«Қоянды» жәрмеңкесі – Арқаның думан-базары

«Базарың құтты болсын, ардақты елім,

Қоянды ту көтерген думан жерім.

Қарқаралы, сұлу Көкше – жер шоқтығы

Сарыарқа – алтын асу, асқар белім»-,

деп Біржан сал әнге қосқан Қоянды жәрмеңкесі біздің өлкемізде болған. Бір заманда ата – бабаларымыздың еркін өмірінің куәсі болған Арқадағы Қоянды жәрмеңкесінің ел тарихынан алатын орны ерекше. Жәрмеңкенің негізін қалаушы -  Серафим Ботов. Ол Ресейдің Ялуторов қаласындағы Демидовтар зауытындағы жұмысын қойып, саудамен айналысқан. Ұлы Петр патшаның: «Қыпшақ даласы біздің шығысқа қарай шығатын үлкен қақпамыз болға тиіс» - , деген өсиетін іске асырушының  бірі ретінде атағын шығаруды көздегенмен, қартайып дүниеден өтеді. Дегенмен әкесінің көздеген мақсатын пысық ұлы Варнава Ботов жүзеге асырады. Алғашқы кезде ол Омбы, Қызылжар қалаларына, 1847 жылы Қытайдағы Құлжаға дейін барған. Саудасы сәтті дөңгеленген ол басқа байлармен келісіп, келер жылы Қарқаралы маңына Талды өзені бойында кездесуге уәделесіп кері қайтады. 1848 жылы он лауға көп дүние тиеген Варнава мамыр айының ортасында Қарқаралы қаласынан санағанда екінші бекет болып табылатын 50 шақырым жердегі Қояндыға жетіп тоқтаған. Алдымен айна тарақ, иіс май, ине – жіп, түйме, аттың тағасы мен шегесі тәрізді ұсақ – түйектерін сатып, күткен адамдары көрінбеген соң үлкен теңдерін ашқан. Онда қыр қазақтары үшін қат, қомақты заттар, ыдыс – аяқ, қазан, самауыр, шөп шабатын, іс тігетін машиналар, киім – кешек, тай - тай кездеме маталар, кілемдер болған. Саудасы қызып, келесі жылы тағы келуге уәде беріп аттанған В. Ботовтың есімі халық арасында Барнай,  Ботап деген атпен жайылады. Оның келуі жыл сайын қайталанып, жәрмеңке қалыптасу кезеңінен өткен. Алғашында 15 мамырдан 15 маусымға дейін жұмыс істеген. Базарға түскен басты тауар мал болған. 1 айда мұңда жарты миллионға дейін қой, 200000 дейін жылқы мен сиыр әкелінген. Ең далада мал бағудан басқа кәсіппен айналыспаған қазақтар бар керегін осы жәрмеңкеден тапқан. 1869 жылы Қояндыға «Ботов жәрмеңкесі» деген ресми атақ беріледі. Жәрмеңке барысында ұзыннан төрт қатар сауда орындары сап түзейді. Ішкі қатарда орыс көпестері мен Сібір саудагерлері, бұлардың сыртында қытайлар мен өзбектер сауда жасаған. Шеттегі киіз үйлерде қазақ байлары қымыз сатқызады. Жәрмеңкеге басшылық жасайтын комитет, телеграф, почта, банк, полиция, сот, адам және мал дәрігерлері де осы жерде болған. Қазан төңкерісінен кейін Семей облыстық атқару комитеті 1918 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен жәрмеңкені «Қоянды жәрмеңкесі» деп атап, оны Кеңес өкіметінің қарамағына беру және сауданы маусымның басынан шілденің басына дейін жүргізуге шешім қабылдаған. 5 жылдай жәрмеңке өтпей қалған. 1923 – 1930 жылдар аралығында қайта жұмыс жасаған. Жәрмеңке тек сауда орталығы ғана емес,исі қазақтың өнер мен рухани дүниесінің гүлденген шағының көрмесі болып танылған. Мұнда Жанақ, Абай, Шөже, Тәттімбет, Нығмет Мұхамбетқали, Жақып, Әлихан,Ахмет, Жүсіпбек Мұхтар, Угар т.б болған. Әміре, Қали, Ғаббас, Майра, Мәди, Жақыпбек, Жүсіпбектер ән шырқаса, сал Біржан жәрмеңке думанын бастап ашқан. Қалибек, Иса, Балуан Шолақ пен Қажымұқандар өнерлерін танытқан. Атақты «Қарқаралы петициясы» да осында жазылған. Арқа өңірінде 82 жыл дүрілдеген жәрмеңке үлкен нәубет алдында 1930 жылы жабылған. Қазіргі уақытта ауыл ішінде тас қойманың қабырғалары ғана қалған. Жәрмеңке туралы С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мүсіреповтің «Атақты әнші Майра», С.Ләмбековтің «Арқадағы Қоянды жәрмеңкесі» еңбектерінен тауып оқуға болады. Таяуда сол жәрмеңкеден сатып алынған ағаш кебежені Абай ауылының тұрғындары Егіндібұлақ басындағы мұражайға тапсырғанын «Орталық Қазақстан» газетінен оқыдық. Жәрмеңке  болған жерден табылған ескі тиын –монеталарды да мұражайдан көруге болады. Қарқаралы, Егіндібұлақ өңірі Қоянды жәрмеңкесінің 150, 170 жылдықтарын өнер мерекесі ретінде атап өтті. Бұл өнер  мерекесіне Мәскеуде тұратын Ботовтың  ұрпақтары да қатысқан.

 

Көпшілік оқырмандарға қызмет көрсету секторы  Ахмадиева.А.С.