Мөлдір ме еді жан- дүнием, тұныр па ед?

Асыл- МУЗА!

Жүрегімді жылыт кеп.

Сезім менен жырсыз өткен күндерім,

құрып кет!!!

16.04.12.

«208»

 

Жігерлену

Әкеме

Көрші ауылдан тай әкеп баптады әкем,

Ерттеді, отырғызды атқа бекем.

Біраз ұзап алыстым ауыздықпен,

Әкем айтты: «Мен сені мақтан етем».

 

Кенет, тай ала қашты, қауіп құштым,

Басын тарттым, дәрмені жоқ тауық- күштің.

Тақым түгіл ат басын игере алмай,

Тай үстінен ауып түстім.

 

Ұялдым, осы ерге жараспайды,

Белім бос, бұған ешкім таласпайды.

Ұрысты әкем.

Сол тайға өзі мінді...

Иә, әлсіздік өмірде бақ ашпайды.

 

Бұл үшін, әке, өтінем, намыстанба,

Төтеп берем өмірлік ағыстарға.

Тайға тақым баса алмай құласам да,

Жетемін талай- талай табыстарға.

 

Намыс қысып жігерлендірсе ақын ұлды,

Құп алам, әке, сенің ақылыңды.

Есте сақта, тайдан мен құласам да,

Өмірде босатпаспын тақымымды.

 

 

Туған жер

Қуат алып өзіңнен, шабыттанам,

Абат ауыл, туған жер, мекенім гүл.

Әрбір түйір тасы да мамық маған,

Дүниедегі жұмағым- Лекерімнің.

 

Өтті өзіңде бал күнім, балғын күнім.

Асық ойнап, алаңсыз асыр салып.

Шақалағың ер жетіп қалды бүгін,

Толғанады, толғайды ақынша анық.

 

Тебіренем...

Тыңда, Көк! Тыңда, Ғалам!

Туған жердің топырағы ғажап Ұлы.

Алғаш үнім шыққан жер іңгалаған-

менің туған ауылым қажы ауылы.

 

Шәрбат суың- анамның нәр ақ ары,

дәмі мәңгі кетпейтін таңдайымнан.

Самал желің- әкемнің алақаны,

құлыным деп сыйпаған маңдайымнан.

 

Түнгі аспаның бір керім, дара таңың.

Мен өзіңе алапат күшті қиям.

Қанаттары қатайған балапанын,

Қия шыңға ұшырған ыстық ұям.

 

Бұл ұлыңа зор сенім артасың да,

Үмітімді ақтайтын еңселім деп.

Бір нүктесің әлемнің картасында,

Жүректегі орныңда өлшемің жоқ.

16.01.12.

«Лекерде»

 

 

Қарағанды

Арман қуып келдім мен саяңа бұл,

Жолын жалғап кешегі даналардың.

Үмітін артып жіберді Баянауыл,

Жатсына көрме ұлыңды, Қарағандым.

 

Әуенімен желпініп арман әннің,

Жыр- айдында келемін жүзіп алға.

Топырағын бастым мен сар далаңның,

Әлихан мен Мәдидің ізі қалған.

 

Бұл ұлыңды асқарға түлет енді,

Жыр шыңына жетем деп талаптанған.

Жалын жырдың жүйрігі Жұмекен де,

Қарағанды, өзіңде қанаттанған.

 

Көкейіне тұма жыр тұна қалған,

«Сайтан ұлдың», қарт қала, арынын көр.

Серік ағам өзіңнен қуат алған,

Қарағанды, маған да жалының бер.

 

Алтын ұя өзіңсің аядай бір,

Ғашық жандай ынтығам саған әр күн.

Құлынын баптап жіберді Баянауыл,

Аламанға өзің қос, Қарағанды.

16.01.12.

«Лекерде»

 

 Балдәурен балалық шақ

Сәби көңіл- тұнық көл лайланбаған.

Тұсауым ештеңеге байланбаған.

Мәз болар асық ойнап ұтса егер де,

Қуанып киім алса жайнаңдаған-

Балалықты ұмыту қайдан маған.

 

Бөбек сезім, ақ қиял, асау арман,

Қол жетпес ақша бұлттан жасап алған.

Доп тебісіп, шаң жұтқан балғын күндер,

Сәтің бар ма көңілімнен таса қалған.

 

Өлеңім тасқындата ақшы бүгін,

Көңілге балалықтың тақшы гүлін.

Естен кетпес алысып, жұлысқаным,

Естен кетпес тұлпарым- ат шыбығым.

 

Жыр жазады кестелеп саналы ұлың,

Ешкімге жоқ жамандық, алалығым.

Қайта айналып келмейсің өкінішті,

Оты күшті балдәурен балалығым.

 

Студент cөзі

Білімді ұрпақ, алға жол ашатын- біз,

Бойда жанған шамшырақ- арман сөнбен.

Ағалардың артынан басатын да із,

Біз- бүгіннің жастары, Мағжан сенген.

 

Құяр барып теңізге «Ғылым» деген,

«Білім» деген өзеннің арнасымыз.

Арпалыста түнекпен бүгілмеген,

Жүсіпбек пен Жақыптың жалғасы- біз.

 

Бөрі даусы сақталған көкіректе,

Жүректерде сайраған Алаш үні.

Біздер, жанған алаулап оты көкте,

Ана тіл мен Ұлттық Рух жанашыры.

 

Біз- бүгінгі қоғамның Абаданы,

Деме бізге: «ұлтыңның киесін үз!»

Ат үстінде қорғаған бабаларым,

Біздер, мына даланың иесіміз.

 

Қыран- жастар бүгінде азат толық,

Күнге қанат жаяды, ұмтылады.

Өйткені біз жаралдық ҚАЗАҚ болып,

бойымызда тулаған Түркі қаны...

27.02.12.

«Қарғандыда»

 

Қараусыз қарттың монологы

Жоғалған заңымен заманның,

Қалайша бағымды табармын?

Еркін боп ер жеткен Ер едім,

Қарттардың үйіне қамалдым.

 

Мұңымды шағамын, біл, көкем,

Болдым ба балама тұл бөтен?

Бірге ойнап, бірге өскен құрдасым,

Ауылда күңкілдеп жүр ме екен?!

 

Есікке қараймын елеңдеп,

Ұлымды күтемін келер деп.

«Атам»,- деп, иіліп сәлем сап,

Келінім шай құйып берер ме ед!

 

Қартайдым барымнан арылдым,

Жүректе шын нала, жаным- мұң.

Еркелеп асылған мойныма,

Немерем иісін сағындым.

 

Қандай күн құшағын жаяды,

Басымда жастық жоқ баяғы.

Тірліктен баз кешіп кетемін,

Тоналған бағы мен баяны.

 

Жүргенім мұңданып, тұнжырап,

Жүрегім күніге мың жылап.

Қыран деп ұшырғам қияға-

ішімнен шыққан ба сұр жылан.

 

Қайтемін, келмесе келмесін,

(Тек қана арулап жерлесін!)

Әкесін жылатқан бұл ұлым,

ұлынан қиянат көрмесін!

 

02.03.12.

«Қарағандыда»

 

Ай-қасқа

Жүйткитін аламан жарыста,

Еш қара озбаған туғалы.

Жебедей атылған алысқа,

Ай- қасқа тағы да зулады.

 

Құйғытып хас тұлпар келді әні,

Көз алдын, мәрені шаң қылып.

Қамшы сап: «Шүу» десең болғаны,

Жүйрікке тек озу заңдылық.

 

Тарпып кеп, тоқтады жырақ ол,

Шулады қиқулап кісі көп.

Сілкінді мұңдана құба бел,

Құлагер тұрғандай кісінеп.

 

Таң қылған қауымның талайын,

Шабатын тұяқтан жай тастап.

«Айхойлап» кетіп ед ағайын,

кенеттен, құлады Ай- қасқа.

 

Тұлпарға тек Пегас тең еді,

Пырақ ед арымас киесі.

Кетті өліп дүр асау, себебі,

дәрімен егіпті иесі.

 

Ерді адам шайтанның соңында,

Тігілген бәйгеге қызығып.

Темір- ат сүйретіп, оның да,

кетіпті өмірі үзіліп.

 

Аспаннан қара бұлт төнді кеп,

Төре Күн қызара бұғады:

Тағы бір Құлагар өлді деп,

 

Мезгілді айыптау

Жүрек күдікшіл боп алды,

Тек өзің жайлы түс көріп.

Сезімім мүлде тоналды,

Баянауылға қыс келіп.

 

Үмітімменен жараспай,

Мұңменен жүрмін арбасып.

Жоғалған құты ағаштай,

Көңілімді қалды қар басып.

 

Жүрекке тұнды шер неге?

Махаббатымыз тұнық-ты.

Орнап ап аяз кеудеге,

Сезімімізді суытты.

 

Бір кездер ынтық бізді енді,

күтпейді құшақ жайып бақ.

Өзіңнен күдер үзгем-ді.

Мен қысты жүрмін айыптап.

 

Белгісіз қалып дерегі,

Мәнсіздеу болды қайырмам.

Жек көрем қысты, себебі,

Сол қыс қой бізді айырған.

05.01.12.

«208»

 

Тек қана жыламашы

Келбетіңе тамсанған сері Күнді,

Көргеніңде мені ойла алып- ұшқан.

Ай сәулесі сүйгенде ерініңді,

Мен деп ойла өртенген сағыныштан.

 

«Сағындым сені, Асылым, кел»,- дегенде,

Менің көңіл- өлкемнің таңы боп күл.

Жүрегіңді мұңды әуен тербегенде,

Менің ғашық жанымның әні деп біл.

 

Біреу өлең оқыса төкпелетіп,

Ол менің жазылмаған тәтті өлеңім.

Түсіңе егер енбесем өкпелетіп,

Ұмыта көрме, Асылым, сәтке мені.

 

Құшағыма еркелеп құлап кірші,

Сезімімнің ең берік тірегі бол.

Тықылына сағаттың құлақ түрші,

Сені аңсап дүрсілдеген жүрегім ол.

 

Қуанайын періште, бала сынды,

өртесінші жанымды жалын демің.

Ғашықтарды көргенде жарасымды,

Асылым, сағын мені...

Тек қана жыламашы...

...Тек қана жыламашы!

08.02.12

«Қарағандыда»

 

 

 

 

Жаза алмай жүрген жырым…

Шағала- көңіл шуласын,

Тыныштық оған лайық па ед?

Бұрқанып, тасып, туласын,

Бойымда қаным Жайық боп.

 

Мұңданып, еркем, жүрсің бе?

Моншақтап мөлт- мөлт көз жасың.

Жүрегім, қатты күрсін де,

Мұңымды селкіп қозғашы.

 

Өзгені ойға аласың,

Ол саған, еркем, жат бірақ.

Соғады жүрек шарасыз,

Кеудемді ұрып қаттырақ.

 

Мазамды алады түнгі үміт,

Жаныма алған мекендеп.

Шығыстан шықса Күн күліп,

Қуанам өзің екен деп.

 

Арамыз біздің тым алыс,

Араша мұңға ұялым.

Сағынып сені жылады іш,

өзіңді құшып қиялым.

 

Дәру боп дертке емдегін,

Сенделді сезім тынымсыз.

Шығыстың қызы, сен менің,

Жаза алмай жүрген жырымсың.

14.02.12.

«Қарағандыда»

 

 

Қызғаныш

Жүзімде қалмад жайдары із,

Жолыққан саған қайда Күз.

Дәл сендей сұлу болған- ау,

Жұматай сүйген Ләйлә қыз.

 

Өртеген ыстық құшағы от,

Біздерді сезім тұсап ед.

Сол Күзді аңсап жүрегім,

Мен кеттім Қыстан құса боп.

 

Шынайы сырды ақтаршы,

Жолдаған өлең- хатты алшы.

Өмір сүр жырларымда тек,

Мәңгілік МУЗАм боп қалшы.

 

Күнәмді менің кештің бе?!

Түсіндім бәрін кеш мүлде...

Мен сүйе алмаған ерніңді,

Сүйгізбеші, еркем, ешкімге!

21.02.12.

«Қарағандыда»

 

Көктем келді

Алақанда аялап гүл құшып ем,

Ала таңда оянам жыр күшімен.

Сызылтып әнін салған махаббаттың,

Көктем келді қалама жыл құсымен.

 

Арайлап атқан таңды өлең етем,

Арай- бақ жандарға нұр береді екен.

Даланың көк белін Күн сүйген құшып,

Қаланың көктемі тым бөлек екен.

 

Көктем келіп жанды мұң шаншылады,

өткенге ерік бергенде ән сыңарым.

Жүдеген жүрегімнің лүпіліндей,

Тереземді ұрар мұз тамшылары.

 

Кетпей қойды басымнан мұң айланып,

Келсе де көктем күліп, шырайланып.

Жатыр менің үмітім ақ қар сынды,

Табандардың астында лайланып.

 

Салса- дағы жүректі әуресіне,

Мені көктем орады сәлдесіне.

Қысқы аязда мұз қатып, суып қалған,

Жылынды жаным Күннің сәулесіне.

 

Өмірімде қалып қойған өткен белгі,

Жанымның мұзы еріді көптен бергі...

Жаңы сезім оянды жүрегімде,

Көңіліме Көктем келді.

 

P.S.  Мен тағы ғашықпын!!!

 

07.03.12.

«208»

 

Cағыныш

Адамның бақыты өлшеулі,

Неліктен? Білмеймін!

Көтертпей бір уақ еңсемді

басады зілдей мұң.

 

Асылым, сағынбау қолымнан

келмейді. Қайтемін?!

Ғашығым, барайын соңыңнан,

Жанымның айт емін!

 

Түйіспес енді еш кез нүктеде

Жолымыз- параллель.

Сағынған, зауқы жоқ түкке де-

жүрегі жаралы ер.

 

Алыста сағынып әрең жүр,

Ақынның бойы ызғар.

Қабыл ал жазамын сәлем- жыр,

Хабаршы пойыздар.

 

Ойға алам күндерді бірге өткен,

Жүректе сабылыс.

Тағы да өңірде- гүл көктем,

көңілде- сағыныш...

15.03.12.

«Қарағандыда»

 

Саябақта

Саябақта...

Ақ қайыңды келемін саялап пәк.

Ақ қанатты періште алдымнан кеп,

Кел дегендей құшағын жаяды аппақ.

 

Көз ілді бақ,

Мұңдана кеткендіктен сезім жылап.

Атыңды ән қып ақ гүлдер тербеледі,

Жоқсың менің қасымда өзің, бірақ.

 

Жанар өшпей,

Естелік боп ақ жүзің қалады есте.

Қол ұстасқан екі жас саябақта,

Махаббатым, өзіңді салады еске.

 

Жаным- актер,

Бұйыра ма сахнада бағыма ақ төр?

Жалғыз жүріп осы ойды серік еттім,

Шырқалмады көңілді әнім, әттең!

 

Жыр- от жана,

Көңілімде, неліктен, түнек, нала?!

Сол сезімнен, Асылым,  қалғаны тек:

Жеті әріп жазылған жүрек қана.

07.04.12.

«Алматыда»

 

Қайырлы түн!

Мұңайтады сенсіз өткен кезім кей,

Қалай жүрем, сезіміңді сезінбей?

Тағы да түн- тағы да мұң.

Жыр жазам

қайырлы түн тілеп саған көз ілмей.

 

Ақ төсекте тынши алмай жатады ой,

Сағынышым, тағдыр мұңы қатал, ей!

Қайырлы түн!

Кірпіктерің айқасып,

Түс- әлемнің тереңіне бата ғой!

 

Жанарыңнан жатсам жұмбақ сыр ұғып,

Терезеңе қояр ма едім гүл іліп.

Қайырлы түн!

Ұйықташы, Ақ Еркем,

Сәулесіне Аппақ Айдың жылынып.

 

Махаббаттың таза, мөлдір жолы- құт.

Менің жүдеу жүрегіме бол үміт.

Қайырлы түн!

Тәтті ұйықта, кәусарым,

Жұлдыздардың шапағына шомылып.

 

Жырларымнан лағыл- алқа тағынып,

Түн көрпесін қымтанып ал жамылып.

Қайырлы түн!

Көзіңді жұм, Күн қызы,

Шерлі аспанның мөлдіріне малынып.

 

...Қайырлы түн!

11.04.12.

«Қарағандыда»

 

М-ға

Тұрмайтын тоқтап орында,

Өмірлік қатты ағыс тым.

Кездейсоқ, өнер жолында,

Гүлдей бір қызбен таныстым.

 

Кім маған айып тағады?

Тілдессем қызбен аяулы.

Мөлдіреп тұрған жанары,

Сұлуы екен Баянның.

 

Алмадай беті үлбір шын,

Сол қыздан жайын сұрадым.

Құрбы бопсыңдар- бүлдіршін,

Тағдыр, болар-ау сірә бұл!

 

Сен жайлы айттым сырымды:

Сағынам дедім әлі де.

Бұлыңғыр күннің бұрынғы,

Оралды ойға бәрі де.

 

(Басталған Күзгі сол күннен,

әр сәттен мөлдір терем мұң).

Сол қызға оқып бердім мен,

Сен жайлы жазған өлеңді.

 

Қоштасар жетті кез енді,

Бетінен сүйдім: «Сау бол!» деп.

Жақұт- жанарлы, бөз- өңді,

Жаныма сол қыз салды өрнек.

 

Миыма мың ой сыйа алмай,

Баса алмай жүрек құрғырды.

Шығарым сап тұрдым қия алмай,

Сені емес, сенің құрбыңды.

16.04.12.

«208»

Жаныма шуақ енсін,

Бермейді таң да тыным.

Сезіміме куәгер шын,

Көктемі Алматының.

 

Ақ сезім- кие мұң ба ед?

Күй толды жан- отауға.

Мен оны сүйемін деп,

Сыр аштым Алатауға.

 

Аспанға жаттым ән сап,

Күз болды көктем- өңім.

Қиялға баттым аңсап,

Басында Көктөбенің.

 

Қандай ән есітпекпін?

Бере алмай таңға шырай.

Тәтті мұң кешіп кеттім,

Алматы алмасындай.

 

Керемет! Сезім келіп,

Жаныма Жұмақ құрды.

Кетерде өзің болып,

Алматы жылап тұрды.

 

Жүректің сыр, мұңымен,

Ақылды тұсап, көміп.

Келемін бір күні мен,

Гүлдерге құшақ толып.

 

 

Алыспыз. Өкінішім,

Таусылды тағат күтіп.

Өзіңе жету үшін

кетсе екен қанат бітіп!

18.04.12.

«Қарағандыда»

 

 

А-ға

Шашың сенің жұлдызы жоқ қара түн,

Жырға қосқан қара орман деп бар ақын.

Жайғаныңда қалың қолаң шашыңды

Қарлығаш па дедім жайған қанатын.

 

Күн нұрының шапағындай жанарың,

Сынық Айды салады еске қабағың.

Жету үшін бір өзіңе шынардай,

Барлық жолдың бұзып өтем қамалын.

 

Көңіліңнің оқырманы оқыр көп,

Жүрегімнен барсын жырым өкіл боп.

Екеумізді жалғап тұрған ұялы,

Сезімдерді жалғай- тұғын көпір жоқ.

 

Көздерімді көздеріңе айна ғып,

Мендік сырды түнгі аспанда Айдан ұқ.

Босат мені қара меңді- қара қыз,

Бұрымыңа қалғандаймын байланып.